ЖҮГЕРІШІЛЕР БАС ҚОСТЫ

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1163
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаркент өңіріне жиналған облыс жүгерішілері аймақтық семинар-кеңес өткізді. Негізінен жүгері өндірісімен шұғылданатын Панфилов, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле және Ескелді аудандарының жүгерішілері мен ауылшаруашылығы мамандары, ғалымдар бас қосқан алқалы жиын аудандағы элиталы жүгері тұқымын өсіретін «Көктал-Агро» ЖШС тамшылатып суару әдісімен өсірген жүгері алқабының басында ұйымдастырылды. 


Семинар жұмысын Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев кіріспе сөзбен ашып, алдымен егіншілерге жиынға келген құрметті қонақтарды таныстырып өтті. Алғашқы сөз облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсат Жапаровқа ұсынылып, ол аймақ жүгерішілерінің жыл санап егістік көлемін ұлғайтуымен қатар жаңа технологияларды қолдану арқылы гектар өнімділігін жоғарылата бастағанын тілге тиек етті.   

«Көктал Агро» ЖШС төр- ағасы Жәнібек Оханов, ҚазҒЗИ кафедра меңгерушісі, профессор Айман Омарова, құрылғанына 200 жыл болған итальяндық «Corteva Agriscience» компаниясының сату менеджері Татьяна Кудаина, «Eyrasia Grup» компаниясының өкілі Алмат Нұрекеев сөз сөйлеп, әрқайсысы өз салалары бойынша кең түсінік берді. 

Бүгінгі ауылшаруашылығы өндірісін ғылым жетістіктерімен байланыстырмау мүмкін емес. Әсіресе, қолжетімді отандық элиталы тұқым табу тауқыметі күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Егін егу, оны өсіру, жинау, өнім сақтау технологиялары да өте маңызды. Мінберге көтерілгендер осындай мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтты. Егіншілерді ғылыммен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды.

Семинарға жиналған қауым «PIONEER», «AgriTecno», «Eurasia Group», «Corteva Agriscence» сынды дүниежүзі мен Қазақстанда белгілі, егіншілікке қажет тұқымдар мен техникалар, тыңайтқыштар, басқа да химикаттарды тарататын компаниялардың көрмеге қойған өнімдерін тамашалап, «Көктал Агро» ЖШС-нің жаңа технологиямен өсіріп, сынақтан өткізіп, енді жаңа тұқым түрінде өндіріске ұсынатын жүгері сұрыптарының алқабымен танысты.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы