БІЛІМГЕРЛЕР САЙЫСЫ

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 1547
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде «Өнерлі  өрге жүзер»  тақырыбында топаралық сайыс өтті. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бұл сайыстың мақсаты – «Дизайн»  мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, кәсіби біліктіліктерін анықтау. 


Бұл сайыстың жастардың мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыру мен кәсіптік шеберліктерін дамытудағы маңызы зор. Сайысқа 270-топ студенттері қатысты. Жарыс екі байқау кезеңінен тұрды.  Бұл екі бөлім теориялық және тәжірибелік түрде жүргізілді.

Бірінші кезеңде тест сұрақтары бойынша студенттердің теориялық білімдері тексерілді. Тапсырма 4 нұсқаға бөлініп, әрқайсысы  25 сұрақтан тұрды. Оған толықтай жауап берілгеннен кейін ғана сынақ қорытындысы шығарылып, студенттер екінші кезеңге өтуге мүмкіндік алды.

Тәжірибелік түрде жүргізілген екінші кезеңнің шарттары  бойынша А4 форматы бетіне әріптің дұрыс орналасуын қадағалау және шрифт формасын өзгертіп алмау, жұмысты толық аяқтау мен ұқыпты орындау талап етілді. Бұл кезеңнің өзі екі тақырыпты қамтыды. Олар: «Дизайн» сөзін А4 форматы бетіне дұрыс орналастырып жазу және ПВХ-дан көлемді әріп шаблоны бойынша стилизацияланған көлемді әріптер жасау. Екі кезең де балдық жүйемен бағаланады. Ең жоғары балл – 5-ті құрады. Сонымен, екі күнге созылған бұл сайыстың қорытындысы бойынша  270-топ студенттері ішінен үздік шыққан үш студент – Жанерке Махметова, Диана Сейтқұл, Айдана Түсіпбекова жүлделі орындарға ие болды.

Бұл топаралық жарыс қана емес, жастардың өз қабілеттерін анықтауға мол мүмкіндік берген сайыс болды. Болашақ мамандығын дұрыс таңдай білу – бұл әрбір жастың арманы. «Жақсы мамандық – жақсы болашақтың бастауы» демекші, өз кәсібінің иесі болу үшін көп ізденіс, оқу, білім алу және де бастысы, мамандығына деген сүйіспеншілік керек. Бұл бастама әлі де өз жалғасын тауып, жастардың қабілеттерін шыңдауға әрі үлкен байқауларға қатысуына жол ашады.

Саят НҰРМҰХАНБЕТОВ,
Талдықорған гуманитарлық-
техникалық колледжінің өндірістік  оқыту шебері