Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖОБА ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 41
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Бұл жолғы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданды. Сегіз айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің қалай орындалғаны да осы жиында белгілі болды.


Жолдауға қатысты құжатпен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды. Айтуынша, жоба 5 бағыт, 81 іс-шарадан тұрады. Мәселен, «Заман талабына сай тиімді мемлекет» атты I бағытта 11, «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты II бағытта  15, «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» атты III бағытта  27, «Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» атты IV бағытта 18, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» атты V бағытта 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған. 

Осыған байланысты Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер аталған құжатты Президент мақұлдағаннан кейін бірден алға қойылған міндеттерді орындауды бастау керек. Біз алға қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлескен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет», – деді. Ендігі кезекте Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының қабылданған жобасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бекітуге жіберілмек. 

Ал екінші мәселеге байланысты ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев және Әлихан Асханұлы баяндады. Лауазымды тұлғалардың айтуынша, халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы қаңтар-мамырда 486 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бірнеше пайызға өскен. Жыл басынан тамызға дейінгі жалпы ішкі өнімнің өсімі былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызды құраған. Құрылыс, сауда, көлік саласы, ауылшаруашылығы, байланыс қызметі, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, түсті металдар өндіру мен мұнай өңдеу салаларында өсім бар. 

Асқар Ұзақбайұлы негізгі көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында экономикалық өсімнің байқалғанын атап өтті. Ал Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты жағдайды қысқа мерзім ішінде түзеуді тапсырды. 

Сондай-ақ, жиында республикалық бюджетке кіріс көзінің артып, республикалық бюджеттің игерілуі 98,9 пайызды құрағаны айтылды. Бюджеттің толық орындалмауына қатысты ой қорытқан Үкімет басшысы бюджет қаражатын толық әрі уақытылы игеруді міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА