БІРТУАР ҒАЛЫМ ЕДІ

Уақыты: 05.09.2019
Оқылды: 1517
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осы жылдың 15 мамырында ҚР Ғылым Академиясының мәжіліс залында дарынды зерттеуші, біртуар ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Қилыбай Үсенұлы Медеубеков ағамыздың 90 жасқа толу құрметіне ғылыми конференция өткізілген болатын. Онда сөз сөйлеген академик ғалымдар ағамыздың өмір жолы, сіңірген еңбегі, атқарған қызметі мен ғылыми жұмыстары туралы, ағамыздың ұйымдастырушылық, басқарушылық және адамгершілік қасиеттері туралы барынша толық айтып өткен еді.


ҚР ҰҒА академигі Қилыбай Медеубеков ағамыздың 90-жылдығына орай тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылып, «Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнына аты беріліп, ескерткіш қойылды. 
Бұл мемлекет басшыларының, ҚР ҰҒ Академиясының ағамыздың ерен еңбегіне берген шынайы бағасы, елі үшін еңбегі сіңген абзал азаматқа деген халықтың сый-құрметі, ағамыздың халқының алдындағы абыройы деп білем. 

Білікті ғалымның білім мен ғылым саласында атқарған еңбектері тәуелсіз мемлекетіміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердің ғылыми ортасында лайықты бағасын алып, әр жылдары мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі жоғары атақтар мен марапаттарға лайық болды.

Қилыбай Үсенұлы еліміздің ауылшаруашылық ғылымы мен техникасының дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, академик А. И. Бараев және академик В. А. Бальмонт атындағы сыйлықтардың лауреаты, Октябрь революциясы, «Халықтар достығы», «Парасат», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері.
К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясын 1953 жылы ғалым-зоотехник мамандығы бойынша үздік бітіріп, кандидаттық диссертациясын да ойдағыдай қорғағаннан кейін туған еліне келіп, еңбек жолын Жамбыл облыстық тәжірибе стансысында аға ғылыми қызметкер болып бастап, бөлім бастығы, директордың орынбасары, директоры, Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына дейін көтерілген болатын. 

Қилыбай аға 1962 жылы небәрі 31 жасында Алматы облысы Жамбыл ауданының Мыңбаев атындағы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады. Осы мал шаруашылығы институтының Алматы қаласынан Алматы облысының Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылына көшуімен бұл институттың іргетасы қаланып, ғылыми, өндірістік және әлеуметтік салалардың сол уақыттағы жағдайға сай барлық инфрақұрылымдары толық жасалды. Ғылыми қалашық одақтағы қала типтес кенттердің арасындағы ең үздігі болды деп толық айтуға болады. Себебі, сол кездегі республика басшылары Д. Қонаев, Б. Әшімов, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Асқаров  және де шетелдік қонақтар жиі келіп Қазақстан мал шаруашылығының өсуі мен өркендеуін, мұндағы мал тұқымдарының шығарылу әдістерімен танысатын орынға айналды. Бұл институттан 5 ғылыми-зерттеу институты жеке бөлініп шықты. 

Қазақ мал шаруашылығы және Қазақ қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институттарын Қилыбай аға басқарған жылдары бұл салада талантты ғалымдар шоғыры жемісті жұмыс істеп, нәтижесінде 32 қызметкері Кеңестер одағының және Қазақ Кеңестік республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жоғары атағымен марапатталды. Мұндай дәреже сол уақытта бүкіл Кеңестер одағында болмаған нәтиже еді. Бір мекемеден 32 ғалым Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атану деген өте зор мәртебе әрі үлкен еңбек, өз басым мұны Қилыбай ағамыздың қандай басшы болғанының жарқын көрінісі деп білем. 
Өзінің қарамағына дарынды ғалымдарды, аспиранттар мен тәжірибелі мамандарды біліктілікпен жинай білген Қилыбай ағам мамандардың, аспирант шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген, сыйлы да беделді селекционер-ғалым болуымен қатар қамқоршы педагог та еді. Оның педагогикалық еңбегі жемісті болды. Қ. Медеубековтің басшылығымен 36 адам кандидаттық, 15 адам докторлық диссертация қорғады. Ағамыздың шәкірттері бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерде – Ресейде, Моңғолияда, Қырғызстан мен Өзбекстанда, Түркіменстанда және тағы басқа елдер мен өз елімізде алуан түрлі лауазымды қызметтерінде дарынды ғалымдар мен тәжірибелі мамандар ретінде ел игілігін арттыру мен экономикасын дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүр. Мұның бәрі Қилыбай ағаның салған сара жолының арқасы деп білемін.

500-ден аса еңбегі жарық көрді, оның ішінде оннан аса монографиялары мен оқу құралдары да бар. Оның қазақ тілінде жазылған оқулықтары мен оқу құралдары бүгінгі күні студенттер мен ауылдағы мамандар және шәкірттері үшін қолдан түспейтін кітап болып табылады. 

Ғылыми ізденіс пен жауапты басшылық қызметтерді шебер ұштастырған Қилыбай Медеубеков ағамыздың басшылығымен Қазақстанда жылқы мен қойдың 8 тұқымы, 10 тұқымдық және зауыттық сүлелері, көптеген желілері шығарылып, мал өсіру мен өнім өндірудің, оларды тиімді азықтандырудың ғылыми технологиялары игерілді. Еліміздегі мал шаруашылығының ең ірі ғылыми-зерттеу институтында жүргізілген оның негізгі ғылыми ізденістері Қазақстанның әртүрлі аймақтарына жақсы бейімделген төрт түлік малдың: қойдың, ешкінің, түйенің, жылқының, ірі қараның, құстардың жаңа тұқымдарын шығаруға, жетілдіру мен көбейтуге, бағалы қой тұқымдарының гендік қорын сақтауға, таза тұқымды австралия мериностарының репродукторын құруға, солтүстік қазақ мериносын асылдандыруға және биязылау жүнді, төлді көп беретін қой тұқымын шығаруға бағытталған болатын. 

Қ. Медеубеков мал өнімдерін өндірудің жаңа технологиясындағы үлкен мәселелерге, әсіресе, ауылшаруашылығы өндірісінде қой шаруашылығының өндірістік технологиясын жасауға көп көңіл бөлді. Осы әдістерді мал шаруашылығында кеңінен енгізгені үшін Қ. Медеубеков пен бір топ ғалымдарға Қазақстан Республикасы ғылым мен техника саласының Мемлекеттік сыйлығы табыс етілді.

Терең білімі, мол тәжірибесі мен еңбегін туған халқына мұра ете білген, ғылым мен техника саласында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған мемлекет және қоғам қайраткері Қилыбай Медеубеков Қазақ қой шаруашылығы ҒЗТИ директоры, В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөлімшесі Президиумының төрағасы, Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары (1986-1990 ж.ж.), Қазақ мал шаруашылығы ҒЗТИ директоры (1988-1997 ж.ж.), 1997 жылдан Қазақ қой шаруашылығы ҒЗТИ қой тұқымының селекциясы мен генетикасы орталығының директоры, 2003 жылдан қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Мал шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының профессоры болып қызмет атқарған.

Қилыбай Үсенұлы қатарынан екі рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып (1980-1990 ж.ж.), КСРО Халық депутаттығына (1989-1992 ж.ж.) сайланып, республикамыздың Жоғары Кеңесінің Төрағасы болып он жылдан аса (1980-1991 ж.ж.) қызмет атқарды. Ол Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат болып сайланған. 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мал өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасында қызмет еткен жылдары өзінің мол өмірлік тәжірибесін жаңа бағыттағы қой тұқымдарын сұрыптық асылдандыру ісін зерттеуге арнаған Қилыбай аға өмірінің соңғы жылдарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің докторлық диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау бойынша жемісті ғылыми жұмыс жүргізді, сол университеттің шәкірттеріне ұзақ жылдар бойы сабақ берді. Ол сонымен қатар университеттің Ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.

Ел үшін игілікті істер атқару адам жанына рухани ләззәт сыйлап, шабытын оятып, қиялына қанат бітіретінін түсінген жаннан артық бақытты адам жоқ, ел игілігін арттыру жолында салиқалы істер тындыру кімге де болса абырой. Міне, өмірлік ұстанымы осындай болған ұлтжанды, саналы ғұмырын еліміздің мал шаруашылығы саласына арнаған аграрлық саланың терең білгірі, біртуар саңлақ ғалым, еліміздің ауылшаруашылығы саласын дамытуға өлшеусіз үлесін қосқан Қилыбай Үсенұлы Медеубеков ағамыз Д. Қонаев, А. Асқаров, Б. Әшімов сияқты біртуар алыптармен қызметтес болған, солардың қызметтегі үлгі-өнегесін көріп бапталған, адамгершіліктің ақ туын кірлетпеген, республикалық деңгейдегі үлкен ғылыми және қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру мен өте жоғары дәрежеде қатар алып жүру қасиетін иеленген біртуар тұлға еді. 

Жастайынан еңбекке араласып, өзінің азаматтық болмысымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ғылымға деген құлшынысымен өзгелерге үлгі болып, өнегелі өмір сүрген аяулы азамат, ҚР ҰҒА академигі Қилыбай Үсенұлы Медеубеков ағамыз есімінің «Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнына берілуі бұл мекемеге үлкен міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Бұл міндетті институт ұжымы абыроймен ақтайды деген сенімдемін.

 А. БЕГМАНОВ,
«Ауылшаруашылығы
 аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік
 институты (АШАІМИ)» директоры,
экономика ғылымдарының кандидаты, 
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 
корреспондент-мүшесі, профессор