ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ БАҚЫЛАУДА

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 1925
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстағы бірқатар қалалар мен аудандарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражатты игеру кестесінен кейіндеу байқалады. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ қатысуымен өткен селекторлық жиында айтылды.


Ағымдағы жылы біздің облыс үшін құрылыс көлемінің индикаторлық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 102,4 пайызға бекітілді. Өз сөзінде Лаззат Тұрлашов Талдықорған қаласына бюджеттен 38 миллиардтан астам теңге бөлініп, оның 11 миллиард теңгесі игерілмегенін айтты. Қапшағай қаласында 1,2 миллиард теңге игерілмегенін де атап өтті. Десе де, аяқталмаған жоспарларды қысқа мерзім ішінде орындау қажеттігі ескертілді. Текелі сынды моноқалаға құрылыс жұмыстарына шамамен 3 миллиард теңге бөлінген. Оның 353 миллионын игеруді қолға алуды тапсырды.


Лаззат Махатұлы бейнеконференция қатысушыларына Ақсу ауданының көрсеткішін үлгі ретінде баяндады. Өңірде жылдық жоспар бойынша 7,9 миллиард теңгеге жеті жоба жүзеге асқан. Өз кезегінде аудан әкімі Есім Базарханов жылдық индикаторды орындап қа-на қоймай, белгіленген межеден асатындығын жеткізді. Алакөл ауданы да көш бастаушылар қатарында. Олар 5,3 миллиард теңге тапсырманы толық орындаған. 

Балқаш ауданы 2018 жылдың көрсеткішіне қарағанда 150 пайыздан астам қаражат игерген. Өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау нысандарын салуға баса назар аударылған. 

Селекторлық жиын барысында тек тұрғын үй мен басқа да объектілер құрылысына ғана емес, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу жайы да баяндалды. 

Жиын соңынан Лаззат Махатұлы Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларында тіркелген кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде реттеуді тапсырды. Ол үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажеттігін ескертіп,  орындалу барысын өзі жіті қадағалайтындығын жеткізді.

Еңлік ҚАБДЕШ