АНА ТІЛІМ - АРЫМ

Уақыты: 04.09.2019
Оқылды: 2087
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл – қазақтың ең бір жанды жері. Осы тақырыптан таған тартсаңыз, көңіліміз бір ысып, бір суиды. Оның мәртебесін қалай көтереміз, ұлттың ұстынына қалай айналдырамыз деп әлекке түсетініміз содан. Өйткені, тіл сенің арың, ұятың, тарихың. Ол өлсе, барыңнан айырылғаның. Сондықтан, ана тілімізді рухымыздың өзегі санағанымыз абзал.


Кемеңгер Мырзатай Жолдасбеков бір естелігінде «Қазақпын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмайтынбыз, айтқызбайтын. Мың қазақ отырып, арамызда жалғыз орыс болса, бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де мансұқ болды. Мәскеуден келгендердің ығына жығылдық. Сөзін сөйлеп, жағынуға тырыстық. Қатыгездік, бірін-бірі сыйламастық, жанкештілік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық етек алды. Елдің еңсесі түсті. Өтірік күлді, жалған сөйледі», – дегені бар. Тілдің тәуелсіздігін аңсаған арда азаматтың жүрек толғанысы осы болса керек. Оқып отырып көзіңе жас аласың. Сондай бір нәубетті басынан өткерген тіліміздің тағдырына алаңдайсың сосын. Бірақ әйтеуір бір алдынан жарық күн шығарына сенген алыптардың ерлігі бұл кесапаттың жолыңа көлденең тұрғаны жанына жігер береді. Кеңес өкіметінің түрмесіне түскен ана тіліміз абыройынан айырылуынан аз-ақ қалған сәтте біздің даналарымыз еркіндіктің ерке самалына шомылдырды емес пе? Енді, міне, туған тілдің өз төлқұжаты бар. Арнайы Тіл мерекесі бар.

«Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы шарт. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды.  Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі екенін ұмытпайық. Туған күніңмен, туған тілім!

Мұхтар КҮМІСБЕК