МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ

Уақыты: 07.10.2019
Оқылды: 1097
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Нұр» Сарқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Алтын күз» атты мерекелік шара өтті. Онда, концерттен бөлек, «Гүлдей жайна» тақырыбында қолдан жасалған бұйымдардан көрме ұйымдастырылды.


Көрмеге мекемеде тұрып жатқан қызмет алушылардың еңбек терапиясы нұсқаушыларымен бірігіп әзірлеген моншақ, ағаш, қағаздан жасаған қолөнер туындылары қойылды. Кешке «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А. Нұрахметұлы, аудандық мәслихат депутаты, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы С. Елубаева, аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы  Г. Мұ­қа­но­ва және Сарқан ауданының «Мейірлі» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілі Г. Қасымханова қатысты. Сонымен қатар, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Кенжетай Тазабекова және орталық тұрғындары Битөлеу Акишов, Павел Кашиннің ата-анасы Ахметхан Ақышұлы, Чайнек Мамырбаева, Любовь Ветрова келіп қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Мекеме басшысы Айгүл Асқарова келген қонақтарды, қарттарды мерекелерімен шын жүректен құттықтады. 
– Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға қолдау көрсету – әр азаматтың парызы. Сондықтан, біз бұл адамдарға ұдайы көмек қолын созып отырамыз. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған. Осындай іс-шаралар арқылы мүгедек жандардың ата- аналары балаларының отбасына етене араласуына үміттері қайта оянып, өз балалары ешкімнен кем еместігін, қоғам бұған бейжай қарамайтынын түсінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға күнделікті үлкен қолдау қажет. Өйткені, олар нағыз өмірдің не екенін және қалай өмір сүру керектігін білетін, түсінетін адал да ардақты жандар. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Әр кез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық, – деп сөзін аяқтады.

Мекеме қызметкерлері  іс-шараға арнайы сахналық қойылым қойып, көрермендерді тәнті етті. Атап айтқанда, психолог Л. Мамырбекова қызмет алушы С. Тәженовпен «Аққу» биін билесе, кадрлар жөніндегі инспектор  М. Разбекова  және емдік дене шынықтыру нұсқаушысы С. Аринов  күз туралы көрініс көрсетіп, мекеме бишілері «Қырманға кел, қалқатай» биін билеп, «Күзгі дәнді дақылдар» мен «Әжелер» тобы өнерлерін ойдағыдай көрсете білді. Қойылым барысында Д. Байкүшіков ата бата берсе, әжелер дақылдарды аластап, келер жылға мол өнім тіледі.

Мерекелік кеште қонақтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дастарқан жайылды. Шара аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің концертімен жалғасты.


Балжан ДүйсеНбинова,
«Нұр» Сарқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы