ТАЛАНТТЫ ЖАСҚА ЖОЛ АШЫҚ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 865
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Жастар – барлық прогресстің қозғаушы күші, еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы, Ұлы Даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер болашағы» – деп атап өткен болатын.


Ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында екені белгілі. Яғни, Тәуелсіз ел ретінде ертеңге деген сенімді көзқараспен алдыға қарай батыл қадам жасауымызға толықтай негіз бар. Өйткені білімқұмар жастарымыз өзгеріске бейім, еңбек етуге даяр. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұрпаққа барлық мүмкіндіктің есігі ашық. Мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп, жастардың білім алуы, кәсіби біліктілігін арттыруы, кәсіппен айналысуы үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, барлық жағдай жасалған. Тіпті, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде елімізде жастардың кадрлық резервінің қалыптасатынын айтқан болатын. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіне енгізіліп отырған жаңа институт және жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік лифтті құруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Қыркүйектің 1-30 аралығында құжаттардың минималды пакетін ұсына отырып, жоғары білімді, кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар 35 жасқа дейінгі еліміздің азаматтары кадр резервіне үміткер ретінде тіркелуді бастап кетті. Құжаттарды қабылдау рәсімі де автоматтандырылған. Бүгінгі күні www.pkrezerv.kz ресми сайтына республика бойынша 13 мың 208 азамат тіркеліп, 7312 азамат үміткер ретінде нақты қатысатынын білдірді. Біздің облыстан көрсетілген талапқа сәйкес келетін жастар белсенділік танытып, 100-ден астам азамат құжатын ұсынып отыр.

Жалпы жастар кадр резервіне іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Оның біріншісі – хабарландыру жариялау, екіншісі – кандидаттардың құжаттарын қабылдау, үшіншісі – кандидаттардың теориялық білімін тестілеу, төртінші – көшбасшылық қасиеттерін, сыни ойлауын, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау (эссе жазу, жобаларды таныстыру, интервьюден өту жəне т.б), бесіншісі –  резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен əңгімелесу, алтыншысы – сарапшылық комиссия резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.

Әрине, іріктеу болғаннан кейін жеңімпаз анықталуы керек. Алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен азаматтардың кандидатурасы Ұлттық комиссияның отырысына жолданады. Ал Ұлттық комиссия Президент Әкімшілігінің басшысы төрағалық ететін жоғары басқарушы лауазымды тұлғалардың қатарынан құрылған. Резервке қызметтік өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие, өзін-өзі кәсіби дамытуға, оқып-үйренуге бейім, сараптамалық ақыл-қабілеті айқын көрінетін көшбасшылық қасиетке ие жастар алынады. Лайықты азамат 5 жыл ішінде саяси немесе басқарушы лауазымдарға, ұлттық холдингтердің немесе компаниялардың басқарушы лауазымдарына тағайындала алады.

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің 
басшысы – Әдеп жөніндегі 
кеңестің төрағасы