БИЗНЕС ФОРУМ: "INVEST.LIVE.TRAVEL"

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 1673
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен «Invest. Live. Travel» халықаралық бизнес форумына әлемнің 7 елінен 400-ден астам делегат қатысты. Олар аймақтың инвестициялық ахуалына қатысты жүзеге асып жатқан әрі таяу келешекте қолға алынатын жобалар барысы туралы баяндады.

Іскерлік әлем өкілдері алдымен облыстағы тауар өндірушілер, IT және туризм, Sturt-up жобаларға арналған көрмені тамашалады. Көрме сөресіне жақында ғана ашылған «Лукойл» зауыты өнімдері де қойылған. Сауда жөніндегі менеджері Чингиз Баймухаевтың айтуынша, саудаға тауардың 800-ден аса ассортименті шығарылады. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Әзірбайжан сынды Орта Азия мемлекеттеріне экспортталады. Кей шетелдік мемлекеттерде жоқ соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Одан бөлек, ұлттық нақыштағы киім мен аяқкиім дайындап шығаратын «Kadam KZ» пен «Зарата» Өзбекстан еліндегі халықаралық көрмеге қатысып, жақсы деген бағаға ие болған. Өңірлік «JLC Сүт», «Қайнар», «Akaltyn Products» сынды кәсіпорындар өз өнімдерімен таныстырды.

Салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің бүгінгі дамуы мен инвестициялық ахуалы жайындағы деректерді ортаға салды. Әкімнің айтуынша, 2014-2016 жылдары аймақтағы ішкі инвестиция көрсеткіші 27 пайызға өсті. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес өңірлер арасында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірінші орында.

Айта кетерлігі, форум басталмас бұрын облыс әкімдігі жалпы құны 3240,436 миллиард теңгені құрайтын 13 меморандумға қол қойды. Люксембург, ҚХР, Түркия сияқты мемлекеттермен өзара серіктестік нәтижесінде Іле, Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Алакөл аудандарында жаңадан жұмыс орны ашылып, жергілікті халық еңбекпен қамтылады.

Соңғы 5 жылда өнеркәсіптік өндіріс 66 пайызға артты. Ал қант қызылшасы осы уақыт аралығында 10 есеге өсіп, аймақ өнім алу көрсеткішінің ең жоғарғы деңгейін көрсетуде. Облыс бойынша орташа өнімділігі әр гектарынан 421,8 центнер. Алоблыстың жекелеген  шаруашылықтарында гектарына 900 центнерге дейін өнім алынуда. Өз кезегінде жүгері егу 15 пайызға өсті. Картопты қайта өңдеу бойынша әлемдік көшбасшы «Farm Frites» өз зауытын салуда. Аймақ республика көлемінде сиыр саны бойынша бірінші орында, қой шаруашылығын дамытудаға көрсеткіштері де қомақты. Одан бөлек, сингапурлық ірі инвестор «Universal Energy» компаниясы қуаттылығы 100 мВт күн электрстансысын салды, – деген Амандық Ғаббасұлы ЖЭК бойынша 28 жобаның жүзе асырылып жатқандығын жеткізді.

Аймақ басшысы жүргізілген құрылыстар, тұрғын үй, көлік дәліздері, білім, денсаулық саласына қатысты жетістіктерді баяндай келе алдағы уақытта облыстың инвестициялық тартымдылығы және  даму стратегиясы бойынша нақты қадамдардың екпінді жүзеге асатындығын жеткізді.

Форум барысында «Multimedia&Keynote» форматында өткен жиында облысқа қайта қаржы құятын қазақстандық инвесторлар, ірі трансұлттық корпорациялар баяндама жасады. «Altay Asset Management» компаниясының басшылары жетекшісі Зейнолла Кәкімжанов, «Raimbek Group» холдингі директор кеңесінің өкілі  Райымбек Баталов, «Маревен Фуд Тянь-Шань» директоры Бернард Вавржин өз тәжірибелерімен бөлісті. Зейнолла Кәкімжанов болса халықаралық нарыққа Қазақстанда өндірілетін шарапты эскпорттау жөнінде баяндап, «Almata Dala» деген атауды ұсынды.

Одан бөлек мемлекеттік қолдаумен  кәсіпкерлерді оқытатын бағдарлама аясында кәсібін енді бастаған шағын бизнес өкілдері де сөз алды. Ал «Баршаға арналған табыс» тақырыбында Алматы облысында қызмет ете отырып, соңғы 5 жыл ішінде тұрақты табысқа қол жеткізген кәсіпкерлер жетістіктерімен бөлісті. Мысалы, Мәриямгүл Садықова төсек жабдықтарын өндіру ісін бастағандағы қиыншылықтарын әңгімеледі. Дұрыс тамақ әзірлеуді қолға алған «Selpo» дүкендер желісінің өкілі Олеся Ильченко кәсіпті онлайн жеткізумен бастағандығын айтты.

