ПЛАСТИКАЛЫҚ ЫДЫСТЫҢ ЗИЯНЫ КӨП

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 5111
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңда күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген пластиктен жасалған бұйымдар ғасыр дертінің біріне айналып, бүкіл ғаламшарды ластап жатыр. Осы бұйымнан жасалатын өнімнің көбі бір реттік қолданысқа арналған. Басым бөлігі азық-түлік өнеркәсібінде тұтынылады. 


Пластиктен жасалған ыдыс, шөлмек, пакеттер топырақта 200 жылға жуық уақытта ыдырайды. Осы бұйым қалдықтары жерге түскен соң аталған жылдар ішінде өте ұсақ бөлшектерге ажырап, қоршаған ортаға химиялық заттар бөледі. Сондай-ақ, оның ұсақ түйіршіктері мен химиялық қосындылары жерасты сулары арқылы жануарлардың жаппай қырылуы мен адамдардың түрлі ауруға шалдығуына әкеп соғады. Міне, осының салдарынан қазір жер бетінде жануарлардың 800-ге жуық түрінің жойылып кету қаупі бар. АҚШ ғалымдары жасаған зерттеулерде пластикалық ыдыстарды көп тұтынатын адамдарда бауыр ферменттері көбейіп, ішек-қарынның майлануы артқан. Ал  кофе және шай секілді ыстық сусындар үшін қолданылатын пластикалық стақандар канцерогенді зат ретінде белгілі болған бензолдан жасалады. 

Қоршаған ортаның ең көп ластаушы заты ретінде қаралатын пластиктер ішіп-жеген тағам арқылы қалқанша безі, қарынасты ұйқы безі, әйелдердің аналық безі, еркектердің жыныстық безіне түбегейлі әсер етіп, әртүрлі ауру мен бедеуліктің туындауына себеп болуда. Әсіресе, балалар мен аяғы ауыр әйелдерге және қарт кісілерге тигізер зияны өте көп. Мұндай зиянды заттар сәбилер сүт ішетін шөлмектерде де болуы мүмкін. Зиянды заттар баланың бүкіл генетикалық құрылымын өзгертіп, өмір сүру қабілетін баяулатады. Осыған байланысты пластикалық ыдыстарды күнделікті тұрмыста мейлінше аз қолданған жөн. Тағамды пластикалық ыдыстардың ішінде мұздатпау және ысытпау керек. 

Сондай-ақ, тұзды және қышқылды тағамдар пластикалық ыдыстың құрамын бұзып, зиянды бисфенолдың азыққа араласуына себеп болады. Тосап, қызанақ, қияр секілді азықтарды қысқы мезгілге дайындап, ұзақ мерзімге сақтау үшін пластикалық ыдыстарды мүлде пайдаланбау керек. 

Осындай ғасыр дертінің алдын алып, азайтудың қандай жолы бар? Бұл мәселе бойынша тәртіп сақтауды әркім өзінен бастауы тиіс. 

Қалалы жерлерде әр күн сайын шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың ішінен пластик қалдықтарын бөлек сұрыптап жинап, арнайы орнатылған контейнерлерге тастау керек. Ал ауылды елді мекендерде қаптарға салып, арнайы ақылы бекеттерге өткізу қажет. Дүкендерден азық-түлік сатып алғанда пластик пакеттердің орнына матадан тігілген көп ретті сөмкелерді пайдаланған жөн. Пластик ыдыстардың орнына шыны, болат секілді ыдыстарды тұтыну керек. Пластик қалдықтарын монша пешінде және ашық жер бетінде өртеуге экологиялық заңнамаларға сәйкес тыйым салынған. Пластик қалдықтары жанғанда қоршаған орта мен адам өміріне қауіп тудыратын химиялық қосындылардың ауаға таралатынын естен шығармайық!

 Сейдалы САРИЕВ, 
экология департаментінің баспасөз 
хатшысы