БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 818
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үштөбе қаласындағы М. Горький атындағы орта мектепте «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қаратал аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз И. Косенковтың құрметіне шахмат, дойбы ойынынан аудандық турнир өтті. 

Жарысқа мектеп оқушылары, ересектер мен ардагерлер қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында спорт ардагері Жолдасбай Әлімбеков, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бағлан Берлінбаев, Үштөбе қаласы ардагерелер ұйымының төрағасы Бақберген Ибраимов сөз сөйлеп, батыр атындағы турнир Үштөбе қаласы мен бірнеше ауылдық округтерде өткенін айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ақыл-ой сайысына қатысушылар аянып қалмай, әбжіл  әдіс  қолданып, тартысты ойын өрнегін  көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша дойбыдан  Д. Аюпов  1-орынды жеңіп алды. 2-орынға  Р. Жеңісов ие болса,    Д. Аюпов 3-орынға табан тіреді. Шахмат ойынында Д. Байлебаева 1-орынды жеңіп алса,    А. Өмірбаев 2-орын иеленді. Ал Б. Берлінбаев 3-орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық  ақсақалдар  алқасаның  төрағасы  С. Бековтың Мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапатталды. 

Асхат БАҚЫТҰЛЫ
Қаратал ауданы