САПАЛЫ БІЛІМ - ДАМУ КЕПІЛІ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 903
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауын насихаттау, одан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  ұжымы және белсенді студенттердің қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында университет оқытушылары мен студенттер Президенттің Жолдауында айтылған 5 бағытқа жеке-жеке тоқталып, оның мән-мағынасына талдау жасады. 


Жетісу өлкесіндегі ең іргелі оқу орны ретінде біз Президент Жолдауында айтылған білім беру сапасын жақсарту мәселесіне айрықша мән берудеміз. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде білім саласының бүгінгі және ертеңгі әлеуеті  талданған. Әлеуметтік сала ел дамуына ықпал ететін қоғамның ең үлкен бөлшегі. Ал білім сол әлеуметтік саланың күретамыры іспетті. Президенттің жоғары оқу орындарына қатысты айтқан сын-ескертпесін орынды деп санаймын. Бұл ретте Президент:  «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр», – деді. Түлектерді жұмыспен қамту сол оқу орнындағы білім сапасының көрсеткіші екенін ескерсек, Президент көтеріп отырған мәселе өте маңызды әрі еліміздің дамуына тікелей әсер етеді. Білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кешенді жұмыс атқарып келеді. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, өңірге қажетті мамандықтарды зерделеп, алдағы 4 жылда қандай мамандар даярлау қажет, қандай білім бағдарламаларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойынша оқу бағдарламасын жасауды қолға алдық. Сонымен қатар, жыл бойы облыстағы барлық мекемемен тығыз байланыс жасап, бос орындарды анықтаймыз. Ол бойынша түлектерге мағлұмат беріп, мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Өз білімгерлерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу университеті жаңа бастаманы қолға алды. Бұл бастама бойынша, егер студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мекемеде өзінің білімі мен қабілетін дәлелдеп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туса, білімгерге соңғы курсты қашықтықтан оқуға мүмкіндік береміз. Бұл әдіс өз кезегінде, түлекті жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібі бойынша тәжірибе жинауына жол ашады. Сонымен қатар, университет «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізу, кәсіпорынның сұранысы бойынша маман даярлау, ваканттық орындар базасын құру, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына қатысу арқылы түлектерді жұмыспен қамтып келеді. Мәселен, былтыр университетті бітірген 781 түлектің 78 пайызы жұмысқа орналасса, биылғы көрсеткіш одан да жоғары болып тұр.

Білім сапасы жоғары болған оқу орнының түлектеріне деген сұраныс артатыны сөзсіз. Ілияс ақын атымен аталатын біздің оқу ордасы да тек сапалы білім беру мақсатында еңбек етеді. Замана көші алға жылжып, дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр, жыл мен жыл алмасып, ұрпақ өзгергенімен ілімге деген көзқарас, білімнің күші өзгермек емес. «Білекті бірді, білімді мыңды жағады» деген ата-бабамыз қалдырған аталы сөз қазіргі жаңа технология заманында да өз маңызын жойған жоқ. Білімді адамдар адамзаттың көшін алға сүйрейді, білімдінің күні қашанда жарық. Күн сайын өзгерген, технология қарыштап дамыған заманда тек білімді түлек қана өз жолын айқындап, даралай алады. Бұл өмірдің бұлжымайтын заңы. Жаңа заманның талабына сай мамандық та көп, кәсіп те әр алуан. Осы мәселені ескерген университет әкімшілігі мектеп оқушыларының қабілетін анықтап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшудің жолын да қарастыруда.

Білім саласындағы тағы бір өзекті  мәселе – ауылдық жерлердегі білікті  педагог кадрлардың тапшылығы. Біздің университеттің негізгі бағыты – Алматы облысы мектептеріне мұғалімдер даярлау. Өңірге қажетті пән мұғалімдерінің мониторингісін жүргізе отырып, сол негізде педагог-кадрларды әзірлеу. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 654 түлек бакалавр дәрежесін алды. Олардың басым бөлігі Жетісу өңірінің мектептеріне жұмысқа орналасты. Дей тұрғанмен  физика, математика, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері мұғалімдері әлі де жетіспей жатыр. 

Жолдауда көрсетілген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту бойынша да  жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше көңіл аударудамыз. Мәселен, биыл университетке барлық грант түрін қосқанда 456 студент оқуға түсті. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 165 грант, жергілікті бюджет қаражатынан 79 білім беру гранты көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына, жетім, жартылай жетім, мүгедек немесе ата-анасы мүгедек жастарға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен жалпы конкурс негізінде талапты балаларға 74 білім беру гранты бөлінді. Жастардың білім алуына мүмкіндік жасаған облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысымыз шексіз. 

Мемлекет басшысы Жолдауда «2020 жыл – Волонтер жылы» деп жариялады. Еріктілер қызметіне жастарды көптеп тартып, олардың бойында белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру маңызды міндет.          

Волонтер деген атау өзгеше болғанымен, бұл ұғым біздің ұлтымыздың  ғұрпында бұрыннан бар. Бір адам бір істі қолға алса бүкіл ауыл азаматтары сол кісіге көмектесіп, жүгін жеңілдетуге күш салады. Бұл заман лебімен келген жаңалық емес, айналаңдағы адамның жағдайына немқұрайды қарамайтын адамгершілік қасиеттің адамзат баласымен бірге жасап келе жатқанының көрінісі. Университетімізде қазіргі таңда бірнеше еріктілер жасағы бар. Мысалы, гуманитарлық факультетіндегі «Rise up» еріктілер тобы «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының қолдауымен қала бойынша жағдайы төмен отбасынан шыққан 60-қа жуық оқушыға ағылшын тілін үйретіп жүр. Педагогика және психология факультетінде «Қамқор», жаратылыстану  факультетінде «Аяла» еріктілер тобы жетімдер, қарттар, мүгедектерге қамқор болып, көмек көрсетуде. Дене шынықтыру және өнер факультетінің «Күш-жігер» еріктілер тобы қарт кісілердің ауласын тазалап, барлық үй шаруасына қол ұшын береді. Құқық және экономика факультетінің «Жас Қыран» полиция қоғамдық көмекші жасағы ішкі істер департаменті қызметкерлеріне жәрдемдесіп, қала тыныштығын, Студенттер үйінің тәртібін қадағалап, білімгерлердің құқығын қорғайды. 

Университет әр еріктілер тобына арнайы киім тіктіреді.   Студенттерге волонтерлық қызметті насихаттай отырып, олардың бойына адамгершілік қағидаларын сіңіру – оқу орнындағы тәрбие жұмысының басты бағыты. Өз қаласындағы, өз ауданындағы, өз университетіндегі көмекке мұқтаж азаматтардың өміріне бейжай қарамайтын сергек студенттердің қатарын көбейту жоспарда бар. 

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын» деген сөзі еліміздің әр саласында тізгін ұстаған азаматтарға зор жауапкершілік артады. Елдің дамуы ондағы ірілі-ұсақты мекемелер жұмысының ілгерлеуінен  басталады. Ал білім саласының дамуына негіз болатын сапалы маман. Сол себепті еліміздің дамуына әр қызметкер  саналы түрде үлес қосуы қажет. 

 
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор