"ӘТТЕГЕН-АЙ" ТЕАТРЫ ҚАЙДА? АСЫЛ АҒАМЫЗДЫҢ АТЫ ҰМЫТЫЛМАСЫН

Уақыты: 01.10.2019
Оқылды: 1994
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өткен ғасырдың, 1985 жылдың басында Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетіне тілші болып бардым. Редакциядағы ең жасы мен болғандықтан – мәдениет бөлімінің «бала тілшісі» деген ат алдым. Аудандық басылымда қызмет атқарғаннан кейін, кез келген саланың тақырыбын ашуың керек. Дегенмен, аты айтып тұрғандай, негізгі бағытым – мәдениет, өнер төңірегіндегі тақырыптар: ән-жыр, өлең, сахна саңлақтары, кітапхана, оқу-ағарту ісінің мамандары жайлы жазамын.

Өңірде қандай да бір мәдени іс-шара өтетін болса міндетті түрде барамын. Оның үстіне жұмысқа жаңа кірісіп, әрнені көрсем, білсем деп құлшынып жүрген жаспын. Сол тұста ауданды Зиядин Мыңбаев атты ұтқыр ұйымдастырушы, зиялы басшы басқарып, Кеген өлкесінің ақ жарылқап, өркендеп тұрған кезі болатын. Басшының бастамасымен аудан орталығынан бастап ауылдарға, бөлімшелерге жергілікті таланттардың басын қосатын көркемөнер ұжымдарының мәдени шаралары дүркіреп өткізіліп жататын. Соның ішінде аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Әттеген-ай!» әзіл-сықақ, ойын-сауық театрының шоқтығы биік көрінетін. Оны тіпті күллі қазаққа танымал «Тамашаның» сыңары дерсің! «Әттеген-ай!» театрының негізін қалап, керегесін бекем еткен – Аспантаудың арда туған абзал азаматы Мұрат Исәділов еді. Мұкеңнің қасындағы сахна өнерін түлеткен саңлақтар Құдайберген Ештаев пен Тұрғын Мұқажанов жаңа ұжымның жандануына көп еңбек сіңірді.

Негізгі мамандығы балалар дәрігері болса да, өнер дегенде ішкен асын жерге қойып, ән мен өлеңге ерекше ықылас бөлетін Мұрат ағамыздың тауып айтатын айтқыштығы сұрапыл еді. Ел-елді аралай жүріп, қойылымдарын ұсынған «Әттеген-ай!» театры түрлі сахналарда, қойлы ауылдарда, далада, жүк көлігінің үстінде, аптап ыстық пен жауында да, жел мен қара суықта да өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ауылдан Алматы асып, тіпті бір жылдары Балтық жағалауы елдеріне гастрольдік сапармен барып, сырттағы көрермендерді де тәнті еткен «Әттеген-айдың» әр қойылымы аншлагпен өтетін. Әсіресе, Мұрат ағамыздың іс-қимылы мен сөзіне зал толы көрермен қыран-топан күлкіге көміліп, езулерін жия алмай отыратын. Жиылған жұрт бір көрген қойылым-концертті бірнеше рет қайталап көрсе де жалықпайтын. Мұкеңнің түр-тұлғасы, болмысы, сөйлеген сөзі мен күлкісі «Тамашаның» тарланы, Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевқа ұқсаса, Құдайберген Ештаевтың образы Мейірман Нүрекеевке келетін. Театр құрамындағы өнерпаздармен бірге сахнаға шығып, қабілет-қарымын танытқан дәрігер, көлік жүргізуші, механик сынды қыз-жігіттердің өнері кәсіби таланттардан бір кем емес еді. «Әттеген-айлықтардың» шығармашылығын жоғары бағалаған халық олардың айтқан әрбір қалжыңын қайталап, мақтанып жүретін.

