СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 567
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетіген ауылында №34 орта мектептің жапсаржайы уақытында салынып, Білім күні есігін айқара ашты.


Құрылысы сәтті аяқталған білім ордасының жап-жаңа дәліздері, баспалдақтары оқушыларға әдемі көңіл-күй сыйлады. Мұнда енді 300 оқушы оқитын болады. Осылайша барлығы екі мектепті қосқанда 600 баланы қамтиды. Енді балдырғандар үшауысымды артқа тастап, екіауысымдық жүйеде оқитын болады. Бұл ата-аналар мен ұстаздар үшін де зор қуаныш. 

Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың айтуынша, ауданда әлі де он балабақша ашылмақ. Сонымен қатар, үшауысымды оқу жүйесін жою басты назарға алынған. 

Салтанатты шарада  мектеп құрылысына жауапты мердігер компания «Альтаир» ЖШС-нің басшысы мектеп директоры Балия Абдуллаеваға жаңа жапсаржайдың кілтін салтанатты түрде табыстады. Жылы тілектер айтылып, алғашқы қоңырау да соғылды. Мектеп ішіндегі кабинеттер, дәліз, асхана, спорт залы, акт залы көздің жауын алады. Қабырғаларға оқу ақпараттары, табиғат бейнеленген әдемі картиналар да ілінген. 

Жалпы алғанда аудан бойынша 50 мектеп бар, оның екеуі жекеменшік. Көшіп келушілердің артуына орай ауданда оқушылар саны да көбейіп отыр. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде 6850 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Аудан көлемінде барлығы 56 мың оқушы бар. Осылайша жекеменшік мектептердің ашылуы үлкен сұраныс тудырып отыр. Солардың алғашқысы Покровка ауылында 220 орынды жекеменшік білім ошағы ашылып, жұмысын бастады. Келесі 450 орынды жекеменшік мектеп Байсерке ауылында ашылмақ.

Мақпал МЫСА