АБАЙЛАҢЫЗ, БАЛАЛАР!

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 2367
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Абайлаңыз, балалар!»  атты жедел профилактикалық іс-шара ауданда биыл да жалғасын тапты. Бұл акцияның мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ, балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару.


Қыркүйектің алғашқы күнінен басталған акция айдың аяғына дейін жалғасады. Жаз бойғы демалыстан мектепке енді келген балалар тарапынан алғашқы уақытта жол қауіпсіздігіне деген немқұрайдылық, салғырттық болуы ықтимал. Осы уақытта жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне тағы бір салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға учаскелік инспекторлар, полиция қызметкерлері жаппай жұмылдырылады. 

Акция кезінде тиісті атқарушы билік органдары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мүдделі тұлғалармен бірлесіп мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде іс-шаралар жоспары әзірленіп, бүлдіршіндеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барша полиция қызметкерлері жұмылдырылды. 

1 қыркүйек – Білім күні аудандағы 33 мектептің маңында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тікесінен тік тұрып жұмыс жасады. Алғашқы қоңырауға шат-шадыман келген балдырғандар балалықпен зуылдаған көлікті аңғармай да жатты. Тіпті жол қауіпсіздігіне мүлдем мән бермеген бүлдіршіндер де кездесті. Осындай келеңсіздіктерді болдырмауға күш салған полиция қызметкерлері мектеп маңындағы әрбір баланы қауіпсіз жаяу жүргіншіге арналған арнайы орындардан өткізіп, жол ережелерін тағы бір мәрте естеріне салып жатты. Арнайы жолақтардағы жол белгілеріне назар аударып, тиісті ережеге бағынуды көлік жүргізушілерінен де талап етті. 

Учаскелік инспекторлар сыныптарға кіріп, ата-аналармен, ұстаздармен, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көпшілікті акция мақсатымен таныстырып, жол қауіпсіздігі ережелерін әрдайым сақтап жүруге шақырды. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге қарапайым жолда жүру ережелерін түсіндірді. Оларға көше бойында қалай жүріп, тұру қажеттігін, бағдаршамдар мен арнайы жолақтардан өту тәртібін де егжей-тегжейлі түсіндіріп, ақ жол тіледі. 

Акцияның алғашқы күніндегі шараға полиция бөлімі басшыларынан бастап 38 қызметкер мен 10 көлік жұмылдырылды. Олар барлық білім беру мекемелерінің маңында болды. 

Байлығымыз – балалар. Келешегіміз де сол бүлдіршіндер. Ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балаларымыздың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал. Өйткені, сақтықта қорлық жоқ...

А. Қаби
Ұйғыр ауданы