ҚАТАҢ ЖАЗА КЕСІЛДІ

Уақыты: 10.09.2019
Оқылды: 835
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде ең көп орын алатын қылмыстың қатарына мал ұрлығы жатады. Сондықтан да болар, Жетісу жерінде тұяқты малынан айырылып, сан соғып қалатындар қатары сиремей тұр. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер алқасы Ақсу ауданында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топқа кесілген үкімді қайта қарап, өз басын арашалап қалуды көздеген ұрыға жаңа жаза кесті.


Сот үкіміне қарап отырсақ, оқиға 2017 жылғы қазан айының 21-нен 22-не қараған түні Ақсу ауданы, Көлтабан ауылындағы «Кененбай» деген мал қораның маңында жүрген 36 бас жылқыны айдап кетуден басталған. Ақсу ауылының 1974 жылғы тумасы Берікбол Намазбеков күні бойы қалың жылқыны аңдып жатады да қараңғы түсе Ескелді ауданы, Қоңыр ауылының 1980 жылғы тумасы, танысы, Таңат Қорғасбаевтан сұрап мінген атпен жирен төбел айғыр бастаған жылқы үйірін айдап жөнеледі. Түнделетіп жүріп, Талдықорған қаласының шығыс жағында орналасқан әскери бөлімнің маңына айдап әкеліп, Ескелді ауданы, Сырымбет ауылындағы өз үйіне жеткізу үшін Ақсу ауданы Өнім ауылында 1973 жылы туған Бақытжан Баймұхановты көмекке шақырады. Ол өз кезегінде Ақсу ауданы, Ақсу ауылының 1978 жылғы тумасы Қаблан Тұтқышбаевты ерте келеді. Ақырында үшеулеп үйірде жүрген бір атты ұстап мінген Тұтқышбаев үйірлі жылқыны айдап Сырымбет ауылына бет алады. Баймұханов болса тақымы майланған жігіттерді күтіп алу үшін автокөлікпен жолға шығады. Осылайша қалың жылқы қолды болып, ұрылардың  май шелпегіне айналып шыға келді.

«Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. 26 қазан күні 36 бас жылқысының жоғалғанын естіген Зейнелхан Ғалиев бірден іздестіруге кіріседі. Тұяқты малдың шөбі шүйгін жайылым іздеп ығып жүре беретінін ескеріп, алғашында алыс-жақын маңды автокөлікпен шолып шығып, із шалады. Бірақ күн өткен сайын малының дерегі ұзай берген соң жан-жақтағы таныстары мен әріптестеріне сұрау салдырады. Ақырында әлдебір танысы Талдықорғандағы ет базарында «07» таңбалы жылқы етінің саудаланып жатқандығын, еттің Ескелді ауданындағы Сырымбет ауылынан келіп жатқанын айтады. Ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Зейнелхан Ғалиев 28 қазан күні арыз жазып, полиция қызметкерлерімен Сырымбет ауылының Сарноқай көшесіндегі №56 үйге барады. Дәл есіктің аузында Ақсу ауданы, Ақсу ауылының 1974 жылғы тумасы Болат Солтанбаевқа тиесілі «Ауди-С4» маркалы, 914 UYA 05 нөмірлі автокөлігі қаралады. Онда терісі сыпырылмаған күйі белінен екіге бөлінген жылқы еті салыныпты. Дәл сол кезде ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері Берікбол Намазбеков, Бақытжан Баймұханов, Қаблан Тұтқышбаев, Таңат Қорғасбаев оқиға орнынан қашып, бой жасырады. 

«Ұрының адымы қысқа» дегендей, аталған күдіктілер полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шарасымен жан-жақтан ұсталады. Осылайша аттары аталған адамдар облыстық полиция департаментіне қарасты тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Д. Шамудың тергеп, тексеруі кезінде істеген қылмыстарын мойындап, үйірлі жылқыны қалай саудалағандарын толық айтып береді. Тергеу шарасы түгелдей бейнекамераға жазылған. Сонымен малдың иесі жылқыларын тапқан кезде 12 тұяқ жылқының сатылып яки сойылып кеткенін біледі.

Тергеу кезінде бар шындықты мойындап, мал ұрлығына қатысы барлығын растаған күдіктілер Ақсу аудандық соты қараған сот мәжілісі кезінде кейбір мәліметтермен келіспейтіндерін айтып, жазадан жалтарады. Соның әсерінен болар, үйірлі жылқыны айдап келген Берікбол Намазбековтің мінуіне ат беріп, жылқы сойысуға қатысқан Таңат Қорғасбаев өзінің қылмысқа қатысы жоқтығын алға тартады. Одан бөлек, оқиға орнында ұсталған автокөліктің иесі Болат Солтанбаев жылқыны саудалау үшін сатып алғанын алға тартып, қылмысқа қатысы жоқтығын айтса, Ақсу ауданы, Үлгілі ауылының 1974 жылғы тумасы Саятбек Тынышбаев үйірлі жылқыны ұрлаған Намазбековке жылқыны көрсетіп бермегенін айтып, ақталады. Алайда тергеу кезінде Т. Қорғасбаев пен Б. Солтанбаев жәбірленуші З. Ғалиевке бір-бір жылқы айыбын төлеп, өздеріне тағылған айыптан құтылуға тырысқан. Осылайша өз бастарын жазадан құтқаруға тырысқан күдіктілер көптеген жайттың басын ашуға септеседі. Тіпті Сырымбет ауылы, Сарноқай көшесіндегі №56 үйдің иесі Берікбол Намазбековтің қылмысқа жалғыз барғанын айтушылар оның денсаулығында психологиялық ауытқуы бар деген анықтамасы барлығын алға тартады. Бірақ «ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалы Астана қаласы бойынша сот сараптамалары институтының мамандары күдіктіні қайтара тексеруден өткізіп, бұрын медициналық тіркеуде тұрғанын растады және 36 бас жылқыны ұрлаған кезінде ақыл-есі дұрыс, істеген ісін толық білетінін ескеріп, тергеу мен сотта өз еркімен жауап бере алатынын нақтылайды. Осылайша қылмыстан жалтара алмаған Б. Намазбеков өз кінәсін мойындады. Осыған орай Ақсу аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы, 4 бөлігінің 3 тармағында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін Б. Намазбековті 6 жыл, 6 ай мерзімге, Қ. Тұтқышбаевты 5 жыл мерзімге, Б. Баймұхановты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, күдіктілер С. Тынышбаевтың, Т. Қорғасбаевтың, Б. Солтанбаевтың ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 4 бөлігінің 3 тармағында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасауға қатысы жоқтығына байланысты босатуға шешім шығарады.

Осылайша неше жыл бойы өсіріп, баққан малының 12 басынан айырылған жәбірленуші Зейнелхан Ғалиев Ақсу аудандық соты шығарған үкімге наразылық танытып, апелляцияға береді. Биылғы шілде айының 30-ы күні қылмыстық істі толық қарап шыққан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ербол Құтпанбаевтың төрағалығымен өткен екінші сатыдағы сот отырысы мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерге Ақсу аудандық соты шығарған үкімді толықтырып, ақталған Таңат Қорғасбаев пен Болат Солтанбаевқа жаңа айыптау үкімін шығарды. Яғни, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 387-390, 392, 393, 395-398, 401, 402 баптарын басшылыққа ала отырып     Т. Қорғасбаевқа  ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5 бөлігі, 188-бабының 4 бөлігі, 3) тармағында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал, ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабы 1 бөлігімен кінәлі деп танылған Б. Солтанбаевқа 60 сағат мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту жазасы белгіленді.

Ұрлық малды сою кезінде қылмысқа қатысы бар күдіктілердің үстінен түскен Зейнелхан Ғалиев күллі Ақсу ауданына жаман ат келтіргендердің жазасы бұдан да ауыр болуы тиіс деп есептейді. Соған орай Жоғарғы Сотқа дейін шағымданатынын айтады. Сонымен қатар, қылмысты болдырмауға тікелей қатысы бар полиция қызметкерлерін өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі, мал ұрлығын құрықтауда селқостық таныту халықтың тәртіп сақшыларына деген сеніміне селкеу түсіреді.

Міне, Жетісу жұртшылығын дүр сілкіндірген ірі көлемдегі мал ұрлығының ақыры осылайша түйінделді. «Ұрлық түбі – қорлық» деген осы болса керек.

Мәди АЛЖАНБАЙ