ПАЙДАЛЫ ЖОБА

Уақыты: 10.09.2019
Оқылды: 720
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде бизнеспен айналысып, қаржы табуды көздейтін жас көп. Жеке кәсібін ашамын деген азаматқа мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде.


Аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Зарина Төлегенова кәсіппен айналысам деушілерге көмек көрсетіп келеді. 2015 жылы ашылған кәсіпкерлер палатасы талай адамның кәсіпкерлік курсын оқып, жеңілдетілген несие алуына септігін тигізді. Аталмыш мекеме қызметкерлері бизнес-жоспар құрып, банктік, бухгалтерлік көмек беруге, сайт әзірлеп, заңгерлік қызмет түрін көрсетуге қол ұшын береді. Қазір мекемеде жұмыс істейтін үш адам «Бизнес бастау» жобасы аясында толымды істер атқаруда. 

– Аталған жоба ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыға үйретуге, соның ішінде ауылшаруашылығы кооперативтерін құру принциптерін оқытып, олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз тұлғаларды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру, – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Зарина Ықыласқызы. 

Курстың ұзақтығы –1 ай, топтық тәжірибелік оқыту ұзақтығы – 80 сағат, оқытуды бизнес-тренер интерактивті түрде заманауи оқыту әдісін қолдана отырып жүргізеді. Жеке оқыту бизнес-жоспар дайындаудан немесе бизнес-жобаны дамыту бойынша кеңес беруден тұрады және жалпы ұзақтығы бір топқа 120 сағаттан аспайды. Айта кетейік, оқыту тегін. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленеді. Оқу аяқталған соң қатысушылар бағдарлама бойынша 7 жыл мерзімге, жылына 6 пайыз жеңілдікпен несие (микрокредиттің ең жоғары сомасы 8000 АЕК) алуға мүмкіндік беретін, 2 жылға дейін жарамды сертификат ала алады. Жоба бойынша биыл 27 адам оқу оқып, сертификат алды. Қазір олар бизнес-жоспар құрып, несиелерін микроқаржы ұйымы арқылы рәсімдеп, құжаттарын бекітуде. Биыл төрт адам несие алып, кәсіптерін одан әрі дөңгелентпек.     

Бүгінде ауданда бизнес-жобалар аясында жетістікке жетіп жатқан адам көп. Атап айтқанда Әлия Ахметчинова, Асхат Жұлынов, Бауыржан Есболатов сынды азаматтар «Кәсіпкер» және «Игілік» бағдарламалары бойынша несие алып, ірі қара малын асылдандырумен айналысуда. Жеке кәсіпкер Сәуле Құсманова заманауи лего кірпішін шығарып жатса, кәсіпкер Аманхан Данышпан жұртқа сәнді әрі сапалы жиhаз түрлерін жасап шығаруда. 

Асхат Өмірбаев
Қаратал ауданы