БОЛАШАҚҚА НЫҚ ҚАДАМ

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 750
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстандықтар жыл сайын Президент Жолдауынан үлкен үміт күтетіні хақ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнаған тұңғыш Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Мұнда қоғаммен бірлесіп, кеңесіп, еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсаты белгіленді.


Бұл Жолдау Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі бағыттарымен және ҚР Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформасы талаптарымен сабақтасып жатқаны анық әрі сайлауалды берген уәделерін орындаудың, оны іске асырудың бастауы десе де болады. Маңызды құжатта партия құрылысына айрықша маңыз беретіні туралы айтылған, себебі, мемлекетте бәсекеге қабілетті мықты партиялар болса, әлбетте, сол арқылы мемлекет те мықты болары сөзсіз. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының басты саяси күш екеніне баға беріп, сонымен қатар, басқа да саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты, пікірлер саналуандығын және өзара бәсекелестікті, әділ сынды қалыптастыру арқылы олардың тиімді ойларын, бағдарламаларын пайдалана отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың жаңа моделін қалыптастыруды ұсынып отыр.    

Жолдауда экономиканың негізгі тірегі –  орта, шағын бизнесті одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы және осы мақсатта оларды несиелендірудің тың жолы көрсетілген.   

 
Соңғы жылдары қоғамда біраз толқу туғызған жер мәселесі және оның шетелдіктерге сатылмайтыны туралы шешімі көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Сонымен қатар, сот, құқық қорғау органдары, оның ішінде, әкімшілік полициясының жұмысын шынайы халыққа қызмет көрсетуге бағыттауы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты орынға қойып отырғанын білдіреді.  

Біздер, «нұротандықтар», Мемлекет басшысының Жолдауын бастауыш партия ұйымдары мен халық арасында түсіндіруді қоғамның барлық топтарында, шалғай елді мекендерде, еңбек ұжымдарында жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Әлібек ЖАҚАНБАЕВ, 
Алакөл ауданының әкімі, 
«Nur Otan» партиясы аудандық 
филиалының төрағасы