ҰЛЫ ДАЛА ӨНЕРІ

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1830
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Достық үйінде облыстық ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен «Ұлы дала өнері» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Шараның мақсаты – бабадан жеткен қолөнер туындыларын насихаттау. 


Жастар жылы аясында ұйымдастырылған көрмеге ата-әжелерімізбен қатар жас шеберлер де қатысты. Олар өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын көпшілікке паш етті.

Шараны облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт ашып, көрмеге қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді. 
– Жастарды тәрбиелеудің бірнеше жолы бар. Соның бірі  – қолөнерге баулу. Халқымыздың сан ғасырдан бері келе жатқан қолөнерін білу арқылы өткенімізді, тарихымызды танимыз. «Біз кімбіз? Қайдан шықтық?» деген сауалдарға жауап іздейміз. Өзіміздің өнерлі елдің ұрпағы екенімізді сезінеміз. Жастар соған қызығып, ата-баба жолын жалғастырсын, өнеріміз ұмыт болып қалмай, өркендей берсін деген ниетте бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Оған жастардың да қатысуы бізді қуантуда, – деді. 

Қатысушылардың көрмеге қойған бұйымдары әралуан. Мәселен, Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылынан келген қария Төленбай Омар ер-тоқым мен қамшының түр-түрін, Сарқан ауданынан қатысушы Айгүл Орынбек көрпе, түскиіз, сырмақ, ал ұлы Қуаныш Нұргелді ағаш ыдыс-аяқ, астауларды көпшілік назарына ұсынды. Іле ауданынан келген қарт ұстаз Бәкір Нұрсейітұлы сурет көрмесін, Райымбек ауданы, Бөлексаз ауылының шебері Қызайбай Бейсенов зергерлік бұйымдарды, Талдықорған қаласының қолөнершісі Нұртай Шынғожанова құрақ көрпе, жастықша, шәлілердің түр-түрін қойды.

Жамбыл аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күміс Кемелбекова киіз үйдің ішкі-сыртқы бұйымдарын «Ақ отаудың жұмбақтары» деген атпен ұсынды.  
– Қазақтың көне  бұйымдарынан құралған 120 затты жинадық. Осыны кітап етіп шығарсақ деген ойымыз бар. Көрмеге киіз үй, оның ішкі-сыртқы жабдықтарын  қолмен тігіп, дайындадық. Қазақтың көш-керуенін көрсетуге тырыстық. Көшті ер адамдар бастайды, одан кейін жүк-қоң артқан керуенді аналар алып жүреді. Жаңа түскен жас келін болса, оны күймеге отырғызып келіндер жағы жетелейді. Үлкен сабадағы қымызды артып, көштің соңында түйе жүреді. Осының бәрі, міне, көрініс ретінде көрсетілген. Салт-дәстүріміз ұмытылмасын деген мақсатта мұны жастарға, оқушыларға үйретудеміз. Оларды қызықтыру үшін ұлттық бұйымдарымызды моншақпен жасатып жатырмыз, – деді. 

Талдықорған қаласынан қатысушы Әуесхан Мажай апамыз да қазақтың тұтынған көптеген бұйымдарын жұртшылыққа тарту етті. Мұнда 150 жыл бұрынғы самаурыннан бастап, мосы, талқы, қыларқан, кебенек, қазақтың ұлттық киімдері мен бұйымдары көрмеге қойылған. 

– Көбіміз баланы сүндетке отырғызуды білеміз де, екі-үш жасында  ашамайға мінгізу дәстүрін елей бермейміз. Нағашысы атаған құлын екі жылда той болады. Соған баланы отырғызу дәстүрін ашамай деп атайды. Шүберекті тігудің де төрт-бес түрі бар. Ол жөрмеу, қаю, тепшу, көктеу деп аталады. Бұл тігіс түрлері де ұмыт болып барады, – дейді апамыз алаңдаушылығын білдіріп.

Талдықорған қаласынан көрмеге қатысушы 25 жасар Гүлбақыт Рахымханды сөзге тартқанымызда:
– Қолөнердің қандай түрін болсын апамыздан үйреніп жатырмыз. Бала кезімізден анамыз іс тіккенде жібін орасып, қолғабыс етіп, көріп өстік. Өзім де әдемілеп, сәндеп, гүлдеп, қазақи оюларды пайдалана отырып киімдер мен түрлі бұйымдарды тіккенді ұнатамын. Күнделікті үйде тұтынатын қазан тұтқыш, табақ астына қоятын шағын заттарды да қолдан тігеміз. Үлкендерден осының бәрін үйреніп, кейінгі ұрпаққа жеткізу парызымыз, – деді. 

Алакөл ауданынан қатысушы жас қолөнерші Ертай Өміртаев та «Жастар мемлекет тарпынан қолдау сезінуде ме?» деген сұрағымызға:
– Әрине, кәсіп ашамын дегендерге мүмкіндік бар. Десе де, бөлінетін қаржы көлемі аз. Мәселен, мен қобыз, домбыра сынды халқымыздың ұлттық музыкалық аспабын жасаймын. Сол себепті бізге жеке кәсіпкер емес, өнер, мәдениет адамдары ретінде қараса деген ұсынысым бар. Кәсіпкерлердің жұмысы көбіне алып-сату ғой. Біз бұйым, заттарды өз қолымызбен жасап өндіреміз. Бір себептен қазақтың мәдениеті мен өнерін дамытуға үлес қосамыз. Бұйым жасау үшін көбіне шетелден келетін заттарды сатып аламыз. «Даму» бағдарламасы бойынша кәсіп бастаушыларға 1 миллионнан артық қаржы берілмейді. Шеберлердің мүмкіндігін арттыру үшін бұл қаржыны екі-үш есеге көбейту керек. Өйткені, біз шетелден сатып алатын аппараттың құны кемінде 2000 доллар. Ондай үш аппарат алу үшін көлемді қаржы керек. Сол жағына көңіл бөліп, шеберлерге арнайы мүмкіндіктер қарастырса, сонда жұмыста сапа, өндіретін затымыз да көп болады, – деп жауап қатты. 

Ұлттық салт-дәстүр паш етілген көрмеден көпшіліктің алары мол болды. Арнайы құрылған әділқазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде  Еңбекшіқазақ ауданының қолөнершісі Дәулет Шоқпаровқа табыс етілді. Райымбек ауданынан келген Болатбек Өтенов пен Нұрғанат Қожаханов, Талдықорған қаласынан Әуесхан Мажай бірінші орынды иеленді.

Жамбыл ауданынан келген Күміс Кемелбекова, Тұрдәлі Әбрасыл, қарасайлық Күлән Жанғұтты екінші орынды еншіледі. 

Іле ауданының қолөнершісі Бәкір Нұрсейітұлы,  көксулық Иманбек Рахымбеков, Алакөл ауданынан Хияг Сабыр, ақсулық  Төленбай Омар үшінші орынды қанжығалады. Жеңімпаздар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Алма ЕСЕНБАЕВА