 Панельдік сессияда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арқылы Қытаймен дұрыс сауда жүргізудегі бизнес серіктестік жөніндегі ұсыныстар тыңдалды. Баяндамашылар инвесторларды тарта отырып, «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын дамыту туралы өз ұсыныстарымен бөлісті. Ал «Резон жоба», «Хуан Шынгыс», «Қорғас-КАТ» ЖШС-нің жетекшілері сауда үйлерін дамытудағы тәжірибелерін әңгімеледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, цифрландыру, туризм бойынша секциялар ұйымдастырылды. Консультациялық компаниялармен кездесулер және фермерлер үшін «Миллиардер компаниялардың тапсырыс орындаушылары болу үшін не істеу керек?» тақырыбында шеберлік сағаттары өтті. Форум бизнес мүдделерін қорғауға бағытталып, іскерлік форматқа негізделді.

Форум аясында инвесторлар іздестірудегі жобалар, халықаралық қаржы институттары және мемлекеттік органдардың қолдау барысына қатысты семинарлар ұйымдастырылып, инновациялық стартаптар көрмесі өтті.

Шара соңы «Zhetysu travel awards» туристік сала қызметкерлерін марапаттауға ұласты.

Андрей МАТЮХОВ, «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Центральная Азия» ЖШС бас директоры:

– Шынымды айтсам, осындай ірі көлемде ұйымдастырылған бизнес-форумға алғаш рет қатысып тұрмын. Жұмыс барысымен көптеген мемлекеттерде, қалаларда болып, көптеген форумға қатыстым. Бірақ, дәл осындай әсем ғимаратта, ерекше бағдарлама мен кең ауқымдағы шараны ешқайдан көрмедім. Талдықорған қаласында өте пайдалы, сан түрлі ақпаратқа толы шара өтті. Ол тек әр саладағы мамандардың іскерлік қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, кәсіпкерлікті өркендетудің айрықша үлгісін көрсетті.

 

Дарья ПОПОВА, «Victori citi» бірлескен қазақ-қытай кәсіпорнының бас директорының орынбасары:

– Jetisy invest 2019 облыс экономикасының дамуына серпін берді. Өзіміздің және шетелдік делегаттар бірден тіл табысып, ортақ шешімге келе алды. Дәрі-дәрмек, биологиялық белсенді препараттар, биологиялық белсенді қоспалар және медициналық материалдар өндіру салаларындағы жетісулықтардың жетістіктері мені қатты қызықтырды. Біздің компания олармен серіктестік орнатуға қызығушылық білдіріп отыр. Форум барысында  олармен байланыс орнатып, алдын ала келіссөздер жүргізуге жақсы мүмкіндік туды. Жақын арада жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттемін. Осындай мүмкіндік  үшін облыс әкімдігіне  алғыс айтамыз. Келесі инвест-форумды асыға түтеміз.

 

Болат АБИЛОВ, кәсіпкер, меценат: 

– JETISY INVEST 2019  форумына қатысу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Бұл инвест-форум біз үшін де, шетелдік кәсіпкерлер үшін де тиімді әрі қажетті алаң екенін көрсете білді. Оны облысымызбен қоса  жалпы республикамыздың экономикасына инвестиция тартудың  нақты жүзеге асатын механизмі деуге болады. Кездесу барысында қатысушылар  өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, аймақтың қаржылық тартымдылығын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға байланысты тақырыптарды ашық талқыға салды. Біздің бизнес-қауымдастықтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды. Инвест-форум бізге отандық бизнестің келер күнге қалай қадам басатыны жайында нақты түсінік берді.

 

Филиппе МАРТИНЭ, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Талдықорғандағы инвест-форум жетісулық кәсіпкерлердің іске қаншалықты белсенді әрі сауатты екенін көрсетті. Ауылшаруашылығы, өңдеу саласы, сауда-саттық тауарларын өндіру сияқты салалардағы Франция мен Алматы облысы арасындағы серіктестік орнату мүмкіндігіне көз жеткіздім.  Бұл менің Алматы облысында бірінші рет болуым емес. Әр келген сайын тың дүниелерге куә боламын, экономиканың дамып жатқанын, бизнестегі ұстанымдарының қатайып, жаңа өндіріс ошақтарының ашылып жатқандығын және жетісулықтардың  әл-ауқаты өсіп жатқанын көремін. Осыған JETISY INVEST 2019 сияқты іс-шаралардың ықпалы тиіп жатқанын атап өтуге болады.

Еңлік ҚАБДЕШ