ШӘКІРТТЕР ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 644
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білім күні қарсаңында Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Жансүгіров колледжінің ашылу салтанаты өтті. Оған оқытушылар мен ата-аналар, қайта ашылып отырған білім шаңырағының алғашқы шәкірттері қатысты. 


Жансүгіров колледжі 10 мамандық,18 біліктілік бойынша студенттерді қабылдап, оқу жылын табысты бастап отыр. 200 шәкірт білім беру грантын иеленсе, 70 білімгер ақылы негізде оқуға қабылдануда. 

Уақыт талабына сай университет үлгісінде сапалы білім беруді алға қойып отырған оқу шаңырағының ашылу салтанатында колледж директоры Марат Мәлтекбасов сөз алып, алғаш студент атанып отырған жастарды құттықтады. Ұстаздардың да алдағы жұмысына табыс тілеп, осы оқу орнына балаларын сеніп тапсырып отырған ата-аналарға ризашылығын жеткізді. 

Шара барысында сөз алған «Айналайын» балалар үйі директорының орынбасары Жамал Баймадиева осы оқу орнына төрт бірдей тәрбиеленушісін әкеліп отырғанын қуанышпен жеткізді.

– Биыл жеті баламызды  Жетісу мемлекеттік университетіне табыстап отырмыз. Олардың үшеуі университетте, төртеуі осы оқу шаңырағына қатысты бүгін салтанатты түрде шәкірттерін қабылдап жатқан колледж табалдырығын аттап отыр. Біздің балаларымыздың заман талабына сай білім беретін  оқу ордасына қабылданып отырғанына қуаныштымыз. Мұнда бүгінгі сұраныстағы мұғалім, тәрбиеші, аудармашы сынды мамандықтарды оқытады. Жаңа ашылып отырған колледждің жұмысына толайым табыс тілейміз, – деді.   

Бұдан соң колледждің алғашқы шәкірттері жылы лебіздерін білдіріп, ән-шашуын тарту етті. Білім алатын топтарына барып, алғашқы дәрістерін де тыңдады. Осылайша өздері таңдаған мамандық сырын меңгеруді бастап та кетті.

А. ТОПАНТАЙҚЫЗЫ