Қойылымдардың сценарийін өзі жазатын Мұрат ағамыз сол тұстағы келеңсіздіктер мен кемшіліктерді, ауыл адамдарының болмыс-мінезін, атқамінер ақ жағалылардың парықсыздығын, орын алған әлдебір орынсыз жағдайды – театрдың негізгі тақырыбына айналдырып, сатира, юмор тілімен көркемдеп беретін. Бұған қоса театр өнерпаздары ертегі-аңыздардағы түрлі кейіпкерлер мен Қожанасыр, Алдар көселердің аңқаулығы мен қиқарлығы арқылы талай өзекті мәселелерді заманмен байланыстыра отырып, түйреп өтетін. Осылайша халықты ізгілікке тәрбиелеу құралына айналған «Әттеген-ай» театры аудан көлеміндегі театр болса да сахнаны қадірлеген, ел үшін еңбек еткен ұжым бола білді. Бүгінгі даңғазаға толы дәуірде киелі сахнаға шығып, асыл сөзді бәдікпен былғап, ананы мен мынаны шатып-бұтқан өнерпазсымақтарды көргенде – өткен шақта қалған сол бір асыл да адал, аңқылдақ ағаларымыздың шынайы өнерін еріксіз еске алып, аңсайды екенсің.

Мұрат Исәділов ағамызбен алғаш танысқан күннен бастап түсінісіп, аға-іні, туыс-жолдас болып кеттік. Кеңпейіл асыл ағамен табыстырып, жақындастырған – өнерге деген ынтызарлығымыз бен ойымыздың ортақ болуы еді.

Сахнаға арнап жазылған дүниелерінен бөлек, әншілігі, суретшілігі бар ағамыз қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, гитарамен ән шырқайтын, кескін-келбетті, табиғат көрінісін керемет салатын. Асаба ретінде сол кездегі той-томалақты бір өзі дөңгелентіп әкетіп, дүркіретіп жүргізетін Мұрат ағамыздың ақындық қарым-қабілеті, қуаты басым көрінетін. Өлеңдерінің бір парасы аудандық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Мектепте оқып жүргенде болашақ жеңгемізге арнаған мына өлеңі ертеректе аудандық газетте жарияланып, қыз-қырқынның қойын дәптеріне көшіріліп, талай жігіт жатқа айтқан екен.

 

Бір жұлдыз...

 

Түнгі аспанды тамашалап,
Телміре мен қараймын.
Сұр бұлттардан қабат-қабат,
Сезілгендей талай мұң.

Түнгі аспанға мұңын шағып,
Жел өксиді. Түн – үнсіз.
Сол түнекте жымың қағып,
Жұлдыз күлер тынымсыз.

Жұлдыз ғана мұңаймайды,
Мұңлы жұлдыз тым аз-ақ.
Мұңаймайды олар мәңгі,
Мәңгі бақи, о, ғажап!

Жұлдыз сұлу көрінгенмен,
Сендіре алам сендерді.
Жарық соның бәрінен де,
Бір жұлдыз бар жердегі!

Табиғатынан сыршыл, жайдары Мұкең адам баласын қызмет-дәрежесіне, жасына қарап бөлмей, баршаға бауырым деп құшағын жайып, жүзінен күлкі кетпейтін, жүрегі таза, ішкі жан дүниесінің сарайы ақжайлау азамат еді.

1948 жылы 3-ші желтоқсанда бұрынғы Нарынқол ауданының Жамбыл ауылында туған Мұрат аға Исәділ қария мен Жәмиға әжемізден туған 10 баланың ортаншысы. 1966 жылы Кеген орта мектебін Алтын медальмен үздік бітірген ол Алматы мемлекеттік медицина университетін 1973 жылы тамамдап, еңбек жолын Кеген ауылында бастаған. 1970-74 жылдары Ұзынбұлақ учаскелік ауруханасында бас дәрігер, 1974-77 жылдары  Шырғанақ учаскелік ауруханасында балалар дәрігері, 1977-82 жылдары Ұзынбұлақ ауруханасында балалар дәрігері, 1985 жылдан аудандық ауруханада рентгенолог, бөлім меңгерушісі, ауданның бас рентгенологі, 1991 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық жұқпалы аурулар емханасының бас дәрігері, аудандық бас балалар дәрігері қызметтерін абыроймен атқарды. Дәрігерлік қызметпен қатар өнерге үлес қосып, Кеген аудандық Мәдениет үйі жанынан көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыруға белсене араласады. «Әттеген-ай!» әзіл-сықақ театрына жетекшілік ете жүріп, «Қазақфильм» киностудиясы Ресейлік әріптестерімен бірлесіп түсірген киножурнал аясында қысқаметражды «Қамшы» фильмінде басты рольді сомдайды. Денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, «Алтын қолды дәрігер» атанған Мұрат Исәділұлы талай жанның өмірін арашалап, ауданның әлеуметтік, рухани дамуына ерекше еңбек сіңірді. Медицина мен өнерде республикалық, аудандық марапаттарды иеленген жайсаң азамат 1993 жылдың күзінде, небәрі 45 жасында дүние салды. Мұрат ағамыздың жұбайы Қаншайым Ыдырысқызы ауыр қазаны көтере алмай, сыңарынан айырылған аққудай құсаланып, жүрегіне түскен салмақтан жыл өтпей жатып аяулы жарының артынан мәңгілік сапарға аттанып кете барды.

