КЕЛЕЛІ ПІКІР, ОРТАҚ ОЙ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 907
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, Жетісу жерінің өркендеуі мен дамуына қажетті салалардың жұмысы, жетістігі мен көрсеткіші таныстырылды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев күн тәртібінде қаралатын бірінші мәселе бойынша облыс әкімі Амандық Баталов «Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарымен атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері туралы» тақырыпта есеп беріп, өңірдің өркендеуі жолындағы жұмыстардың барысын таныстыратынын жеткізді.


– Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ саяси бағытының сабақтастығын сақтай отырып, бүгінгі Қазақстан дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Ең алдымен, бұл Бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспары, сондай-ақ, Президенттің сайлауалды тұғырнамасында қойылған міндеттерді шешу. Осыған орай, біз берілген тапсырмаларды орындау үшін іс-шаралар жоспарын жасап, облыстың әрбір қаласы мен аудандарына жеткіздік, – деп сөз бастаған Амандық Ғаббасұлы биылғы қаңтар-тамыз айларында көрсеткіштің деңгейін, жетістік пен табыстың мөлшерін паш етті. Оның айтуынша, биылғы 8 айдың ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нәтиже көңіл қуантады. Атап айтқанда, өндіріс саласындағы өсім 2,8%-ға артып, 590,3 миллиард теңгені құраса, ауылшаруашылығындағы табыс 2,4%-ға өсіп, 333,6 миллиард теңгеге жеткен. Ал сауда-саттық мөлшері 4%-ға артып, 298,0 миллиард теңгені құрап отыр. Биыл жоспарланған тұрғын үйдің 70%-ы пайдалануға беріліп, былтырдан 21%-ға артқан. Сонымен қатар, өңірдегі инвестицияның өсіп, жыл басынан 305,3 миллиард теңгенің инвестициясы айналымға енгізілген. Жалпы, облыс көлемінде құны 5,5 триллион теңгені құрайтын 388 инвестициялық жоба бар. Олардың бәрі іске қосылғанда 39 мың жұмыс орны ашылмақ. Қазір құны 1,9 триллион теңге болатын 263 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталып, 20 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Биыл соған кіретін 41 нысан іске қосылмақшы. Одан бөлек, облыста трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жоба жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың және инвесторлармен тығыз жұмыс атқарудың арқасында былтыр екі жоба – насос құрылғысын шығаратын «WILO» және жылдам даярланатын тағам өндіретін «Маревен Фуд» компаниялары іске қосылған. Биыл 20 қыркүйектен ресейлік «Лукойл» компаниясының жағармай өндіретін зауыты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен келген «Феникс Фид Миллс» компаниясының құрама жем шығаратын зауытын іске қосу жоспарда тұр. Сондай-ақ, ќазақстан-қытай «ENEVERSE KUNKUAT» компаниясына тиесілі қуаты 100 МВт-тық күн электрстансысы және ирандық «Empire Food» ет комбинаты іске қосылған. Қазақстан-Сингапур бірлескен «АлаЦем» цемент зауытын іске қосу жоспарланған. Жетісу жеріне жаңа инвесторлар тарту мақсатында жақын күндері 500 адам қатысатын инвестициялық форум өткізілетінін жеткізген облыс әкімі Амандық Баталов мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл құны 61,8 миллиард болатын 11 жоба жүзеге асырылатынын ерекше атап өтті. Осындай жетістіктердің артында мемлекеттік бағдарламалар жатқандығын ұғындырған баяндамашы бұдан соң табысты жобаларға мемлекет тарапынын көрсетіліп жатқан қолдау мен берілетін көмекті таныстырып өтті. Мысалы, жеңілдікпен несиелеу бағдарламасымен бүгінгі күні құны 85 миллиард теңге болатын 95 жоба іріктеліп, оның 12-не берілетін 10 миллиард теңгеге банктердің келісімі алынған. Тағы 9 жобаның қаржысы қарастырылуда.

Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуы 9 басым бағыт бойынша жүргізілуде. Оның біріншісі – суармалы егіншілік бойынша Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жалпы облыс бойынша қалпына келтіру жоспарланған 138 мың гектар суармалы жердің 39 мың гектары биыл елдің игілігіне беріліп, соған орай биылғы егіс көлемі 961 мың гектарға жеткен. Оның ішінде қант қызылшасы 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға салынса, Райымбек ауданындағы 600 гектар жерге элиталық тұқымды картоп өсірілуде. Облыс бойынша 45 сервистік-дайындау орталықтарында тіркелген 1116 дана ауылшаруашылығы техникасы диқандардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізуде. Дәл қазір дәнді дақылдың 85%-ы, көкөністің 81%-ы, картоптың 67%-ы жиналса, қант қызылшасын жинау маусымы да басталды. Биыл 577 мың тонна тәтті түбір жинап, 50 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Одан бөлек, 68,4 мың басқа арналған 100 бордақылау алаңы 4,6 мың тонна етті экспортқа шығарса, өңірде барлығы 22 мың басқа арналған 72 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді.

