МАҚАЛ - СӨЗДІҢ МӘЙЕГІ

Уақыты: 08.09.2019
Оқылды: 4163
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мақал-мәтелдің пайда болуы мен шығу тарихын дөп басып айту қиын. «Даналық сөзден дән ізде» дегендей, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатын мақал-мәтел кез келген шығарманы кестелеп, мағынасын аша түседі. Қазақтың мақалымен кісіні ұялтып, күлдіріп, қуантып, жылатып алуға да болады.


Мақал арқылы күрделі ойды бейнелеу мүмкіндігі зор. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені жай таптырады. Жұртты ұйытып, әсерлі сөйлеген адамды тыңдай бергің келеді. 

Түсіне білгенге дұрыс, орынды сөйлей білу де өнер. Қазақтың: «Аталы сөз – баталы сөз» дегені дұрыс сөйлеу мен орынды сөйлеуді меңзейді. «Темірді қызған кезде соқ», «Сырын білмес аттың сыртынан жүрме», «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, мақал-мәтелдер сөйлем мағынасын аша түседі. 

Баяғыда даңқы елге жайылған бір хан қалың жұртқа жар салып: «Әрқайсың жаңа мақал не мәтел сөз тауып келесіңдер»,  деген бұйрық беріпті. Сонда бір қарапайым кедей адам мақал таба алмапты. Бірде-бір мақал таба алмаған кедейді: «Хан жарлығын орындамадың», – деп жазаға бұйырыпты. Хан: «Мақал-мәтел тауып айта алмаған сорлы кедейді суға батырып, тұншықтырып өлтіріңдер»! – деп жендеттеріне бұйырыпты. Жаны мұрнының ұшына келіп, қорыққан кедей дірілдеп тұрып: «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы екен ғой», – депті. Сонда уәзірі: «Мына кедей қорыққанынан жаңа мақал айтып жіберді, енді мұны өлім жазасынан құтқару керек», – деген екен. Осылайша әлгі кедей тосыннан мақал айтып, өлімнен аман қалған деседі.

«Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» демекші, кісі сөйлеген сөзінен танылады. Халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді көп білу, оларды орынды қолданып, мән-мағынасын тани білу қазақ тілінің өлшеусіз байлығын дұрыс игергендік болар еді.  Мақал-мәтел жайдан-жай пайда болмаған. Шынайы өмірден алынған философиялық тұжырымдар атадан балаға беріліп, біздің дәуірге жеткен. Халқымыздың осынау мол мұрасын орынды қолдану – біздің қасиетті парызымыз.

Гауһар ТОҚТАРБАЕВА
Талдықорған қаласы