СЕРВИСТІК ДАЙЫНДАУ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРДЫ

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 778
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс – ірі агроөнеркәсіптік аймақ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жыл сайын ауылшаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайтып, өнім өндіру көлемін арттыруда. Мемлекеттік қолдау құралдарының қатарында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы құрылатын сервистік-дайындау орталықтары бар. Бүгінде аталған орталық ауылшаруашылығы өндірушілерінің қолын ұзартып отыр.


Осындай қолдау құралдарының тиімділігін Қапшағай «Ақөзек» сервистік дайындау орталығының басшысы Думан Майлиханов та көріп отыр. 2017 жылы кәсіпкер «Ақөзек» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Майлиханов Д.» шаруа қожалығын біріктіріп, сервистік-дайындау орталығын құрды. 

Думан Майлиханов бүкіл өңірге танымал кәсіпкер. Ол Қапшағай қаласындағы ірі шаруа қожалықтарының басшысы, Фермерлер одағының жергілікті филиалын басқарады және кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіреді. Ауылшаруашылығымен бала кезден таныс. Жастайынан пияз себуге көмектесіп, трактор жүргізген. Кәсіпкердің бизнестегі үлкен тәжірибесі мен іс жүргізудегі инновациялық тәсілінің арқасында Қапшағай өңірінде табысты әрі ірі сервистік дайындау орталығын құрды. 2017 жылы алғаш сепкен қант қызылшасы сәтті болды. 

«Шаруашылықта  пияз, майбұршақ, арпа және қарбыз өсірумен айналысамыз. Қант қызылшасын жаңғырту бойынша мемлекеттік қолдаудың жемісін көргеннен кейін осы іспен шұғылданамыз деп шештік. Сосын сервистік-дайындау орталығын құрдық. 2017 жылы 60 гектар жерге қызылша егілді. Нәтижесі біз күткеннен асып түсті. Гектарынан 520 центнерден өнім жиналды», – дейді Думан Жұмаханұлы. 

Екі жыл бұрын аталмыш шаруашылықтың егістік көлемі 60 гектар болса, өткен жылы тәтті түбірдің егістік алқабының көлемі 200 гектарға дейін ұлғайып, 4 мың тоннадан аса өнім жиналды. Биыл шаруашылық сервистік дайындау орталығында қант қызылшасын 160 гектар алқапта өсіруде. Көпке мәлім, Қапшағайдың жазы ыстық әрі желді болып келеді. Қолайсыз ауа райы жағдайларына қарамастан «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы сатып алынған элиталы тұқымдар өнімділікті арттыруға септігін тигізуде. 2018–2019 жылдары жалпы сомасы 33,3 млн. теңгеге Германия мен Франциядан егіс тұқымы сатып алынды. 
«Еуропалық тұқымдардың ерекшелігі – олардың әртүрлі агроклиматтық жағдайларға бейімделуі жоғары деңгейде. Сонымен бірге тұқымдар біздің жер қыртысына төзімді. Осының арқасында жақсы өнім аламыз. Облыс шаруаларына айтарлықтай көмек көрсеткені үшін «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ға алғыс білдіргім келеді», – дейді кәсіпкер.

Заманауи ауылшаруашылығы техникасы да кәсіпкерлерге қолғабыс болып келеді. Техника жұмыс күшін азайтып, егіс алқабын жедел дайындап, өнім жинау мерзімін қысқартуға көмектеседі. Қаржы лизингі аясында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» арқылы «Ақөзек» сервистік дайындау орталығы жалпы сомасы 171,6 млн. теңгеге 14 ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. Олардың қатарында қопсытқыш, бүріккіш, айналмалы соқа, сепкіш, трактор, тіркеме және басқалары бар. 

Қожалықта тұрған Agrotron 170 сериялы DEUTZ FAHR неміс тракторы жоғары өнімділігі, беріктігі және маневрлігімен ерекшеленеді және тіпті ең қиын жағдайларда да жұмыс істей алады. Мұның бәрі тракторға дайындық жұмыстарынан бастап егіс жұмыстарына дейін, жыртудан бастап тасымалдауға дейінгі күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ал MONOSEM MECA V4 механикалық сепкіші қант қызылшасын егу үшін арнайы әзірленген. Себетін аппарат тереңдікті тұрақты бақылап, тұқымдарды жақсы орналастыру мен сапалы себуді қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, қазіргі уақытта «Жетісу» «ӘКК» ӨДИ» АҚ қолдауымен облыста қызылша бағыты бойынша 29 сервистік дайындау орталығы құрылған. Аталған орталықта «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ тарапынан жалпы құны 6,5 млрд. теңге болатын 603 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды және 2011 жылдан бері жеткілікті егіс тұқымы берілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА