ҒАСЫР ҮНІ

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 822
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында   ІІІ облыстық «Ғасырлар үні» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерінің байқау-фестивалі өтті.


Бұл басқосудың кейінгі ұрпаққа қай жағынан болсын берері мол. Себебі, оның алдына қойған мақсаты – ұмыт бола бастаған халық әндерін кейінгілерге насихаттау және дәріптеу. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына балалардың қызығушылығын барынша арттыру.

Фестивальде жергілікті өнер шеберлері мен аудандардан, Қапшағай, Қаскелең қалаларынан келген танымал ұлттық музыкалық-фольклорлық ансамбльдердің орындауындағы шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Ал кештің тұздығы – осы фестивальдің бас жүлдесіне ие болған»Күреңбел» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамбльдері болды. Олардың жетіген, сазсырнай, сыбызғы тәрізді қазақтың музыкалық аспаптарында орындаған күйлері құлақтан кіріп, бойды алғандай әсер қалдырды. Ал бірінші орыннан кегендік «Ереуіл» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі көрінді. Екінші сатыға  талдықорғандық «Дарабоз», жамбылдық «Сүйінбай сазы» ансамбльдері шықты. Тиісінше, үшінші орынды Ұйғыр ауданынан келген «Жазерке», ілелік «Сарытауқұм», көксулық «Көксу толқыны», панфиловтік «Жаркент әуендері» иеленді. 

Шара соңында сахна төріне шыққан барлық өнерпаздарға облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан ықылас гүлі сыйға тартылды.

Қабыл ИСА