Тотыдайын түрленіп, жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан Талдықорған қаласының күні дәстүрлі түрде тойлануда. Алтын күздің аясында өтетін бұл қуаныш биыл да жалғасын тапты. Мерекелік шара барысында тұрғын үйлердің кілті табыс етіліп, түрлі мәдени шаралар өріс алды. Жетісу жерінің жүрегіне айналған әсем шаһар тұрғындары Қала күніне арналған мерекелік шараны «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында дүбірлете атап өтті.
Келбеті келісті, еңбегі жемісті шаһардың мерекесін тойлауға жиналған жұрттың қарасы қалың. Дүрия жамылған өзендері қос қапталынан арқырай ағып жатқан, айналасы тал-терекпен көмкеріле қымталған әсем қала қуанышына келген құрметті меймандардың көшін бастаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен қазақ елінің көк байрағын ғарышқа алып ұшқан Халық қаһарманы, генерал-майор Айдын Айымбетов мекемелер мен шағын және орта бизнес нысандарының, өлке суретшілерінің, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Одан кейін «Оқушылар сарайы», «Жастар» спорт сарайы, «Салтанат сарайы» сынды бірқатар мекемелер ұжымының биін, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының қойылымын тамашалады.
Мерекелік шарада құттықтау сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов:
– Біз жыл сайын алтын күздің аясында облысымыздың бас қаласы – Талдықорған күнін атап өтеміз. Осы мерейлі күнге орай барша талдықорғандықтарды Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Талдықорған атына заты сай жасыл желегі жайқалған қала. Оның даму динамикасы әрбір тұрғынның көз алдында өтіп жатыр. Бүгінде мұнда халық саны 180 мыңға жуықтады. Қала өндіріс пен бизнестің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығына айналуда, – дей келе облыс орталығының көрсеткішіне тоқталды.
Облыс басшысы бірінші орынбасарының айтуынша, биылғы сегіз айда өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 54,3 млрд. теңгені құраған. Негізгі капиталға 35,7 млрд. теңге инвестиция тартылса, құрылыс жұмыстарының көрсеткіші 16,0 млрд. теңгеге жеткен. Жалпы соңғы жылдарда бірнеше жаңа шағынаудан бой көтеріп, еңселі ғимараттар сап түзеді. Өткен жылдан бері әрқайсысы 1200 орынды екі мектеп, драма театры, 300 орынды музыкалық мектеп, облыстық балалар ауруханасының жанынан неонаталдық хирургия, дәрігерлік амбулаториялар және басқа да нысандар салынған. Осы секілді жайдарман жаңалықтардың қатарында қалаға табиғи газ тартылғаны, сондай-ақ, бүгінде олимпиадалық жабық жүзу бассейнінің, студенттерге арналған жатақханалардың құрылысы жүргізіліп жатқандығы айтылды.
«Талдықорған – бақыттың бесігі болсын» деген тілегін жеткізген облыс әкімі бірінші орынбасарының ақжарма тілегінен кейін сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов шаһардың дамуы мен өркендеуі жолына үлесін қосқан зиялы жандарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Атап айтсақ, қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жексенбай Мейрембаев, Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің директоры Ләззат Базарқұлова, «Нур-Авиценум» сауықтыру кешенінің невропатолог дәрігері, «Қамқор» балалар үйі медициналық бөлімінің меңгерушісі Радион Ким, композитор, ұлағатты ұстаз Серікжамал Әжібекова мен 2004-2017 жылдары Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде директорлық қызмет атқарған Нұртай Тұмбаев «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін өңіріне тағынды.
Сонымен қатар, дәстүрлі байқауға қатысып жеңімпаз атанғандарға «Ең үздік әлеуметтік қызметкер», «Ең үздік ұста», «Ең үздік учаскелік дәрігер» сынды бірқатар аталым бойынша марапат табыс етілді.
Қамбаға құт толтырар берекелі мезгілде «Жаңарған Талдықорған» тақырыбымен айшықтала тойланған мерекенің жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Бірқатар қазақ эстрада жұлдыздары келіп әуелете ән салса, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының, «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлы-этно- графиялық ән-би ансамблінің, «Айгөлек», «Ачимноуль» сынды ансамбльдердің өнерпаздары өз өнерін көрсетіп, шаһар тұрғындары мен қонақтарының көңілін көкжиекпен астастырғандай күйге бөледі.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