СҮЙГЕН ҰЛ, СҮЙСІНТКЕН ҒҰМЫР

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1211
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бала кезден үлгі тұтқан, жас жағынан замандас, жаны жағынан қаламдас дос-аға туралы қалай сыр қозғасаң да әбестігі жоқ шығар. Алайда, ол сыр көптің де көңіл пернесін басып, көз пердесін ашып,  біреуге қоғам, біреуге заман туралы аз да болса ой салып жатса – шын мәніндегі пайдалы сөз сол болмақ. Аға туралы сырды мен осы ыңғайда қозғаймын. Себебі, келер буынның ой көзесі ұлы тұлғалардың болмысымен астасып жатуы керек. Сонда таңымыз жарық, бағымыз бес елі болмақ.


Кемел аға!.. Терең аға!.. Бүгінде ойыма жиі түседі... Алыста қалған Алматының көшелері... Алатауды арқалаған сол бір алып қаланың түтінін будақтатып жұтып жатқан жабағы бұлттар... Сол бұлттардан пана іздеген бейкүнә халық... Заманның ығына жығыламын деп жолынан адасқан армандар... Бәрі-бәрі сіздің шығармаларыңыздағыдай көз алдыма келеді де тұрады. Қайыра оқимын да қайран қаламын. Ескі кітаптардың бүктелген парақтары ең алғашқы біздің таныстығымызды айтып тұрғандай. Өзіңнің сүйіп оқитын жазушыңмен өткен 2 күндік естелік. Қысқа болса да ғұмырға татырлық ақыл-кеңес. Кішіге деген ізеттілік. Әлі де өне бойыма нұр шашып тұрғандай. Оралханша айтқанда «таныстық неғұрлым келте болса, сағыныш анағұрлым ұзақ болады» екен-ау. Кім ойлаған, сіз сыйлаған «Түнде атылған оқ» кітабын қолыма алып, өзіңіз жайлы естелік жазамын деп... 

Негізінде келіншегім Кегеннің тумасы. Сол бір қасиетті де құнарлы топырақта дүниеге келген. Қайнағам сол жерде аудандық мал дәрігері стансысының бас дәрігері болып қызмет атқаратын-ды. 1969 жылы қайын жұртқа қыдырып барсам, өзімнің сүйікті жазушым Кемел Тоқаев сол үйде отыр екен. Аң-таң болдым да қалдым. Қызығы сол, даңқты қаламгермен қайнағам туған бажа болып шықты. Ауданның игі жақсылары қасында отырған соң әңгімелесудің реті келмеді. Құр амандасып, саулық сұрасқаным болмаса, басқа ештеңе де айта алмадым. Ол кезде тым жаспыз, алғаш үйленген кезім. Тағы бір сәті түсер дедім де қойдым. 

Содан арада 2 жыл өткен соң  қалаға қарындасымды оқуға алып келдім. Сабақты ине сәтімен деген, қайнағам да Кегеннен бір шаруаларымен қалаға ат басын бұрыпты. Содан екеуміз біраз шүйіркелестік те, Кемел ағаға амандасып шығайық деп санаторийге тарттық. Сол жылы ағаның «Түнде атылған оқ» деген кітабы шығып, ел аузында жүрген сәті. Қайнағам ұсыныс тастағанда қуанып кеттім. Өнер адамын ерекше жақсы көретінім бар. Кезінде марқұм Сәбит Мұқановтың қолына су құйып, батасын алғанмын. Ол енді бөгенайы бөлек әңгіме. 

«Түнде атылған оқтың» бір үзіндісін газет бетінен оқып, аяқтай алмап едім. Сәті түссе сол кітапты сұрап алам-ау деп те ойладым ішімнен. Біз барсақ, санаторийде зайыбымен демалып жатыр екен. Бұл кісінің бәйбішесі Тұраш шет тілі институтының ағылшын тілі факультетінің деканы. Етжеңді, көңілі дарқан кісі. Кемел аға бізбен еменжарқын амандасып, бәйбішесіне: «Тұрашжан, бажамды қойшы, мына бір жас інім келіп қалыпты, үйге барайық. Қазанға ет сал» деді күлімсірей. Сонымен Алматыдағы үйіне келдік. Үйі бұрынғы Шевченко мен Фурмановтың қиылысындағы үйлердің 5-ші қабатында екен. Дастарқанда отырып, төртеулеп біраз әңгіменің басын шалдық. Түнімен преферанс деген ойын ойнап,  ақыры сол үйде түнеп қалдық. 

Ертесіне Кемел аға өзінің сүйікті ойыны бильярдқа апарды. Бильярдты тамаша ойнайды екен.  Картаны да, бильярдты да шала ойнасам да ағаға әжептәуір қарсылас болып бақтық. Соныма риза болды. Одан кейін конторына бет алдық. Ағаның Қазақстан орталық газетінде хатшы болып жұмыс істейтін шағы. Жаяулатып келеміз.

 – Аға, үлкен қызметтесіз. Сіздің қызмет көлігіңіз жоқ па? –  деп тосыннан сұрақ қойдым. 
– Әй, батыр, мен қазір еңбек демалысындамын. «Оны Үкімет қызметке мінуге берді. Жүргізушімнің де отбасы бар. Ол да демалсын. Жаяу жүрген денсаулыққа пайдалы», – деді қарапайымдылығын танытып. Сұрағыма қатты ыңғайсыздандым. Ішімнен мен күткен жауаптың аузынан шыққанына көңілім жадырып қалды. Сол жылы шет тілі институтына Мәскеуден 2 жолдама келіпті. Соның бірін ұлы Қасым-Жомарт иеленіп, оқуға аттанбақшы екен. Соны бізге айтып бір марқайды.     

Түстен кейін шаңырағында шай ішіп отырғанбыз, есікті біреу тоқылдата жөнелді. Сөйтсек, пошташы жігіт «Түнде атылған оқ» кітабының гонорарын алып келіпті. Бақандай 3 мың сом. Масқара ақша. Сонда Тұраш анамыз: «баламыздың оқуына көмек болатын болды» деп мәз болғаны әлі де көз алдымда. Екі күндік кездесу керемет естеліктерді сыйлады. Дос, бауыр атандық. Қайтарымызда Кемел аға қолтаңбасымен «Түнде атылған оқ» кітабын сыйға тартты. Әлі талай жүздесерімізді айтып, біз де жылжып кеттік. Өкінішке қарай, одан кейін ағамен жолығуға заман мүмкіндік бермеді.  

Есейе келе Кемел ағаның қаншама кітабын оқыдық. Тіпті, кітап сөресіндегі ең көп жинақ сол кісіге тиесілі болатын. Детективтік салада жазушының «Тасқын», «Көмескі із»,  «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды көптеген шығармалары жарық көрді. Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік шығарма – «Соңғы соққы» романы. Бұл роман жарық көргеннен кейін жазушы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты деректі романын дүниеге әкелді. Романдағы көріністер еш боямасыз, шынайы, әдеби көркем тілмен суреттеледі.
– Ұнатқан қызыңды бетінен сүйіп көрдің бе?
– Былай қолынан ұстағаным болмаса, сүюге ұялатынмын.

Бұл диалогқа құрылған әскери училищені бітіруіне он шақты күн қалғанда емтихан тапсыруларына рұқсат берілмей, майдан шебіне аттанып бара жатқан екі қазақ жігітінің әңгімесі еді. Бірінің аты – Мұхаммед. Екіншісі – Мейірманов. Бұл – Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» деген романының кейіпкерлері. Менің ең сүйікті шығармам. 

Соғыста өзге ұлттармен қатар біздің солдаттар ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтерісіп, бірге қайғы-қасірет шегіп, тар жол, тайғақ кешіп жүрсе де оларды адам санатына қоспады. Соғыс құрбаны деп қарады. Сөйтіп, қайдағы қиын барлауға жұмсап, «өлмесең – өмірем қал» деп жат пиғыл ұстанды. Олардың жұмыр басын қатерге тігіп, жасаған көзсіз ерліктерін де елемеді. Мұның ақ-қарасын айырып, ашып-жазуға ешкімнің батылы жетпеді. Ал жазушы Кемел Тоқаев соғыстың осы бір шындығының шырқын бұзбай астарлап шебер суреттей білуімен ерекше көрінді. Өйткені, ол түлкіқұрсақ болып жұпыны тірлік кешсе де ділі шырайлы, тілі шұрайлы кезде әдебиетке келген еді. Сонысымен де асқақ көрінетін маған.

Кемел аға қағазды қатты құрметтейтін. Үйінен үйілген газет қиындылар көріп, қайран қалғаным бар. Сарғыш тартқан ескі қағаздарды ұқыпты жинап қойған. Әдетте көпшілік қала тұрғындарының шаруасы баспасөз оқудан басталатыны белгілі. Өйткені, жұмыр жердің бетіндегі жаңалық-өзгерістерді біліп отыруға әркім де құмар. Оған барлық жағдай да жасалған. Сол уақытта ертеңгілік азық-түлік дүкендерінен де бұрын газет-журнал дүңгіршектері ашық тұрады. Оларда таң сәріде жеткізілген баспасөз өнімдері қатпар-қатпар болып, қаздай тізіліп жатады. Қызметке барарда біз сол дүңгіршектерден таңдаған газеттерімізді сатып аламыз да, бөлмемізге келіп бір қарап шығамыз. Сосын оны шкафымызда баяғыдан үюлі жатқан ескі қағаздардың үстіне тастай саламыз. Енді күнделікті жұмысымызға кірісуіміз керек. Кеңсе адамының қызметі қашанда қағазбен байланысты. Бүгінде қағазсыз ешбір іс бітпейді. Сондықтан мақала жазамыз ба, мәлімет жазамыз ба, әлде іс қағаздар толтырамыз ба, бәрібір ақ қағаздың бетіне ақырын жаза бастаймыз. Жазу үстінде біз аса «ұқыптымыз», егер бір бетте бірер сөзіміз сызылып қалса, екінші аппақ бетіне қарамай-ақ, умаждап-умаждап, жанымыздағы қоқыс салатын шелекке атып ұрамыз. Тағы жазамыз. Тағы тастаймыз. Оның үстіне алдымызда жатқан кейбір ескі қағаздар да көзімізге күйік болып көрінеді. Столымыз, тартпамыз таза болу үшін оларды да келмеске жөнелтеміз. Кешкілік қызметтен қайтарда әлгі қоқыстағы қағаздар бір айыр шөптей қопайып қала береді. Шындығында ол сол қалпында қала бермейді, соңымыздан іле-шала келген үй тазалаушы әр бөлмеде қобырап жатқан жаңағы қағаздарды сырттағы қоқыс жәшігіне тасиды да, шөмеледей болғанда сіріңкені шырт еткізеді. Жазумен өрнектелген ақ қағаздар  әп-сәтте қып-қызыл жалын болып, жана бастайды. Жансын! Бүгінде қағаздан таршылық көріп отырған ешкім жоқ.  Қоғамның осы әрекеті жанына батса керек, Кемел аға бір әңгімесінде: «Қағаздың ағаштан жасалатынын әркім-ақ біледі. Сол ағаштың жылдан-жылға сиреп, селдіреп бара жатқаны да көпке аян. Айталық, елімізде қағаз жасау үшін ғана бір жылда 45 миллион текше метр ағаш кесіледі екен, Ендеше, қағазды қорғау дегеніміздің өзі табиғатты қорғау екеніне күмән жоқ» дегені бар. Рас-ау. Қазір ойлап қарасам, күннен-күнге қағаздың қадірі кетіп, бояуы ескіріп барады. Соны сезгендей-ақ екен ғой, асыл ер.

Жалғыз балаға ата-ананың ерекше мейірлі келетіні бар. «Адамның бір қызығы бала» болса, ол әрі жалғыз болса, неге құлай сүймеске. Әрине, сүйеді. Сүйеді де оны материалдық жағынан да, рухани жағынан да толық қанағаттандыруға тырысады. Мен ол кісінің Қасым-Жомартқа деген әкелік махаббатын көріп қайран қалдым. Ұлын қос есіммен қатар атауында өзіндік мән бар. Біріншіден, Қасым хандай ел билеген, батыр қолбасшы болсын десе, екіншіден, қазақтың пейіліндей жомарт жан атануын ойлаған. «Адамның өмірге келуіндегі ең ұлы міндеттерінің бірі – артында ұрпақ қалдыру», – дейді белгілі демограф Мақаш Тәтімов. Ұрпақ – адамның сөнбейтін оты, өшпейтін түтіні. Ұрпақ – жер бетіндегі саналы тіршіліктің тірегі. Кемел Тоқаев ұрпағымен биік тұлға. Бүгінде елдің тізгінін ұстап отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы әкенің тәрбиесін көрген азамат. Заңғар жазушының баласы жаман болуы мүмкін емес. 

Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі туралы жазған естелігінің соңғы сөзінде: «...екі ескерткіш тастың қасында ұзақ үнсіз тұрамын. Себебін білмеймін, зират басында менің ойларым шашырап, бұлдырланып, дерексіздене бастайды. Олардан арылу үшін ұзақ уақыт бойы аспанға қараймын, маған сонау жақта, тым алыста қымбатты ата-анамның да жандары жайлы орын тапқан сияқтанады. Шексіз ғарышта тыным тапқан екеуінің жұмыр жердің бетінде тіршілігін жалғастырып жатқан балалары мен немерелеріне жан жылуын жолдап жатқанына сенгім келеді» деп жақсы сөз жазыпты. Бұл  жазушының текті ұрпағының дәл қазіргі дүниенің жалған екеніне көзі жеткенін,  көкке қарағанда ата-ана рухын сезгені  болар?

Кемел Тоқаевтың шығармаларын араға біраз уақыт салып, қайта парақтар болсақ, оның көпшілік байқай қоймайтын, өз заманында мән бермеген қырлары ашылып, бейне бір жаңа, тың туындылармен сырласып отырғандай күй кешетініңіз жасырын емес. Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызға қосқан оның да мол үлесі бар. Өнегелі өмір жолы, еңбекқорлығы мен адами қасиеттері жас ұрпаққа үлгі  болуға лайық. Ал оның туындылары әдебиет тарихындағы асыл қазына, өшпес мұра болмақ. Біз сол өткен ғасыр  тоғысындағы  тұлғалы азаматтардың Отан, ел алдындағы адал, ардақты, жанқияр еңбегін жете бағалай алмай келе жатқан сияқтымыз. Келер ұрпақ соны ескерсе деймін.
Естелік соңын белгілі ақын Рафаэль Ниязбековтің жазушыға арнаған жүрекжарды жырымен қорытындылағым келеді.
Озғандарға жүгірдің жүлде беріп,
Сен бар жерде қалатын ірге кеңіп.
Азаматтың бірі едің,
Кемел аға,
Арыстандар қасына жүрген еріп.

Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,
Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.
Жетісудың сен едің ойлы өзені,
Қанша дауыл соқса да тұнып аққан. 
Бұл өлең жас буын өкілдерінің санасында Кемел бейнесін қайта жаңғыртқан керемет туынды. Детектив жанрында өзіндік сүрлеуін салған дара да дана жазушының уақыт өткен сайын болмысы биіктей бермек. Таулардың алыстаған сайын асқақ көрінетіні сияқты.

Сартбай ЖҰМАШБАЕВ,
зейнеткер