ОҚУШЫЛАР ҚУАНЫШЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 578
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңа оқу жылында №11 мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілуі дәулеттік тұрғындардың қуанышын көл-көсір етті. Жалпы құны 1 млрд. 594 мың теңгені құраған 3 қабатты 300 орынды жаңа мектептің табалдырығын 536 оқушы аттаса, олардың қатарында 69 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданған.

 


Білім күнінде мектептің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Шарада аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы сөз алып, жұртшылықты жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. – Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың алаңсыз, жайлы да жарық мектепте толыққанды білім алуы үшін мемлекетімізде білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. Соның ішінде үшауысымды мектептерді жоюға күш салынуда. Алдағы жылдары ауданымызда тағы да жаңа мектептер салу жоспарлануда, – деді.

Салтанатты шарада мектеп құрылысын аяқтаған мердігер компания «Фирма Еламан» ЖШС-нің бас инженері Асылбек Омарханов жаңа ғимараттың кілтін №11мектептің директоры Бақыт Елшібаеваға табыс етті. Ауыл ақсақалы Сапарғазы Сұлтанғазин ақ батасын беріп, әдеттегідей жаңа ғимараттың лентасы қиылып, шашу шашылды.

Жаңа оқу жылының алғашқы күнін заманауи үлгіде салынған мектепте бастаған балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанды.

Аталған білім ошағының материалдық базасы толық жабдықталған. Спорт залы, акт залы жасақталған. Мектептің айналасы көз сүйсінерліктей етіп көгалдандырылған. Сондай-ақ, мектеп жанынан 25 балаға арналған шағын орталықтың да іске қосылғандығы ауыл тұрғындарын ерекше қуантты.

Ұлбосын ИСАБЕК