ТАЛАП-ТІЛЕК ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 728
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әділет департаменті мен «Nur Otan» партиясы  филиалы бірлесіп, «Әділет кеңес береді» республикалық акциясын ұйымдастырды. Онда халықтың талап-тілектері тыңдалып, оларға заң тұрғысында ақпараттар берілді.


Акция барысында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев сөз алып, аталмыш шараның мақсаты мен міндетін түсіндіріп өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру туралы айтылып өткендігін жеткізді. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың заңды білу сауаттылығы 65 пайыз екенін, 2025 жылға дейін оны 100 пайызға жеткізу керектігін, ол үшін осындай шаралардың жиі өтіп тұруы аса маңызды екендігін әңгімеледі. Өз кезегінде сөз алған облыстық әділет департаментінің басшысы Абай Арап та аталмыш шараның тұрғындарға деген мүмкіншілігі мен артықшылығын сөз етті.

Күні бұрын өңірдегі БАҚ беттерінде жарияланып, болатын уақыты хабарланған акцияға келушілердің қатары мол болды. Әрбір тұрғын өзін толғандыратын мәселе бойынша әділет органының қызмет көрсету салалары бойынша білікті мамандардан, адвокаттар, нотариустар, заң кеңесшілері мен жеке сот орындаушылардан заңдық тұрғыда көмек алып, мәселесін шешудің оңдайлы жолдарын ұғынды. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.

Айта кетерлігі, мұндай іс-шара облыстағы барлық аудан, қалаларда бірінші жартыжылдықта өткізілді.

АРДА БИ