ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 1631
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңашыл ұстаздарды анықтау, мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын педагогикалық байқаулар өткізіліп келеді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп қабырғасында өткен мұғалімдердің екі күндік біліктілік сайысына аудандық, қалалық байқаулардың жеңімпазы атанған 24 ұстаз қатысты.


Екі күндік байқауда мұғалімдер төрт кезең бойынша бақ сынап, «SMART-педагог» тест сұрақтарына жауап беру, «Білім берудегі менің инновациям» оқу бағдарламасына сәйкес ашық сабақ өткізу, «Шығармашылық таныстырылым: «Менің педагогикалық кредом», «Импровизациялық тапсырма» кезеңдерінен өтті. 

Байқауда ұстаздың өзіндік шеберлігі мен жаңа технологияны қолдана білуіне, оқушылармен қарым-қатынас жасауы мен топтық жұмысты ұйымдастыра алуына, авторлық бағдарламасының болуына ерекше назар аударылды. Осы талаптардан шығып, педагогикалық шеберлігін жан-жақты таныта білген Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы №1 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаев 1-орынды жеңіп алды. Ал Ақсу ауданы І. Жансүгіров атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Эльмира Естібаева мен Балқаш ауданы Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Арман Тоғанбай екінші орынға лайық деп танылды. Қаратал ауданы   М. Горький атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Октя- брина Ким, Кеген ауданы, №3 Кеген орта мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Әсем Құрмантаева, Панфилов ауданы, Нағарашы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ерназар Байсеркеев, Текелі қаласы, №5 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мұратбек Хызайхан үшінші орынды еншіледі. 

Сондай-ақ, Қарасай ауданы, В. Белинский атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Жанар Өмірбаева «Креативті мұғалім», Райымбек ауданы,       М. Мақатаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ернат Рахимов «Зерттеуші мұғалім», Сарқан ауданы,   Н. Островский атындағы мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Айгерім Нұрғалиева «Шебер мұғалім», Көксу ауданы, Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Иманбаева «Жаңа формация мұғалімі» номинациясын иеленді. 
Байқауды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова қорытындылап, шараға қатысқан ұстаздарға Алғыс хат табыс етті. Жоғарыда есімі аталған жеңімпаздар мұғалімдердің кәсіби мерекесінде облыс әкімінің және білім басқармасының арнайы сыйлығымен марапатталатын болады. 

Алма ЕСЕНБАЕВА