ӨРКЕНДЕУ НЕГІЗІ

Уақыты: 04.09.2019
Оқылды: 681
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен  Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»  атты Жолдауын жүзеге  асыру барысы талқыланды.


Жиында еліміздің алда атқарылуы тиіс шаралары кеңінен сөз болды. Бұл орайда, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың баяндамасы тыңдалды. Ол:  «2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіледі.  Үнемделген қаражат  пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. Сонымен, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25 процентке дейін қысқаратын болады», — деді Ә. Смайылов.  

Селекторлық жиында жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында Ұлттық қордан 100 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінгені, осы жылдың соңына дейін микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге салық төлеуден босату жөніндегі заңнамалық негіз әзірленетіні айтылды. Алдағы жылдың қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес құрылымдарын  тексеруге үш жылдық тыйым салу шарасы күшіне енетіні сөз болды. 

Жолдауда  Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру тапсырылған. Осыған байланысты, Ұлттық банкпен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленбекші. 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек тұрғын үй, сумен жабдықтау, көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, автожолдар, авиабилеттердің қолжетімділігі мәселелері жөнінде баяндады.  – Орталықтандырылған сумен жоғары әлеуеті бар ауылдар басым тәртіппен қамтамасыз етіледі. Ал 200 адамға дейін тұратын елді мекендерде сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері қолданылатын болады. Республикалық бюджетте 2020 жылдан 2022 жылға дейін осы мақсаттарға 250 млрд.  теңге бөлу көзделді. Республика бойынша қазіргі таңда 18,1 мың үй күрделі жөндеуді талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 780 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге қосымша 30 млрд. теңге қарастырылады, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.  

Қазіргі таңда баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр. Кезекті бірыңғай есепке алу тапсырмасының аясында жылдың соңына дейін кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға жалға берілетін баспаналар тапсырылады.

– Бұл үшін біз 2025-ке  дейін жыл сайын 50 млрд. теңге бөлеміз. Жыл сайын 3,7 мың кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал адамдарды сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 32,8 млрд. теңге бөлу қарастырылған. “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша несие беруге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үш жылда 50 млрд. теңге бөлінеді, – деді Ж. Қасымбек. 

Жолдауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасының шеңберінде халықаралық сарапшылармен және өңірлермен бірлесіп ауылдардың әлеуетін анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленгендігі айтылған еді. Жиында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктеліп алынғандығы, аталмыш ауылдарда 6,6 млн. адам тұратындығы айтылды.

 Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатқандығы жөнінде сөз етті.  Үкімет басшысы өңір жетекшілеріне жиын-терінді уақытында ысырапсыз жинап алуды тапсырды.  
Жиын соңында Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты адамдарға Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан міндеттерін іске асырудың Жалпыұлттық жоспары жобасын әзірлеуді тапсырды.

Гүлжан ТҰРСЫН