ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 930
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауы халықтың мүддесінен шықты деп ойлаймын. Оған бірнеше себеп бар. Бастысы, Президент Жолдауында қоғамдық-саяси жаңғыру идеясы алдыңғы орынға шығып отыр. 


Екіншіден, Жолдаудағы «Күшті Президент – беделді Парламент – есеп беруші Үкімет» деген формула негізгі бағыттарды айқындайды. Бұл – әлі іске асырылған тәжірибе емес, бірақ мақсатқа жеткізетін факт. Бұл саяси құрылым формуласы – мемлекетіміздің орнықты болуының негізі. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың конструктивті мұқтаждықтарын дер кезінде және ауқымды іске асыру міндетін айқындады. Оның негізгі сара жолы – диалог арқылы қоғам мен мемлекет қарым-қатынасын жетілдіру. Сондықтан азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту басты міндетке айналады. Оны танып-білу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны белгілі.

Сондай-ақ, Ел Президенті айқындаған бірнеше  басымдық бар. Оның біріншісі – партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың ел келешегі үшін атқарылатын міндеттерді конструктивті саясат аясында жүргізуі. Еліміздегі негізгі проблемаларды талқылау және шешу бағыттары Парламентте және қоғамдық келісім аясында ғана шешілу керек.  

Азаматтардың мәселелерін шешудің жергілікті жерде және мемлекеттік органдарда атқарылуы басты назарда болады. Дайындығы мол жас кадрларды мемлекеттік органдарға көптеп тарту арқылы мемлекеттік қызметкерлердің сапасын көтеріп, санын азайту 2020 жылдан басталады. Олардың материалдық жағдайы жақсарады. 2024 жылға қарай Ұлттық компаниялардың қатары 25 пайызға қысқарады.

«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі», – дейді Президент. Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсініктерді қалыптастыру дәстүрге айналған. Енді оны ары қарай нығайту міндеті тұр. 
Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың беделін арттыру жолын жетілдіре беру керек. Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданады.

Ендігі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбай- ұлының 175 жылдық мерейтойларын өткізуде ысырапшылдыққа жол бермей, олардың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Одан бөлек, Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына байланысты іс-шаралар жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады. Бұл тұрғыда біздің университет ұжымы алдында осы және басқа да шараларды іске асыруда абыройлы міндеттер тұр. Соларды тыңғылықты атқарсақ, Президенттің Жолдауына зиялы қауымның қосқан өзіндік үлесі болмақ.

Аманжол ҚАСАБЕК,
философия ғылымдарының докторы, профессор, 
І. Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік 
университеті 
«Рухани  жаңғыру» 
ғылыми-білім беру орталығының жетекші  ғылыми қызметкері