ДАНАЛЫҚ ЖОЛ

Уақыты: 07.10.2019
Оқылды: 1798
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Балпық би бабаның 325 жылдығына орай ұйымдастырылған сапардың бірінші бағыты бойынша делегация мүшелері Сарыбұлақ ауылында жатқан Тіленші қазының, Балқаш ауданындағы Қабан жыраудың, Шеңгелді ауылындағы Бөлек бидің, Сәмен ауылындағы Сәмен батырдың басына барып, ауыл имамдары Құран бағыштады. Бұдан соң Сарыөзек ауылындағы «Ұлы Даланың ұлы даралары» атты мемориалдық кешендегі қасиетті бабалардың ескерткішіне ат басын бұрып, зиярат етті.


Аталмыш шараның екінші бағыты бойынша салтанатты кездесу аудандық Ә. Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Рухани шарада алғашқы болып сөз бастаған аудан әкімі Махаббат Бигелдиев Күреңбел өңірінің киелі мекен, татулықтың ордасындай болып, достықтың туын желбіреткен өңір екенін хас батырлар мен би-болыстардың, ақын-жыраулардың табаны тиген киелі өлке екенін, аталар салған алтын ізден ауытқымауды дәстүрлі ұстап келе жатқан ұрпақтары «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұмытпағанын атап өтті.  Сондай-ақ, ол: «Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жетісу жерінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылиса жыраумен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу өзендерінің бойында 1784 жылы қайтыс болса керек. Балпық бабамыз он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді би, Қабылиса ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Осы орайда, Балпық бабамыз туралы қонақтарымыз да өз ойлары мен тілектерін бөліспекші», – деп сөз кезегін Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевқа берді.

Өз кезегінде кино әлемінің жарық жұлдызы да тебірене тіл қатты. Ол: «Менің осы жерде туып-өскенімді көбісі біле бермейді. Алтынемел ауылында, таудың етегінде 3-ші ферма аталған ауылда туғанмын. Әкемнің жұмысына қарай Өндірістік ауылына көшіп кеткенімізбен кейін қайта келіп, Алтынемелде оқу бітірдім. Сарыөзекте бір жыл оқыдым. Қазақстан Республикасының Халық әртісі ғана емеспін, сталиндік сыйлықты алған ең соңғы актермін. Он төрт рет Гран при, екі рет Американың бас жүлдесін алдым. Осы атақтың бәрі жайдан-жай емес, аруақтарды есіме алып, қадір тұтқанымнан болар. Мен жалпы қазаққа ортақ азаматпын. Бүгінгі беріп жатқан астарыңыз, жақсы ырымдарыңыз құтты болсын.

Күреңбел даласында әділдігі мен батылдығының арқасында Ұлы жүз қазақтарын билеген аға сұлтан Тезек төре, қазақ халқының бірегей тұлғасы, аққан жұлдызы Шоқан Уәлиханов, Бөлтірік шешен мен Сүйінбай ақын, Жоламан мен Сәмен, Малайсары мен Бармақ, Теберік пен Биеке, Жайнақ пен Бөлек, Дос пен Жамбай, Байторы мен Тайторы батырлар, Матай мен Едіге, Молдыбай мен Құлжабай, Тіленші қазы мен Рақым билер, ел алдында абыройы биік Шанханай мен Қоянкөз аналардың даңқты істерінің айтулы іздері қалған өңір екенін айта келген аудан әкімі сөз кезегін «Үш бәйтерек» қоғамдық қорының жетекшісі, өлкетанушы Наурыз Қылышбаевқа берді. Ардақты ағамыз Наурыз Қылышбайұлы Балпық биге арналған іс-шараның қырық күнге созылатынын, қастерлеу сөзінің терең мәнді екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде: «Әбілхан Қастеев атындағы галереяның директоры Байтұрсын деген жігіт Балпық би бабамыздың суретін дайындап, ол он мың данаға көбейтіліп, елге таратылды. Бүгінде, байқасаңыздар, әр үйдің төрінде ілулі тұр. Содан соң мына Сарыөзектегі «Ұлы Даланың ұлы даралары» атты мемориалдық кешен екенін түсініп келе жатырмыз. Балпық би бабамызға арналған шара әлі де жалғасады. Қаламгер Ораз Исмаилов бауырымыз көзінің тірісінде Тіленшінің Шұбар аты туралы кітап жазбақшы болып, деректер жинап жүргенде, өмірден тосын жағдайда өтуіне байланысты ол кітап аяқталмай қалған болатын. Сондықтан Балпық бидің ұрпағы Төлеген Шойынбековтың сұрауы және Ораздың жұбайының келісімі бойынша мен сол кітапты 2015 жылы аяқтаған болатынмын», – дей келе өзге де жайттарға тоқталып өтті.

Өз кезегінде еңбек ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы Аманғазы Ахметқалиұлы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Дүйсен Аңсабаев, Кербұлақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алматы облысының және Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Төленді Сарыбаев сөз алып, баба ерлігі туралы тебірене термеледі.   

Кербұлақ ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласқан жиынның соңында «Дәулет» дәмханасында Балпық би бабамызға арналып дастарқан жайылып, Құран бағышталып ас берілді. Дастарқан басында еліміздің рухани дамуына атсалысып жүрген бірқатар азаматтардың иығына шапан жабылып, сыйлық табыс етілді.  

Айнаш МӘМІЛЕНҚЫЗЫ