ҚАЙЫРСЫЗ ХАЙП

Уақыты: 08.09.2019
Оқылды: 1129
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кофенің қалдығы жұққан ба, жоқ майлық есебінде кезекте тұрған қиынды ма, әйтеуір қолға түскен соң көз жүгіртіп шығуды құп көрдік. Сиыр сәске түскенде не жұмыстан қолымыз қалт босаған күні журнал ақтаратын әдетіміз бар-тын. Адам үнемі ізденіс үстінде жүруі керек деген пердесіз пікір бойға сіңгелі байыз таптырмайды. Сөреден құлаған «Моника» атты мөп-мөлдір әңгіме өзіне қарай тарта берді сол мезетте. Менен бұрын біреу оқып, көңілі түсіп, жоғары көтеріп қойған сияқты. Әлде әкей бізге азық боларын біліп, оттан аман алып қалды ма екен?.. Мүмкін, тағысын- тағы... Жә, айтайын дегенім ол емес. Авторы белгісіз шығармадағы шағын бір эпизод көкейімізде қыз-қыз қайнап, ой теңізіне батырғаны. Хикаядағы ауыл келіншектерінің қаладан келген қыздың туфлиін кезек-кезек киіп, қызықтағаны бізді де қызықтырмасы бар ма?!


«Біз бәріміз де аздап Моникамыз». Иә, кәдімгі кітаптың кейіпкеріндей. Бәріміздің ішімізде бір-бір көрсеқызар дүлей жатыр. Сіз соның айтқанына көніп, айтағымен жүресіз.  Біреу бағалы дүние алса, не қымбат көлік мінсе өзіңізді төмен деңгейлі тобырдың бірі сезінесіз. Сосын шамаңызға қарамай қарызданып-қауғаланып көршіңіздей кердеңдейсіз. Оған сіз кінәлі емессіз. Шошымаңыз. Заман айыпты. Қоғам жауапты. Бір әумесердің киген жыртық шалбары – әдемі киінудің ең ұлы үлгісі. Бір мәңгүрттің ана тілімізде сөйлемеуі – оның қалалық екенінің көрінісі. Бір әншінің жартылай жалаңаш бейнебаянға түсуі – өркениетіміздің өрісі кеңейгені. Бір ақынның жағымпаздана жыр жазуы  – шенеуніктерге деген сенімінің сипаты. Бір әкімнің халық қазынасын жымқыруы – күндегі жаңалықтың бір парасы ғана. Бұл бүгінгі заманның жүрдек пайымы. Көз қысты, бармақ басты әңгіме. Үйреніп алғанбыз бәріне. Сосын өте үркекпіз. Осылай қорытып, үндемей үйде отыра беруімізге болады, әрине. Бірақ, бабатаным бауырыңды жазып жатқызбайды ғой. Ұлттың намысын ұршықша иірген не қаңбақша домалатқан көргенсіздерді көргенде жүрегіңе рухани дәрумен сыйлауға оқталасың осылай. Құрметті оқырман, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешетін сіз, әрине. Оған дауымыз жоқ. Біздікі тек журналистік көзқарас. Бүгінгі мақаламызда қоғамдағы кесірткедей кесапатты, жыландай улы тағы бір түйткілді тезге салып көрмекке бейілміз.

Қазір тойдың қызған шағы. Бұрын аптаның сенбі мен жексенбісі үйде отырмайтын қазекең енді дүйсенбіден бастап дүрмектің басында. Соған орай той-томалақтың көркін қыздыратын көңілді әндер де көбейген. Соның біразы  белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожаға тиесілі. Эстрада жұлдызының хитке айналған «Хайптарыңды жиып алыңдар» деген туындысы мейрамхана тізіміндегі таңдаулы әуендердің төбесінде тұр. Ырғағымен құнды, қайырмасымен қызық. Қалайша? Неге? Себебі, жастардың қалауы сол. Бұған алатайдай бүлінудің қажеті жоқ дейін десек, дастарқан басында отырған әжеміз «хайпы несі?» демесі бар ма? Ал жауап беріп көр. «Апау, ол енді жастардың талғамы, былайша жақсы дүние» дей бере бастап еді асаба жігіт, құлағына түрпідей тиді ме, қарт кісі «үй, қараң қалғырлар» деп қайыра шай ішіп, әңгімесін әнтек бұзды. Ал әннің даусы одан да қатты асқақтап кете барды.

Расымен, «хайп» деген қайдан шыққан пәле өзі? Соңғы уақытта ел аузында жүрген бөгенайы бөлек сөздің түп-төркінін індетіп көрдік. Әрине, әжеміздің де ақылы жәрдемдесті. Десе де, әжетімізге жарар ақпарат болар деген ниетпен соңынан шырақ алып түстік. Сөйтсек, мақаламыздың басында айтқандай, Мониканың туфлиі секілді, сырттан келген магнитті де мәнсіз бейпіл термин екен. Оған да елдің ынтасы ауып, тұмауша жұқтырған. Жаман әдет адамның жанына құштар ғой. Бірден қоғам арасына «вирусша» тарап, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап үлгеріпті. Бұрынғылар «тауықсыз да таң атқан» деуші еді, бірақ қазіргілер тіршілігін «хайпсыз» елестете де алмайды. Бұл ауыр ақиқат, диагнозы белгісіз дерт. 

