ОҢ БАҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 766
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Санитарлық  тазарту, абаттандыру, көріктендіру және көгалдандыру айлығының орындалуын бақылау мақсатында арнайы құрылған комиссия мүшелері Іле ауданына келді. 


Комиссия мүшелері іссапарларын Өтеген батыр кентінен бастап, Байсерке, Жетіген ауылының орталық көшелері мен елді мекен сыртындағы күл-қоқыс төгілетін орындардың тазалықтарын тексеріп, атқарылып жатқан  жұмыс сапасына көз жеткізіп қайтты. 

Өтеген батыр ауылында биыл біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, Алматы қаласынан келетін жолдағы стелалар жаңартылып, жарықтандырылды. Өтеген батыр ескерткішінің маңы да көгалдандырылған.

Байсерке ауылына кіреберісте жаңа қақпа салынса, орталық Жансүгіров көшесінің бойы толықтай тазаланған. Жаңа аялдамалар бой көтеруде. Сондай-ақ, әр үйдің ауласына ойын алаңдары салынуда. Алматы, Титов, Батталханов көшелері асфальтталды. Жуырда жаңа Арбаттың ашылуы болмақ. Тұрғындар әр аптаның сәрсенбі, жұма күндері ауыл көшелері мен күл-қоқыс төгілетін орындардың маңайын тазалап, көркейту мәселесіне біркісідей атсалысады. 

Жиын соңында көктемгі-күзгі екіайлық тазалық жұмыстарын бақылау мақсатымен келген облыстық комиссия мүшелері Жетіген ауылына барып, талапқа сай тазаланған жұмыс сапасына оң баға беріп қайтты. 

Рамазан ЕЛЕШОВ
Іле ауданы