ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАҢА МҮМКІНДІК

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 856
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы Жастар жылында атқарылған игілікті істердің нәтижесі көріне бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві» тақырыбында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай  Нұрғисаев айтып берді.


Өз сөзін Президент Жолдауындағы тың жаңалықтар мен өзгерістерге әкелер сәтті қадамдардан бастаған департамент басшысы алдағы уақытта мемлекеттің дамуы үшін белсене еңбек ететін жас кадрларды таңдау үшін қолға алынған жобаның құндылығын тілге тиек етті.

– Бәрімізге белгілі, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы ретте жастардың жалынды бастамасын қолдаған көптеген жақсы істер атқарылды. Сол жетістіктің желісі ретінде, міне, бүгінде ҚР Президенттік жастар кадр резервін құру қолға алынды. Бұл Президенттің жуырдағы халыққа Жолдауында да айтылды. Бұл орайдағы мақсат – қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылары мен басқару біліктілігіне ие, өзін-өзі кәсіби дамытуға, сараптамалық ақыл-кеңесін айқын көрсете алатын көшбасшы жастарды таңдап шығу, – деді ол.

 Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылып, құжаттарды қабылдау ісі басталып кетті. Онлайн-платформаны қолдану жеңіл әрі өте ыңғайлы. Үміткер сайттың басты бетінен Президенттің жастар кадр резервін іріктеуге қатысты ақпаратты инфографика арқылы біле алады. Оған 35 жасқа дейінгі жоғары білімі бар, 5 жылдық қызмет өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуға құқылы. Жалпы резервке таңдау жұмысы 3 кезеңнен тұрады. Бүгінге дейін 2 мыңға жуық жас өтініш тапсырып, оның жүзге жуығы бірінші турдан өтті. Айта кетерлігі, 5 жылдық қызмет өтілі тек мемлекеттік қызметке қатысты емес, ауыл, аудан, облыста жұмыс істеді деген бөліп-жару да жоқ, қоғамның сан саласындағы тәжірибелі жастар бағын сынап көруге болады. Тіпті, шетелдерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына да қатысуға болады. Өтінім тапсыру қиын емес. Жастар іріктеуге қатысу үшін жеке басын куәландыратын, білімі,  еңбек өтілі туралы құжаттардың көшірмесін тапсырса болғаны. Құжаттарға ұсыным хат қоса беріледі. Оны жұмыс істейтін мекемеден алуға болады. 

Тағы да айта кетерлігі, жастар кадр резервіне жолданған өтінім ашық әрі жалпылық сипат алады. Өтінімдерді ҚР Президентінің жанынан құрылған  Ұлттық комиссия сараптай­­ды. Бұл комиссияның төр­ағалығына Президент Әкім­шілігінің басшысы  Қы­­рымбек Көшербаев тағайындалған. Өтінім тапсырғандар мен сараптаудан өткендердің аты-жөні сайтта ашық көрсетіліп тұрады. Жоғарыда айтылған үш кезеңнен өткен жастар кадрлық резервке алынады. Оның уақыт шегі – 5 жыл. Олар осы жылдар аралығында салалық лауазымдар мен жауапты қызметтерге тағайындала алады.

Серікбай Өрікбайұлының баяндамасынан кейін журналистер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.

Қ. ОМАРАҚЫНҰЛЫ