ҚАРТТАРЫМ - ҚАЗЫНАМ

Уақыты: 07.10.2019
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халықаралық қарттар күніне орай Текелі қаласындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов 300-ге жуық қарт пен кейуана тұратын орталықтың қызметімен танысып, мекеменің ішін аралады.


Арнайы келген көпшілікті мерекелік көңіл-күймен қарсы алған ұлттық киімдегі ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қарттар әннен шашу шашып, өз өнерлерін паш етті. Сөз арасында орталық директоры Алма Нұрмыханова жұмыс барысын баяндап, қызмет алушылардың қал-ахуалын жеткізді. Қарттарға барлық жағдай жасалған орталықта оқу, фитнес залы, емдеу орындары жұмыс істейді. Онда дәрігер, психолог сынды мамандар қызмет етеді. Бұдан соң келушілер үшін жеміс-жидектен жасалған көрмені тамашалаған көпшілік арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертке куә болды. Қарттарға жылы лебіз арнаған Батыржан  Құлаймергенұлы:
– Сіздерді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Мекемеде үш жүзге жуық қарт тұратындықтан бұл ең қазыналы жер саналады. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, бақ пен береке тілеймін. Ел үшін еткен еңбектеріңізге, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнаған уақыттарыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз, – деп шынайы ықылас-пейілмен облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыстады. Одан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Текелі қалалық мәслихатының хатшысы Николай Калиновский жүрекжарды тілектерін арнап, қариялардың мемлекеттің дамуына қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

Мерекеге орай арнайы концерт қойған орталық қызметкерлері жалғызілікті қарттардың көңілін серпілтті. Жергілікті өнерпаздармен бірлесе ән шырқап, би билеген қазыналы қарттар мерекемен құттықтай келген қонақтарға ақ бата мен ақжолтай алғыс арнады. Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қарттармен естелік суретке түсті.

Мәулен ӘНЕРБАЙ