АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 780
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Гүлдала ауылында 10 мыңнан астам тұрғын мекендейді. Биылғы жылдың мамыр айында орталықтағы Сейфуллин көшесінде саяжол (аллея) құрылысы басталған еді. Құрылысты бас мердігер «Арыстан құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасап, үш айдың ішінде ел игілігіне берді.


Ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Көшелердің асфальтталуымен қатар, аулалар мен балаларға жайлы ойын алаңдарын жасауда белсенділік бар. Бүгінгі саяжолдың ашылуы соның бір жарқын дәлелі болса керек, – деген аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы жаңа саяжолдың ашылуымен жиылған дүйім жұртты құттықтады. Сөз соңында мердігер компанияның техникалық директоры Дүйсенғали Арыстанбековті Алғыс хатпен марапаттады. 

Сөз алған ауылдық аналар алқасының төрайымы, көпбалалы ана Ләззат Кәріпжанова:
– Балаларымыздың емін-еркін әрі алаңсыз ойнауына осындай мүмкіндік жасап берген іскер азаматтарға алғысымыз шексіз. Қаланың іргесінде тұратындығымызды дәлелдейтін жарқын істер жалғасын таба берсін. Осы жұмыстың жүзеге асуына мұрындық болған шеберқол құрылысшылар мен ауыл әкімі Мақсат Маханбетқалиға ризашылығымызды білдіреміз. «Ауылына қарап – азаматын таны» деген осы болар, – деді. 

Ұзындығы 220 метрлік саяжолдың құрылысына жергілікті бюджеттен 19 млн. 555 мың теңге бөлінген. Саяжол бойына бірнеше жасыл желекті ағаш түрлері отырғызылып, көз жауын алар әсем гүлдер егілген. Серуендеу аумағына заманауи түрлі түсті тас төсеніштер төселсе, балалардың ойын алаңдарына жұмсақ қызыл түсті резеңке төсеніштер мен жасанды жасыл шөп төселген екен.

Аталған саяжолда балалар ойнайтын алаңға қоса, спорттық құрылғылар, серуендеушілер тынығатын жайлы орындықтар орналастырылған. Сонымен қатар, көз сүйсінерлік заманауи электр диодты жарық шамдары түнгі саяжолдың самаладай жарқырауын қамтамасыз етуде. Жалпы саны 18 орындық, 15 қоқыс жәшігі, 4 алтыбақан, 2 ойын қалашығы, 1 сырғанақ,    5 тренажер қойылған саяжолдың эскиздік суреттері мен сметалық жобасын «Фламинго» ЖШС жасаған екен. 

Көшеге көрік беріп, көңілге қуаныш сыйлайтын саяжолдың лентасын аудан әкімі Рыскелді Сатбаев пен ауыл ақсақалы Азат Құрбанов қиып, шашу шашылды. Тайлы-таяғымен жиылған жұрт құтты болсын айтысып, өзара мәре-сәре болса, ойын алаңдарында шуылдасқан балалардың шат-шадыман күлкілері аспан көгінде қалықтап жатты. 

Ұлбосын ИСАБЕК