КУБОК САРАПҚА САЛЫНДЫ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 722
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талғар топырағында жылма-жыл жалғасын тауып келе жатқан ат спортының ең көркем түрі – конкурден жарыс тартысты өтті.


Жалауы желбіреген жарысқа Нұр-Сұлтан қаласынан, облысымыздан және көршілес Қырғыз елінің аттары қатысып, бәсекелі ойын өрнегін көрсетті. Жібектей таранған сәйгүліктердің жарыс жолына дайындықтары сақадай сай екенін аңғару қиын емес еді. Көрер көзді сүйсінтетін бұл жарысқа аудандық «Алатау» ансамблінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жарыс алаңын жан жадыратарлық көңіл-күйге бөлегенін айту артық етпес. 

Конкурдың отаны – Франция мемлекеті. Олимпиадалық ойындар құрамына енген бұл жарыстың көрігін қыздыруға еліміздің әр аймағынан ат спортшылары қызығушылық танытуда. Биылғы жарысқа 20-ға таяу ат қатысып, өзара бақ сынасатын болады. Федерация кубогі сарапқа салынатын жарыста жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деген облыстық ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев шараның ашылу салтанатында шабандоздарға сәттілік тіледі.

Конкур алаңында белгіленген тәртіпте және белгілі бір қиындық пен биіктікте кедергілерден өту бойынша сынға түскен  сәйгүліктерді тізгіндеген шабандоз жасөспірімдердің ат үстіндегі сымбатты отырыстары мен қимыл-қозғалыстарынан шеберліктерін байқау қиын емес еді.
– Конкур – ең көркем әрі мықты дайындықты қажет ететін ат спортының бір түрі болғандықтан оған қатысу үшін спортшының және жылқының ұзақ және табанды жаттығуы қажет, – дейді жарысты ұйымдастырушылардың бірі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманжол Нұрманов. – Ат жалында ойнайтын қазақ баласы үшін конкурды меңгерудің еш қиындығы болмас. Сол себепті, қызығушылар қатары артып келеді. Шабандоздың батыл әрі табанды болуы,  жылқыны басқару өнерін жетік білуі, жақсы физикалық дайындықта болуы басты шарттардың бірі. Сондай-ақ, қимылдардың икемділігі және ырғақтылығы талап етіледі. Осындай деңгейде өнер көрсете алған ат пен оны тізгіндеуші шабандоз ғана жеңіс мәресінен көрінбек.

Жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілеттері мен маршрутты өту тазалығы ескерілген жарыс қорытындысында Нұр-Сұлтан  қаласының шабандозы Даниал Абылқасым бас жүлдені иемденсе, екінші орынды Талғар ауданы Панфилов ауылының шабандозы Валерия Дюдина, ал үшінші орынды Қырғызстаннан келген Эвелина Сейфидинова жеңіп алды. 

Ұлбосын ИСАБЕК