ЖАҢА ЖОБАМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 820
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанның барлық аймағында қолға алынып жатқан «Менің кәсібім» жобасы Алматы облысында да өз жұмысын бастамақ. Жоба авторы, елге танымал кәсіпкер Айжани Нұрланова Талдықорғанға келіп, бастаманың жай-жапсарымен толық таныстырды.


Облыстық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысының орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолдау тапқан жоба аз қамтылған, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жастарға үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Пилоттық жоба жұмысын баяндау үшін Батыржан Құлаймер-    генұлы сөз тізгінін Айжани Адайқызына берді.

– Талдықорғанды жақсы білемін. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ жемісті еңбек етіп жатқаны бірден байқалады. Қала өте таза. Осындай әдемі жерде тұрып жатқан сіздер бақыттысыздар. Баршаңызға белгілі, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл өлкедегі халыққа жасалып жатқан әлеуметтік жобалармен таныстым. Осындай әлеуметтік көмек ешбір аймақта жоқ, – деп өз кәсібін ашуға ниеттілерге мүмкіндік мол екендігін айтты. 

Жоба аясында қарастырылған қаржы бірден қолға берілмейді. Кішігірім кәсібін дөңгелетемін дейтін жандар үшін қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынып, дайын өнімді нарыққа шығаруға көмек көрсетіледі. Кәсіп түріне шектеу жоқ, біреу қолөнермен айналысса, бірі тағам әзірлеу, тағы бірі ұсталық секілді жанына жақын істі қолға алады. Соған сай қаржы көлемі де әртүрлі бөлінеді. Маңғыстау облысында сәтті жүзеге асқан жоба бойынша 250-ге жуық адам жеке кәсіпкерлік жүргізудің негізгі дағдыларына оқытылып, жеке ісін ашты.

Жиын соңында облыс әкімдігі мен «Менің кәсібім» жобасының авторы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