АБАЙҒА АДАЛДЫҚ

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1647
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тыңнан салынған жолдың «соқтықпалы, соқпақсыз» болуы заңдылық. Өткен ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік, саяси ахуал да «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Абай мұрасын алаңсыз зерттеп, пайымдауға мұрсат та бермегені белгілі. Десек те, тасқа басылған аз ғана пікір-пайымдаулардан-ақ Мұхтар Әуезовтің ақын мұрасына деген ықыласын, құштарлығын айқын сезінеміз. 


Абай мұрасын зерттеп, танытуды ұлы мұрат тұтқан М. Әуезов  оған қатысты ойларын «Шолпан» журналының 1922 жылғы  №4,5 санында «Қоңыр» деген бүркеншік атпен жариялаған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген зерттеу мақаласында: «Қазақ өлеңіне үлгі өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың бәрін тәрбиелеген. Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қырдағы қалың қазаққа Еуропа мәдениетінің есігін ашқан», – деп бағалайды. Кеңес кезеңінің таптық көзқарасты мықтап орнықтыруға бет алған саяси бағыты әу бастан «пролетарлық мәдениеттің» қамытын өнер мен мәдениеттің барлық саласына күштеп кигізгені аян. Саф өнер туындысы ретінде жиналып, басылған Абай мұрасына тарихи кезең таңған таптық таным тұрғысынан баға беріле бастады. Абай байшыл ақын, жас қазақ буржуазиясының қолдаушысы деген пікір­лер  А. Пуш­кин,  Л. Толстой сияқты ақын-жазушыларды жаңашыл байлардың-либерал буржуазиялық жыршысы болған деген пікірдің сорабымен айтылғаны сол мақалалардың өзінен айқын көрінеді.

Әр сөз, әр ісіне жауапкершілікпен қарап, өнбес айтыс-тартысты жөн деп таппаған М. Әуезовтің байбалам ұран мен бітіспес дауға араласпай, Абай мұрасын ұқыптап зерттеумен, өз ұстанымын қорғай жүріп, ақын шығармаларын жинау, толықтыру, біртіндеп жариялау жұмыстарымен айналысқаны аңдалады.

1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына байланысты Семейдің «Географиялық қоғамы» ұйымдастырған кеште Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы М. Әуезов баяндама жасайды. 

Сын сапысын жалаңдатып, қай сөзден  социализмге жат мін табам деп білегін түрініп жүретін большевиктерге Әуезовтің әділ, тұнық ойларының ұнамағаны пролетарлық жандайшаптықтың көрінісі еді. Келсін-келмесін көкжасық сынсымақтарымен даурыққан топ тап сойылын соғарда «саяси сауаттылығын» айқын танытып, Алаш зиялыларының рухани мұрагері Әуезовті де 1929 жылғы 30 желтоқсаннан 1932 жылға дейін түрмеге қамап, шарасыздықтан хат жазғызғанын, «қателіктерін» мойындауға мәжбүрлегенін, ноқай үстемдігін жүргізгенін «ашық хаттан» айқын танимыз.1932 жылы 10 шілдеде «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» «Алаштың екі көсемі өздерінің қателіктерін мойындады» деген тақырыппен М. Ер­меков пен  М. Әуезовтің «Ашық хатын» жариялаған. Алашорданың басты екі адамы, өздерің де, бұрынғы пікірлестерінің төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр деп даурықты. Тарих бүгін сол 4 түрлі қателіктің қазақтың қасіретіне айналғандығының ақиқатына көз жеткізіп отыр. Әуезұлы Мұхтардың хаты:

«Қазіргі күнде мен өзімнің бұрынғы жазушылық жолындағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетін тексерген тарихшы, зерттеуші есебіндегі қызметіме де теріс қараймын... Төңкеріс соңындағы жылдар ішінде қазақ әдебиетінің жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетінде ертеректе айтқан пікірім, бұл салт-сана жолындағы залалды пікір еді. Сол қаталарым, кейбір кейіндегі тексерулерімен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруімде де бар».

М. Әуезовтің өз «қателігін» мойындауына, «компромиске» баруына тағы бір себеп болды. Қ. Мұхаметханов М. Әуезовтің өзіне айтқан әңгімесінің бірінде   А. Бай­­тұрсынов Әлімхан Ермеков пен М. Әуе­зовке: «Сендер жассыңдар. Біз сияқты саясатта аттарың шығып, әйгіленіп қалған жоқсыңдар. Біз жаздық, жаңылдық деп қанша айғайласақ та олар сенбейді және түрмеден шығармайды. Осы тұзақтың түскені түскен.  Сендер қателіктеріңді мойындап, ашық хат жазыңдар. Бәріміз бірдей өліп кетсек, арманымызды алдағы күнге кім апарады?! Екіншіден, сендер әлі ешнәрсе тындырған жоқсыңдар. Халықтың парызын өтеңдер, үшіншіден, бұлар сендерге сенеді. Сондай-ақ, халыққа бізді жексұрын көрсету үшін «қатесін мойындайтын» адамдарды іздеп отыр. Оған сендер лайықтысыңдар. Бұл да күрестің бір түрі», – деп ақыл айтқанын, Әлихан Бөкейханов: «Ұрпақ үшін Мұхтаржан Абайды жаз», – деп өсиет еткен деуші еді. 
Абай мұрасының тұңғыш толық жинағы М. Әуезовтің ұзақ жылдар ізденуінің нәтижесінде Қызылордада 1933 жылы латын әрпімен жарық көрген жинақ. Жинақта бұрын басылмаған өлеңдері, поэмалары, қарасөздері түгелге жуық жарияланды. 

Абайдың танымдық мағлұматқа, дереккөздеріне бай шығармашылық және ғылыми өмірбаянын алғаш саралаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақаласы мен ақын өлеңдеріне берілген түсініктер кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты. М. Әуезовтің Абай мұрасына арналған ғылыми еңбектерінің ең ірісі де іргелесі осы монография. Сондай-ақ, абайтану проблемаларына арнап, «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Ұлы ақын ағартушы – Абай Құнанбаев», «Орыс классиктері мен Абай», «Пушкин мен Абай» тәрізді байыпты зерттеу мақалаларын жазды. 

Абай шығармашылығын зерттеудің кейбір келелі мәселелерін ғылыми-әдеби ортаның назарына ұстап, зерттеудің методологиялық принциптерін «Абай жайын зерттеушілерге», «Абай мұрасы жайында», «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» зерттеу мақалаларында анықтап, бағыт-бағдар берді.  

1934 жылы Абайдың қайтыс болғанының 30 жылдығы атап өтілді. Осы кезеңде жазылған  М. Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» (Әдебиет майданы 1934ж. №11.12.) бөле-жара атап ай­тар құнды зерттеулер еді.

М.Әуезовтің Абайдың ақын шәкірттері туралы тұңғыш рет айтылған ой-пікірлері келешек ғылыми зерттеу жұмыстарының желісіне арқау болып өріліп, қызу пікір-таласын да тудырып жатты. Мақаладағы ақынның нәр алған арналарына, ақын шәкірттері туралы концепциясына айтылған сын үдеп, 50 жылдарға дейін ашық шабуылға ұласып, оның аяғы Әуезовтің жетекшілігімен «Абайдың ақын шәкірттері» тақырыбында  диссертация қорғаған Қ. Мұ­хаметхановты соттатып, Әуезовтің өзін қудалауға дейін барды.   

Абай еліне жаңа деректер жинау мақсатымен 1943-1944 жылы экспедиция ұйымдастырып, оған өзі де қатысып, осы сапарда жиналған мағлұматтарды сұрыптап, ақын өмірі туралы жаңа, тың деректермен толықтырып отырған. Абайдың 100 жылдық мерейтойына даярлық жұмысына 1940 жылдан бастап кіріскен М.Әуезов осы үшінші нұсқаны жазуға кіріседі. 1945 жылы  Қазақстан Жазушылар одағы ақынның мерейтойына арналған салтанатты пленумында «Абайдың өмірі мен еңбегі» деген тақырыпта баяндама жасайды әрі осы жылы Абай өмірі мен ақындық өнеріне арналған көрнекті ғалымдар еңбегінен тұратын арнайы ғылыми жинақ құрастырады. Бұл туралы өзі: «Менің тарапымнан Абай өмірбаянының төрт нұсқасы жазылды: біріншісі, 1933 жылы Абай шығармаларын бастыру үшін; екіншісі, 1940 жылғы басылым үшін;  үшіншісі, 1945 жылы жазылған, бірақ жарияланбаған нұсқасы. Ең соңғы төртінші нұсқасы 1950 жазылды. Осыны қазіргі күнде екінші рет редакциялау үстіндемін», – деп арнайы түрде ескертіп өтеді. 

Саясат суша сапырылған, Алаш ұранды азаматтардың өрісі тарыла бастаған аумалы-төкпелі заманда Мұхтар Омархан-ұлы саясаттан гөрі ұлы ақынның мұрасын зерттеу, оның көркем бейнесін ұрпаққа ұлағаттау саласында қызмет ету туған халқы үшін әлдеқайда өнімді, келешегі зор іс болатынын түсінді. Басынан кешкен қилы заманның, идеологиялық қыспақтың жазушының өміріне белгілі дәрежеде әсер еткенімен, Абай мұрасын зерттеудегі ұстанымына адалдығынан айныта алмады.  

Сайлау ҚАЖЫБЕКҰЛЫ,
І. Жансүгіров  атындағы ЖМУ-дің профессоры