Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖЫНЫСТЫҚ ЖИҺАД": ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ ДІН ЖӘНЕ ӘЙЕЛ ТАҚЫРЫБЫ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 70

Тіл сарайында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Қоғамның дамуы мен Рухани жаңғыруындағы әйелдердің рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Шара қоғамдағы әйел-ананың рөлін насихаттау мен діннің өзекті мәселелерін талқылауды көздеді. Жиын басталмас бұрын жиналғандар тақырыпқа сай әзірленген бейнеүзікке назар аударды.

Шараны ашқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов әйелдердің қоғамда, дінде алар орнына тоқталып өтті.

– Дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар қатарында қыздар мен әйелдер де бар. Олар ханафи мазхабының Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатынын біледі, мойындайды және өздері осы бағытты ұстанып жүрміз деп есептейді. Алайда өздерінің көзқарас-ұстанымдары дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиясының негізінде қалыптасып үлгергенін сезінбейді. Бұл әдетте діни мәліметтерді өз бетінше ізденіп оқып жүрген, әсіресе, ғаламтордағы уағыздарды тыңдайтын қыздар мен әйелдерге тән жағдай. Соның салдарынан радикалды топтар арасында әйелдер санының көбеюі, террористік белсенді аймақтарға әскери күш ретінде қатысуы және жалған «жыныстық жиһадқа» тартылып, соғыс аймақтарында тән қызметін көрсетушілер ретінде пайдаланылу жағдайы орын алуда. Бұл «Жусан» әлеуметтік операциясының шеңберінде қайтарылған өңір азаматтары және олардың балаларымен атқарылған жұмыс барысында көрініс тауып отыр. Дәстүрлі емес ағым идеологиясына арбалған әйелдер ерінің нұсқауына бағынып, балаларын да осы бағытта тәрбиелеуде. Мектеп жасындағы қыздарға хиджаб кигізу, балаларын «Өзін-өзі тану», «Биология», «Бейнелеу өнері» секілді пәндерге, дене тәрбиесі сабағы, би үйірмесіне қатыстырмау, екпеге қарсылық білдіру сынды зарарлы әрекеттерге алғышарт болып отыр. Бұл секілді мәселелер тек ислам бағытын ұстанушы әйелдер арасында ғана емес, басқа да діни бағыт өкілдері арасынан да көрініс табуда. Сондықтан, діни сенімнің дәстүрлі арнадан ауытқуы негізінде туындайтын қатерлердің алдын алу – уақыт күттірмейтін мәселе, – деді басқарма басшысы.

Бұдан соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева сөз алып, діннің өзекті мәселелері мен ананың бала тәрбиесіндегі орнына тоқталса, ҚР ҰҚК психология кафедрасының аға оқытушысы, подполковник Лола Шакимова Сириядан жеткізілген аналармен, балалармен жұмыс істеудегі кейбір психологиялық мәселелерді алға тартты. №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанна Нүсіпова «Жусан» операциясы жайында баян етті.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева әйелдердің тек отбасы, ошақ қасының иесі емес, елінің, жерінің қорғаны да бола білгенін айта келіп, аналарды балалардың болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

– Бала деген секіріп, ойнап, жүгіріп өсуі тиіс. Кейбір ата-аналар оқушы қыздарға хиджаб кигізіп, тұмшалап, баланың еркіндігін шектеп қояды. Бүлдіршін қыз тұрмақ қазақ әйелдерінің өзі орамал тартқанымен оранбаған. Сондықтан бұл бізге жат. Балаға кішкентайынан намаз оқытады. Мұның бәрі уақытымен келетін нәрсе. Сондықтан ондайға жол бермеу керек, – деді ол.

Әйелдердің қоғамдағы орны мен дін жайын сөз еткен жиын бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған өзекті мәселелерді талқылауымен де мәнді болды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Сурет ғаламтордан алынды