БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 1492
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Бір арман» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен Алакөл аудандық орталық ауруханасында бүлдіршіндерге арналған ойын бөлмесінің салтанатты ашылуы өтті.


Ойын бөлмесінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов арнайы келіп, балалар мен аналарға құттықтау тілегін жеткізді. Осындағы түрлі ойыншықтар сәбилердің сырқатынан тез айығып кетуіне септігін тигізіп, көңілін көтерсін деген ізгі ниетін жеткізді.

Аудандық орталық аурухананың директоры Асхат Бутабаев «Бір арман» қайырымдылық қорына бүлдіршіндерге осындай сыйлық жасап, сауапты істің көшбасынан көрініп жатқандары үшін алғысын білдірді. 

«Біздің мұндағы басты мақсатымыз – балалардың қуанышы ғана. Мұнда келіп ем қабылдайтын бауыр-қарындастарымыз ауруханадан тек сырқатынан айығып қана емес, сонымен қатар, бір-бірімен ойнап, күліп, тәніне, жанына түскен ауыртпалықты ұмытып шығады деген ойдамыз. Бұл шараға атсалысқысы келген азаматтар да көп болды. Соның арқасында бар-жоғы екі күннің ішінде керекті қаражат жиналып, қажетті ойыншықтар алынды, – дейді «Бір арман» қайырымдылық қоры жетекшісінің орынбасары Айжан Жанатова.

Жастар жылы аясында жалауын желбіреткен акция барысында Қазақстанның болашағын ұстар жеткіншектерге қомақты қаржыға арнайы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, ойын бөлмесіне ем-дом қабылдап жатқан балалардың көңілін көтеріп, сауығып кетулерін жеделдету мақсатында сырғанақтар, құрғақ бассейн, велосипедтер, үлкен ойыншық көліктер, сонымен қатар, музыкалық аспап, доп, резіңке аттар қойылды. 

Бұл «Бір арман» қайырымдылық қорының алғашқы яки соңғы жұмысы емес. Алдағы уақытта да қор тарапынан сауапты істер атқарыла бермек.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