Жетісу өлкесіндегі шағын және орта кәсіпкерлік саласында 123 мың нысан жұмыс істеп, 245 мың адамды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Олардың жылдық табысы 1,3 триллион теңгені құрайды. Осы саланы қамтитын «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Бастау бизнес» сынды бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді несиемен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады. Мысалы, шағын несиелеу және жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін Президенттің тапсырмасымен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Осындай қолдаудың арқасында өңірдегі жас кәсіпкерлердің қатары ұлғайып, өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі шешімін тауып келеді. Соған сай жыл басынан анықталған 35,6 мың адамның 16 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздар қатары едәуір азайған.

Өңірдегі тұрғын үй мәселесін шешу ерекше бақылауға алынып, баспана кезегіне 48,4 мың адам, жер телімінің кезегіне 144,7 мың адам қойылған. Биылғы 8 айдың ішінде 549,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, «Нұрлы жер» бағдарламасымен 34,4 мың шаршы метрлік баспана салынған. Биыл бір пәтерлі 80 арендалық үй, 290 пәтері бар 4 несиелік үй және 20 пәтерлі коммуналдық үй пайдалануға берілген. Мемлекеттік бағдарламамен биыл 1279 пәтерге тұрғындардың кіруі жоспарланып отыр. Одан бөлек, жекеменшік компаниялар 1510 пәтерлі 21 үйді тұрғызса, оның ішінде 489 пәтер «7-20-25» бағдарламасымен берілмек. Мұндай жетістік барлық салада бар. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасымен «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» бағыттарындағы жолдар жөндеуден өткізілсе, облыс көлеміндегі елді мекендердің арасын қосатын 745 шақырымды жолды жасау үшін 37,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Орталықтандырылған ауызсумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлердің, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын көтеру сынды мәселелер жоспар бойынша шешіліп келеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 11 мыңнан 46 мыңға дейін өсіп, берілетін көмек мөлшері 24,2 миллиард теңгеге жетті. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 3 миллиард теңгеге Әлеуметтік карта іске қосылып, қажетті мәліметтер мен деректер жинақталған. Соған сәйкес 47 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, Талдықорғанда 42 мың оқушы мен студент және 8,3 мың көпбалалы ана қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Одан бөлек, аз қамтылған отбасылардың балаларына жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінсе, 126 отбасы табиғи газға тегін қосылған. Облыстағы 44 мың көпбалалы отбасының 6 мыңы тұрғын үйдің кезегінде тұр. Осыған орай биыл республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлініп, оның 3,4 миллиарды 492 пәтер сатып алуға жұмсалып, қалған 2,2 миллиард теңгесіне 180 пәтер салынбақ. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңгеге 155 коттедж салынып жатыр. Қала күніне орай берілетін 100 коттедждің 70-не көпбалалы отбасылар кіреді. Демеушілердің көмегімен бүгінгі күні 158 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Осылайша жыл сайын шамамен 900 пәтер беріліп, тұрғын үй мұқтаждығын тартқан көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу көзделуде.

"Дөңгелек үстел" отырысы сипатында өткен Қоғамдық кеңес отырысында білім, денсаулық, мәдениет, қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы жетістіктер мен табыстар таныстырылды. Барлық көрсеткіш көңіл қуантады. Осыған орай Қоғамдық кеңес мүшелері Талдықорған қаласының тазалығы, тұрмыстық қалдықтың жиналмауы, жол бойындағы автотұрақтың ретсіздігі, индустриялды аймақты дамыту, облыстағы қой шаруашылығын өркендету, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін медициналық көмек көрсетуге қажетті фельдшерлік-амбулаториялық орталықтың қажеттілігі секілді аса маңызды мәселелерді көтеріп, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Әрбір сауалға нақты жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов кейбір мәселелерге орай орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Үш сағатқа созылған жиынды түйіндеген өңір басшысы Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосу ортақ іс екендігін ескертіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Одан соң Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 9 қарашадағы «Алматы облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» №496 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 12 шілдедегі «Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» №288 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 12 шілдедегі «Жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру (оның ішінде қалпына келтіру) шығындарының құнын субсидиялау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» №287 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын жария талқылап, дауыс берді.

Мәди АЛЖАНБАЙ