"КӨЗІМІЗГЕ ЖАС КЕЛДІ": АЛАКӨЛДІК АЛТЫ ОТБАСЫНА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 10.09.2019
Оқылды: 1198
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алакөл ауданында алты көпбалалы отбасына тұрғын үйдің кілті табысталды.

Алды сегіз, соңы алты сәби тәрбиелеп отырған отбасылардың қуанышында шек жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында берілген баспаналар заман талабына сай.

Баспаналардың кілтін тапсыру сәтінде аудан әкімі Әлібек Жақанбаев: «Құрметті алакөлдіктер, бүгін алты отбасы жаңа үйге кіріп, қоныстой тойлауда. Бұл тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған бағдарламаның нәтижесі. Енді, міне, қаншама бүлдіршіндеріміз өз үйлерінде емін-еркін ойнап-күліп, еркін өспек. Бұдан артық бақыттың керегі де шамалы», – деді.

Облысымыздың Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұхтар Жолжанов көңілдерін бақыт кернеген отбасыларға ізгі ниетін жеткізіп, батасын берді. Киесі кимешегінен сезілген әз әжелеріміздің шашуларынан кейін жаңа үйлердің есігі ашылды.

Баспананың біріне ие болған көпбалалы ана Ләйлә Дәрменова: «Қанша жылдан бері пәтерден-пәтер кездік, құтымыз қашты. Бала-шағаның қамы үшін бір тыным көрмей, жиған-тергінімізді солардың алдына ұсындық. Алайда қанша тырысқанымызбен жеке үй алуға қаражатымыз жетпей-ақ қойды. Енді, міне, аудан әкімі Әлібек Әскербекұлы баспана кілтін табыстап жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Көзімізге қуаныштан жас келді, көңіліміз ерекше толқып тұр. Осындай бақыт сыйлаған өңір басшысына және өзге де азаматтарға үлкен рахметімді айтамын», – дейді.

Алты үй бір аулада орналасқан. Кірер қақпа мен ойын алаңы ортақ.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы