ЖЕТІСУДЫҢ ЖАУҺАРЛАРЫ

Уақыты: 30.09.2019
Оқылды: 918
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Zhetysu Travel» туристік орталығының  қолдауымен өлкетану-экспедициясы жолға шықты. Екі күндік экспедиция Айғайқұм, Қатытау, Ақтау, Бесшатыр қорғаны сияқты тарихи маңызы бар Жетісудың жауһар жерлерін қамтыды.


Әуелі «Алтынемел»  мемлекеттік ұлтық табиғи пакіне бас сұқтық. Қызметкерлер бізді жылышырай танытып қарсы алып,  жол сілтеушілер белгілінген соқпақтармен аралатып, таныстырды. Әлемге әйгілі «Айғайқұм» табиғи ескерткіші «Алтынемел» мемлекеттік ұлтық табиғи паркінің мақтанышы екенін айтты. Осыдан кейін «Әнші құмға» жол тарттық. Қанша жол жүрсек те бір-бірімен иық тіресіп жатқан, үйілген төбелердің үніне құлақ түрген сәтте шаршағанымыз сап басылды. Әншіқұмның дауысы алыстан құмыға естіледі. Самал желдің әсерінен туған бөгде әуенді естіген балалар аң-таң. "Айғайқұм"  жайлы түрлі аңыздар бар. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан осы құмның үнін есту үшін жолаушылар әдейі ат басын бұрыпты. Гүрілге, гуілге, дүрілге толы үніне қарап "Айғайқұм" деп ат қойса, кейде саз сырнайдай сыңсыған үнін естіп, «Әнші-ақ құм екен!» десіпті. Осыдан барып «Әншіқұм» атанатыны бар. Ән салып тұратын мұндай әуезді құмтөбе дүниежүзінің алты елінде  бар. Десе де, Айғайқұмды тамашалауға туристер ағылып келіп жатыр. Солармен бірге біз де арманымызды айтып тарқастық.

Осыдан кейін ат басын Бесшатыр қорымына бұрдық.  Аты айтып тұрғандай, Бесшатыр бес қорғаннан құрылған. Бұл – көпшіліктің берген анықтамасы. Негізінде, бұл атау кейінгі кезде қорымның ортасындағы қорғандардың біріне қарап айтылыпты. Шындығына келгенде, Шылбыр шатқалындағы қорғандар одан әлдеқайда көп. Жәдігерлердің айырмашылығын ажырату мүмкін емес. Археологтардың еңбегін айрықша айтып кеткен де жөн. Үлкен іздестен табылған рухани қазба байлықтар қазақтың қайдан шыққандығын, қалай өмір сүргендігін айғақтап тұрғандай. Ал біз бабамыз сақтардан қалған сарқыт деп түйдік.

Сонымен қатар ежелгі жанартау атқылауынан пайда болған Қату тауына бардық. Жанартаудан аққан ыстық лавалардың қату әсерінен бұл жерлерде әртүрлі формадағы тастар пайда болған.

Ежелгі теңіздің тартылу әсерінен пайда болған Ақтау таулары бірден баурап алады. Теңіздің тартылу нәтижесінде көптеген әдемі сайлар, шатқалдар пайда болған. Әсіресе, түрлі-түсті түске боялған тау көрінісі көрген адамды басқа әлемге тап болғандай әсерде қалдырады. Бұл жерлерді зерттеу барысында көптеген ежелгі жануарлар мен өсімдіктер қалдықтары табылған.

Екі тәулікке созылған сапардың салтанаты осымен тамам. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасының жастарға берер пайдасы көл-көсір. Рухани керуен – соның бір айғағы. Ал, Жетісу – рухани өлке. Неге десеңіз, даңқты бабалардың табаны тиген топырақтың құнарлығы мен құндылылығы ақынның жырына арқау болып, мәдениеттің мәйегіне айналды.

 

                                                                           Айдар ҚАЛИЕВ