1948 жылы Тұйық ауылында дүниеге келген Қаншайым Ыдырысова 1966 жылы Кеген орта мектебін Алтын медальмен үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінде биология мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1973-74 жылдары Ұзынбұлақ ауылындағы Ы.Көшкінов атындағы орта мектепте мұғалім, 1974-77 жылдары Шырғанақ орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1977-84 жылдары М. Орманов, Ы. Көшкінов атындағы орта мектептерде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, одан кейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық АХАЖ бөлімінің бастығы, 1985-88 жылдары аудандық Кеңестің атқару комитетінде хатшы, төраға орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарды. Кейін, денсаулығына байланысты әкімшілік қызметтен мектепке ауысып, өмірінің соңына дейін №2 Кеген орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, аудандағы білім беру саласының өрістеуіне үлес қосты. Білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы ретінде Кеген ауданының саяси-әлеуметтік дамуына ықпал жасаған Қаншайым Ыдырысқызы аудандық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Өнегелі отбасы Еділ, Бейбіт, Алмат есімді үш бала тәрбиелеп, өсірді. Үйдің үлкені қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ортаншы ұл осыдан біраз бұрын ерте өмірден өтіп кетті. Кенже ұлдары Алмат Исәділ бүгінде есімі елге белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Райымбек ауданының құрметті азаматы.

Текпен берілген, қанда бар өнер тасты жарып шыққан тау бұлағы секілді әсем табиғатқа ұмтылып, айналасындағы жасыл желекке нәр береді. Мұрат ағамыз да тау бұлағы секілді тасып ағып, бойындағы өнерімен елін сусындатты. Ақ халатты абзал жан ретінде қаншама тағдырды қыл үстінен құтқарып, қаншама өмірді ажал апанынан арашалап қалды?! Аспантаудан түлеп ұшқан асыл ағаның жарқын бейнесі өнерсүйер қауымның жадында, ем-шипасы адамдардың жанында қалды.

Бұрынғы бабаларымыз «Елдің атын, ер шығарар» деп текке айтпаса керек. Мұрат Исәділұлы дәрігерлік қызметімен де, өнердегі жолымен де шын мәнінде елге адал еңбек сіңірген туған жерінің төл перзенті. Ендеше, өзі қызмет атқарған Кеген аудандық ауруханасының ішінен науқас балаларға ем-дом шараларын ұсынатын «Мұрат Исәділұлы атындағы сауықтыру кабинеті» ашылып, аудандық Мәдениет үйі жанынан «Әттеген-ай» әзіл-сықақ театры қайта құрылса, жаңа құрамдағы өнер ұжымына ағамыздың есімі берілсе абыройлы да сауапты іс болар еді. Осылайша, келтесінен үзілген жол өз жалғасын тапса деген ізгі тілегіміз бар. Аудан орталығы Кеген ауылындағы бір көшеге абзал ағамыздың есімі берілсе де артық болмас. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген осы. Елдің көкейінен шығып отырған бұл ұсынысты аудан басшылығы қолдайды деп сенемін.

Мұрат ағамызбен өмірден өтерінен біраз күн бұрын ғана Алматыда кездейсоқ ұшырасып, ұзақ әңгімелескен едік. Кегендегі керемет күндерді сағынышпен еске алып, сыр тарқаттық. Сол күні ағаны соңғы көруім екен. Міне, бүгінде өзі де сағынышқа айналып кетті. Тірі болса – биыл 71 жасқа келіп, төрімізде батасын беріп отырар еді, жарықтық...

Асыл ағаны осы бір естелік-жазбам арқылы елімен қайта жүздестіруді інілік парызым деп санадым. Иманы саламат болсын.

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ,

журналист