Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ - ОРТАҚ МІНДЕТ: МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ МАҚАЛА ЖАЗДЫ

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 103
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысының кез келген Жолдауы Қазақстан қоғамының ерекше қызығушылығын тудырады. Себебі, бұл мемлекет пен қоғамның белгілі бір уақыт шеңберінде дамуының бағыттарын белгілейтін негізгі стратегиялық құжат.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының ерекшелігі – оның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталғандығы. Ең маңыздысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен бүгінге дейін жүргізіліп келген саясаттың сабақтастығын сақтап, қолға алынған жүйелі реформалардың одан әрі жалғасуын қамтамасыз етуге күш салуында. Бұл алдағы уақытта Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстың дәйекті жалғасын табатынын білдіреді. Жолдау халықаралық сахнада орын алып отырған теке-тірестер мен әлемдік тауар, жұмыс пен қызмет нарықтарындағы бәсекелестіктің үдеуі жағдайында Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету тұрғысында ерекше маңызға ие.

Жолдаудың негізгі мәні еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің жаңғыруына және қоғам мен билік арасында үнемі жүргізіліп отыратын, дамудың жаңа көкжиектеріне шығуға мүмкіндік беретін сындарлы диалогты қамтамасыз етуге бағытталуында. Содан кейін де Мемлекет басшысы азаматтардың сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл уақытылы енгізіліп отырған бастама, себебі, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді қоғамның шынайы мүдделері мен сұраныстарымен салыстыра отырып шешетін уақыт келді. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне ие болғаннан кейінгі демократияландыру мен либерализациялау үдерістерінің жаңғыруымен сипатталған кезеңде қалыптасқан жаны ояу, көзі ашық азаматтардан тұратын қазіргі қоғамның мемлекетте жүріп жатқан процестерге бойкүйез қарап отырушы рөліне келісе қоймайтындығын қазіргі уақытта қылаң беріп жатқан көріністерден-ақ айқын аңғаруға болады. Керісінше, азаматтық қоғам өкілдері өз ойларын билікке еркін жеткізіп, мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шешімдерге ықпал етуді, жергілікті маңызы бар өзекті мәселелер мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметінде орын алып отырған кемшіліктердің жария талқыланып, жойылғанын қалайды. Осыны ескере келе республикада жүріп жатқан үрдістерге қатысты көпшіліктің пікірін білу үшін Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып отыр. Сонымен бірге Президент егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алатынын  атап айтты. Яғни, тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет.

Осыған орай билік пен қоғам арасында диалог қалыптастыру бағыты бойынша облыста да бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын атап кеткен орынды. Таратып айтар болсақ, 2016 жылдан бері үштен екі бөлігі азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын 1 облыстық, 17 аудандық және 3 қалалық қоғамдық кеңес құрылып, нәтижелі қызмет атқаруда. Қоғамдық кеңестердің міндеттері төмендегілер болып табылады: бірінші, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, екінші, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, үшінші, қоғамдық бақылауды ұйымдастырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімдері міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасының ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында жарияланып, қоғамдық кеңестермен жария талқыланғаннан кейін ғана қабылдануда. Сонымен қатар, облыс, аудан әкімдері мен жергілікті атқарушы органдарының басшылары Қоғамдық кеңестер алдында атқарып жатқан қызметі туралы есеп беріп, азаматтық қоғам өкілдерімен осы жөнінде пікір алмасады және алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндайды.

Өз Жолдауында Президент халықпен тиімді кері байланыс орнату мәселесіне де ерекше ден қойды. Президент көп жағдайда жергілікті жұртшылық мемлекеттік органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты оған жүгінуге мәжбүр болатынын алға тарта отырып, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бәрімізге ортақ міндет екендігін қадап айтты.

Расында, бұл уақытылы қолға алынып отырған маңызды шаруа. Өйткені, қазір жергілікті билік органдарында көкейіндегі мәселелерді шешуден күдерін үзіп, төтесінен Президент пен Үкіметке өтініш пен шағымдарды жолдап жатқан азаматтар жоқ емес. Мемлекет басшысы белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдарды нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар деген тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдау қажеттігі туралы ескертті. Мемлекеттік органдардың қызметінде орын алып отырған олқылықтар жайында қайталанып жатқан өтініштер мен шағымдар туралы мәселенің осы тұрғыдан қойылуы осы мемлекеттік органдар басшыларының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараумен байланысты міндеттердің атқарылуына деген көзқарастарын түбегейлі өзгертуіне түрткі болады деп айтуға болады.

Президенттің ағымдағы Жолдауы – түбегейлі ойластырылған бағдарламалық құжат, соған сәйкес жоғарыда аталып кеткен мәселелермен қатар митингілер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру, тиімді шағын және орта бизнеске жағдай жасау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, салық салу, Ұлттық қорды тиімді пайдалану, білім беру сапасын жақсарту, отбасы және бала институтын қолдау,  медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, зейнетақы жүйесін дамыту, жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін арттыру, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау, урбанизация мен тұрғын үй саясаты және инфрақұрылымды дамыту мен экология мәселелерінде жаңғырту жүргізіледі.

Қорыта айтқанда, облыстық мәслихат депутаттары Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын ықыласпен қарсы алып, осы бағдарламалық құжаттың негізгі ережелерін түсіндіру жұмысына белсене кірісіп кеткенін және онда қойылған мақсат пен міндеттердің жүзеге асырылуына барынша атсалысатынын атап өткен орынды.

Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ,

Алматы облыстық мәслихат хатшысы