"ӨЛГЕН ҚОЗЫНЫҢ ЕТІН ЖЕДІМ": ТОҚСАН ЖАСТАҒЫ АПАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 1382
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Райымбек ауданының Қаратоған ауылында дүниеге келген Нұрипа Қасымбекқызы 90 жасқа толып отыр. Әйгілі Хантәңірі шыңының етегіндегі көрікті кең жайлау Шоған сайға апаратын күре жолдың бойындағы ауылдың даңқы елімізге белгілі. Кезінде «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің: «Қазақстандағы халықтың ішінде ең ұзақ жасайтын адамдар Нарынқол жақтағы Қаратоған ауылында тұрады», - деп жазғаны бар. Ауасы таза, алтын кенінің шайындысымен ағатын өзен суы мөлдір. Сұлу қарағай, шыршалы, таулы өлке, көкорай шалғынды ауылдың азаматтарының сүйегі асыл, жүйкесі мықты болуына тұмса табиғаттың әсері болғаны анық.

Осы ауылда ел қатарлы тұрмысын реттеп, шаруасын үйлестіріп, 5 бала өсірген Қасымбек атамыз бен Рази анамыз тіршілігін дөңгеленткен жандар еді. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін қайғыдан отбасының шаңырағы шайқалып, жас балалардың ғұмырына қасірет түсетінін ешкімнің ойы түгілі, түсіне де кіріп шықпағаны анық. Буыны қатпаған бес баланың басына нәубетті ғұмыр келетінін ата-анасы сезбеді. Әкелері Қасымбек ата 1936 жылы, аналары Рази апамыз 1941 жылы қайтыс болып, балаларын аңыратып тастап кете барды.

Баланың үлкені Нұрипа апамыз 12 жаста, інісі Мұқаметқали 9 жаста, сіңлісі Нұриша 5 жаста еді. Осылайша 1936, 1941 жылдар оң мен солын енді тани бастаған балалардың санасында мәңгілікке қалды. Зұлмат жылдарды еске алудың өзі қорқынышты. Қазақ халқына қолдан жасалған қырғын мен зобалаңнан кейін жалғасқан ашаршылық  елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Жетім балалар осы кезеңде өмір сүріп, тіршіліктің диірменінде шыңдалды. Өткен өмір жолын сұрағандарға Нұрипа апа: «Есіме алып, ойға түсіргім келмейді, шырағым», – деп күрсінгенімен еріксіз әңгімесін бастап кетеді.

- 1941-1944 жылы бір үйден тірі жетім болып үшеуміз қалдық. Үлкен ағамыз соғысқа кетті. Жеңгеміз үйден кетіп қалды. Әпкеміз күйеуге тиіп кетті. Оның да жағдайы мәз емес еді. Күйеуі соғысқа кеткен. Қолында қарап, бағып отырған кәрі ата-енесі бар. Сонымен, қаңыраған үйде қалған үш жетімге ұжымшар: «Жандарыңды бақ!» деп елдің бәріне бергендей бізге де бір өгізді бас жібінен жетелеп әкеп, қолымызға ұстатқан бақташы: «Міне, осы өгізбен тіршіліктеріңді жасап, өмір сүріңдер!» - деді. Сонымен, әлгі өгізбен өлместің күнін көрдік. Мен өгізді жетелеймін, інім  қамшылайды, – деген апаның даусы қарлығып, көрген қиындығын әңгімелей түседі. - Көктемде соқамен жер жыртып, егін айдаймыз, топырақты қайтара тырмалаймыз. Күзге қарай орылған бидайды баулап, тұлықтасқа саламыз. Күзде жиын-терін аяқталысымен таудан даярлаған отынды ауылға тасимыз. Осылай жуас жануардың күшімен жан бақтық. Бірде, қыстың соңғы күндерінің бірінде Байынқол өзенінен өтіп, биік таудың басынан отын алып келе жатқанбыз. Елдің соңында қалыппыз. Бір кезде жоғары жақтан гүрілдеген дауыс естілді. Қолға әбден үйреніп қалған жануарды қақпайлап, тездете судан шығып үлгердік. Сол-ақ екен қар суы аралас сең гу етіп өте шықты. Көрер күн, татар дәм-тұзымыз бар екен, әйтеуір, бір апаттан аман қалдық. Сол күнгі сел әлі күнге есімде. Осындай ауыр жұмыстардан әр көктем сайын аяғымыздың буыны ісіп жүре алмай қалған кездеріміз де болды. Әйтеуір, ауылдағы көзі қарақты ата-апаларымыздың ақыл-кеңесімен емдеп-домдап жұмысқа араласып жүрдік.

- Бірде екі тізем мен буыным ісіп, тістерімнің түбі қанап, әлсіреп, жүре алмай қалдым. Бір емші ақсақал: «Шырағым, сен қойлы ауылға барып, түсік болып, өлі туған қозыларды пісіріп же. Содан кейін тастай суық бұлақтың суына түсіп жатқын. Осыдан жазыласың», - деген ақыл айтты. Сонымен Толымбек атаның ауылына бардық. Үш ұзын бақанның басын біріктіріп, үстіне қалған-құтқан киіз, текемет жауып жаппа жасап берді. Сонда інім, сіңлім үшеуміз жатамыз. Өлген қозының етін шәугімге асып береді. Жиіркенішті болса да амал жоқ. «Осыдан жазыласың!» деген сөзден соң тәуекелге барасың. Көзді тарс жұмып, жей бересің. Одан кейін марқұм інім Мұқаметқали мені мөшекке салып, жақын жердегі бұлаққа қарай сүйрейді. Шаршағанда демалып, аз жерге жетіп жығылады. Одан соң қайта сүйреуге тырысады. Жатқан күйімде қозғалып, ырғалып демеу беремін. Алланың назары түсіп, көп ұзамай тәуір болдым. Күнкөріс, жанбағыс, өмірге деген күрес осыдан кейінде жалғаса берді.

- Жаз шығысымен апалардың қасына қосып қой, сиыр сауынына жібереді. Сауылған сүттен май шайқап, құрт қайнатамыз. Айран ұйытып, ірімшік жасаймыз. Оның барлығын арбаға тиеп, «соғысқа, армияға жібереміз» деп аудан орталығына жеткізетінбіз. Ұзақ сонар жолдан аузымыз кеберсіп, әлсіреп қаламыз. Бірақ өмір сүруге деген  талпыныс алға сүйрей түседі. Бауырларымның жәудіреген көздерін көргенде жанымды қоярға жер таппай кететінмін. Солар үшін де өмір сүргім келді. Жігерлендім, бекіндім. Ол кезде демалу, ұйқы қандыру, қарын тойып тамақ ішу  түске де кірмейтін. Атқарған жұмысымызға екі уақыт бір шыныдан аспайтын азын-аулақ бидай немесе арпаның талқанын береді. Үшеуміз соны үнемдеп, күні бойы талшық етіп, өлместің күнін көрдік.

1947 жылы 18 жасқа шыққан Нұрипа Қасымбекқызы Нарынқол ауылының азаматы Нұрмұхан Саретбаевқа тұрмысқа шығады. Адал жан, мейірбанды, атпал азамат Нұрмұхан атамыз келіншегінің бауырларын өз қолына қамқорлыққа алады. Сөйтіп, олардың ержетіп, ел қатарына қосылуына жағдай жасайды. Адамгершілігін, парасаттылығын жетім балалардан аямаған.

Жасынан еңбекке араласып, әр істі қашанда тындырымды атқарған анамызды отбасылы болған күннің өзінде ұжымшардағы шұғыл жұмыстарға жұмсап отырған. Бірде таудан ағаш дайындап жатқан жұмысшыларға тамақ жасап беретін әйел ауырып қалады. Сол шаруаны тындыру үшін жаңа туған жас нәрестесімен амалсыздан аттанады. Басшылардың айтқанына қарсы болмай, жұмсағанына жүрген. Шаруаны бітіріп, қайтар жолда бауырындағы сәбиімен қарлы-боранға тап болады. Суық тиіп, баланың дене қызуы көтеріліп, ауырып үйге келген соң шетінеп кетеді. Қазір солай жіберіп көрсінші ауылдық округ әкімі істі болады. Сондай қиындықтарға қарамастан Нұрипа апамыз ауыр жұмыстан қол үзбеген. Жастайынан бауырларының киімін бүтіндеп беретін шеберқолды апамыз ауыл адамдарының да киімін пішіп, тігіп, алғыс арқалайды.

Соғыстан кейін Нарынқол ауылында ашылған «Халыққа тұрмыс-қажет көрсету орталығына» жұмысқа тұрған Нұрипа апамыз түскі ас кезінде үйге қалдырған шиеттей балаларына асығады. Балапандарының тамағын берген соң жұмысқа кетеді. Осылайша уақыт таба жүріп, ұрпағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Осы мекемеде ұзақ жыл бойы жұмыс істеп, зейнетке шығады. Ауыр да қиын күндерді өткеріп, жоқшылық пен ашаршылықты бастан кешірген, қаршадайынан жетім қалған бауырларын жетелей жүріп, ел қатарына қосқан ананы қайсар демей көріңіз. Ниет-пиғылы түзу, ықылас-пейілі ашық, ешкімнің ала жібін аттамаған, жүзінен мейірім төгілген ана бүгінде 90 жасқа келіп отыр. Нұрмұхан атамызбен отасқалы 11 құрсақ көтеріп, дүниеге 4 қыз, 7 ұл әкелген Нұрипа Қасымбекқызы бұл күнде 9 баласын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Балаларынан көрген 23 немере мен 13 шөберенің қуанышын қызықтап, ұрпағының жалғасқанына куә болып отыр.

Анамыздың еңбегі елеусіз қалмады. «1941-1945 жылдардағы Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысы аяқталғанына 30-40-50-60-65-70 жылдық жеңісі» медальдарымен, «Еңбек ардагері», «Алтын алқа» төсбелгісімен, «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Бүгінгі күні бүкіл ауыл, аудан халқы Нұрипа апамызды 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды ниеттерін білдіріп жатыр. Анамызға: «Өткен күннен келер күніңіз кемелді, денсаулығыңыз мықты болсын!» деген тілек айтамыз.

Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы