ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТЕН САҚ БОЛ!

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ерте жүктілік жасөспірімдер арасындағы көкейкесті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселеде біз жас әйелдің ағзасы әлі нәрестені жетілдіруге даяр еместігін назарға алуымыз тиіс.

Жасөспірім мұндай уақытта жүктілікті әрмен қарай жалғастыруы қажет пе, жоқ, әлде жүктілікті үзу керек пе деген екіұшты ойда болады. Егер бойжеткен нәрестені алдырып тастауға бел буса, онда гинекологиялық мәселелер туындайтынын ұмытпауы қажет. Кейде мұның соңы бедеулікке соқтыруы мүмкін. Ал жүктілікті жалғастыратын болса, жас әйелдің ағзасы күрделі өзгерістерге түседі, нәрестенің жатыр ішінде дамуы өрбиді, бала тууға, ана сүтімен тамақтануға даярлық жүргізіледі.

Жасөспірімдер арасындағы ерте жыныстық қатынастың салдарынан жұқпалар тарайтынын, оның салдарынан әртүрлі созылмалы аурулар дамитынын ұмытпайық.

Жүктілік кезінде жүрек-қантамырлары жүйесінің жұмысы арта түседі, ол өз кезегінде бауыр, бүйрек жұмысын белсендіреді. Осындай күрделі мәселені және нәрестені толық 9 айына дейін  дамытып жеткізуді даярланбаған жасөспірімдердің ағзасы көтере алмауы хақ. Жетілмеген және дене салмағы дұрыс емес нәрестелердің көбін жасөспірімдер туып жатқанын ескеру қажет. Дамыған мемлекеттерде жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 70 пайызы абортпен, 15 пайызы түсікпен, тек қалған 15 пайызы нәрестені туумен аяқталады.

Неліктен дамыған ғасырда осындай жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі туындап отыр? Негізгі себеп — жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру жағы жеткіліксіз немесе жоқтың қасы. Жасөспірімдер арасында неке қиюға итермелейтін «кездейсоқ» жүктілік тағы бар. Жасөспірімдер бұл жағдайға психологиялық және физиологиялық тұрғыда даяр емес. Осындай  жар болуға жетілмеген жастардың арасында құрылған отбасы ажырасумен аяқталады, балалары толық емес отбасында өседі. Ата-ана жылуын сезінбейді, тәрбиесі де нашар болады.

Ерте жүктіліктің алдын алуда:
1. Отбасын жоспарлауға көңіл бөлу;
2. Жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпаларды емдеу және алдын алу;
3. Жалпы білім беру мектептерінде жасөспірімдерді жыныстық тәрбиемен қамтудың маңызы зор.

А. СМАЙЛОВА,
«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы» ЖШС маманы