«Хайп» сөзі ағылшынша  «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөздің қысқарған әрі қысылған түрі. Аудармасы «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағынаға саяды. Шыққан тегі американдық. Тарихы да солармен тамырлас. Атақты медиамаман Дуглас Рашкоффтың жазуынша, мұның түпкі мағынасы «тері астындағы ине» дегенді білдіреді. Осыдан-ақ өзіңіз пайымдай беріңіз. Қойдың терісін жамылған қасқыр кейпіндегі құжды әкеледі көз алдыңызға. Қызығы сол, мұны 1920 жылдары есірткіге тәуелділерге қатысты қолданған. Хайп – тәуелділік. Демек, шуы көп, даурықпа, дүрлікпе, айқайшыл немесе алдамшы жарнама десек те болады. Бүгінде өз атын шығару үшін жасалатын жарнаманың бұл түрі асқыну шегінде тұр. Бұрынырақта бетке мақтағанда ұялып қалатын қазақ қазір өзін-өзі мақтап, атын шығаруға арланбайтын болды. Хайптың шоу-бизнестегілерге тән дүние болып отырғанын несіне жасырамыз. «Әу» дегені жер жарғандар қатары жиілеген тұста, жан-жағындағы әріптестерімен бәсекеге түсіп, ел назарында болу үшін өзінің күнделікті өмірінен бір жаңалық жасап, тіпті болмаса өз ойынан бір нәрсе ойлап табатын болған. Көріп жүргеніміздей, қазір «хайпшылар» камерадан жасқанбайды. Еркін түрде айтқысы келгенін айтады, содан соң өтірік айтудан ұялмайды. Өзі сатып алған «сый-сияпаттарды» өзіне табыс етіп жатқанын әлдебіреулердің атынан ұйымдастырады. Тіпті, кейбір тележүргізушілердің өзі хайпшылармен бірге хайп жасауда. Сонымен біздің қоғамда хайпсыз танылу мүмкін емес деген түсінік қалыптасып үлгеріпті. Қайтпек керек?!

Осыған орай психолог мамандар былайша пікір білдіруде. «Адам өзін-өзі көрсетуі үшін өзін жоғары бағалап, жұрттың назарына ілігуді қалауы әдетке айналады. Яғни, оны қайталамаса, жұрт назары жетіспегеннен өзін өзгеден кем санай бастайды. Ал осындай дәрежеге жетпес үшін олар әр кез «хайп» жасауға, ел назарын өзіне аударуға тырысумен жүреді. Бұл кәдімгі ауру. Мұның жалғыз емі интернет пен ел­ назарынан тыс та өмір барын сезіну» дейді қаупін ескертіп. Яғни, адам ішінде балалаған ұлы жалғыздықтан қашудың жолын хайптан іздейді. Бұл жалпы адамзаттың жүйке жүйесінің әлсіздігін әшкерелейді. Тұлға тұралауға бейіл. Рухы жадау, танымы таяз. Ең жеңіл шарғы осы. Экран бетіне байланған ғұмырдың қызығы хайпта болып тұр. Әйтпесе, қоғам рухани күйзеліске түсер ме еді. Қателік жасаудан қорықпайтын бүгінгі буынның бет-бейнесі қызыл-жасыл бояумен әрленіп, тек телефон арқылы өрістеуде. Өкінішке қарай, солай. 

Бірде «Орыс болам деп әлекке түстің, ағылшын болам деп аласұрасың, араб болмаққа ұмтылдың, ал, жарайды, ағылшынша ағып тұр, орыстың салтын істе, арабтың киімін жапсыр үстіңе, бірақ бетіңді қайтесің? Сыпырып тастайсың ба? Бетің қазақ қой. Қаныңды қайтпексің? Ағызып тастаймысың?», – деген-ді Зейнеп Ахметова апайымыз. Осындайды күйгеннен айтқан болар. Батыстың бақшасына түскен жастардың алдағы тіршілігі кімді де болсын алаңдатады. Сондықтан сынайды Зейнеп апамыз. Түзелсін деп, түзу жүрсін деп...

«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» ғаламтор атты уақыт машинасы тұрғанда жақсылы-жаманды жаңалықтар жарықтан жылдам тарайды. Шыны керек, үлкен-кішінің бір-бірімен бас қосып, әңгіме айтуға уақыты жоқ. Олардың ойы әлеуметтік желідегі жантақ жазбаларда. Көздері ұйқыға кеткенше ұялы телефоннан бас алмайды. Байқасаңыздар, той-томалақ пен үлкен астарда «алақандай әлемге» үңілген кеудесіз бастарды көресіз. Біреу үйленсе де, біреу қаза болса да сол әлемнен естіп, біліп отырады. Содан соң жаңалықтарын тілсіз, сөзсіз телефон пернелерімен тергіштеп жазып жеткізеді. Онлайн-дәуірдің қонақтары іспетті.  «Хайпқұмар» ғасырдың тұрғындары болуға асығатындай.

Дана Абай атам заманақыр жастарына сипат берерде:
Саудасы ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын 
тыйалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны, 
– деп күйінетіні бар. Қазақтың бас ақыны халқының сол заманда жасаған әрекетіне көңілі толмай, сөздің дырау қамшысын сілтеген. Өйткені, ертеңгі ұрпақтың жүзі жарқын, ақылы теңіз болуын аңсаған қария. Десе де біз сол ақылман қара шалдың бауырына барып тығыламыз ғой. Басқа кімге барып жүгінеміз? Соның қалдырған мұрасына пана іздейміз. Рухымызды кемелдендірер витамин де сонда екенін сеземіз. Абайсыз сөз бастау қиын. Абайға соқпай кету таным көкжиегіне түскен дақ. Сондықтан, дана айтқандай, мынау кірпіш дүниенің кетігін жамауды  қазірден ойлағанымыз абзал.

Өзгенің жыртығы біздің руханиятымызға түскен тыртық-таңба. Көрсеқызарлық көпке апармайды. Өткеннен сабақ ала отырып, келешектің көшін түзегеніміз абзал! Бүтін ел болудың бұдан артық формуласы жоқ.

Мұхтар КҮМІСБЕК