ТҮСІМ КӨЗ ҚУАНТАДЫ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 986
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы дақылдарының ішінен қант қызылшасы айрықша маңызға ие. Сондықтан тәтті түбірді өсіріп, алқап көлемін ұлғайту, өнімділікті арттыру облыстың маңызды стратегиялық саласы санатында. Осы мақсатта соңғы жылдары бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. 


Аталмыш бағыттағы үздік шаруашылықтардың жұмысымен жете таныстырып, жаңа, озық технологияларды меңгеру, заман талабына сай тыңайтқыштарды тиімді қолдануды көзбен көрсетіп, қолмен ұстататын сан түрлі тақырыптық жиындар ұйымдастырылды. Оның нақты нәтижелермен ұштасқанына бірқатар шаруа қожалықтарының қызылша алқабын аралағанда көз жеткіздік. Жалпы қант қызылшасы – күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал әрі табысты дақыл. Мұны қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған Алмалы ауылдық округіндегі «Жас қанат» шаруа қожалығы жақсы біледі. Аудандағы алдыңғы қатардағы аталмыш қожалық басшылары Қанат пен Ерлан Блискелдиновтарды егістік басынан, қызу еңбектің ортасынан таптық. 

– Былтыр 100 гектар жерге қант қызылшасын ексек, биыл оның көлемін 150 гектарға жеткіздік. Әр гектардан өнім орта есеппен 350-400 центнерден айналады деген ойымыз бар,– дейді Қанат Блискелдинов.

Түсім көз қуантады. Алмалы ауылдық округінде құрылған сервистік дайындау орталықтарының заманауи жаңа техникалары қазір қауырт іске кіріскен. Тіркемелі қызылша жинайтын өз бункері бар элеваторлы «GRIMME ROOTSTER 604» атты комбайнның жұмыс өнімділігі расымен де таңғалдырады. Көз ұшында жүрген арнайы техника енді бір айналғанда егістіктің екінші басынан табылып, еңбек көрігін қыздыруда. Тіркемесіне дейін тау болып үйілген тәтті түбір тиеген "КамАЗ" жүк көліктері бір-бірін жылдам ауыстырып, көңілге қуаныш ұялатады. 

– Биыл, өздеріңіз көргендей, қант қызылшасының түсімі өте жақсы, – дейді аудан әкімінің орынбасары Арман Мұқанов тәтті түбір алқабын аралау барысында. 

– Аудан бойынша барлығы 2850 гектарға егілген аталған дақылдан гектарына орта есеппен 400 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Былтыр өңірде 2000 гектар көлемге тәтті түбір өсіріп, түсім орта есеппен 362,7 центнерді құраған болатын. Берекелі күз берген тәтті түбірді тиеп, барлығы 44 "КамАЗ" алғашқы лекпен Ақсу қант зауытына жол тартып үлгерді. 

П. Жеңісхан 
Сарқан ауданы