Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СОҒАДЫ ІЛИЯС -ЖЫР ӘР ЖҮРЕКТЕ

Уақыты: 20.10.2019
Оқылды: 124
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Ілияс жырларымен тұңғыш рет мектеп қабырғасында жүргенде, осыдан 45 жыл бұрын таныстым. 1974 жылы филология ғылымдарының кандидаты Баламер Сахариев құрастырған «Құлагер» атты поэмалар мен өлеңдер жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көріп, жалпақ қазақ даласына 41000 тиражбен таралған болатын. Соның бірі түкпірдегі Абыралы өңірінің Қайнар ауылындағы дүкен сөресінен менің көзіме оттай басылып, ішіндегі түлкі тымақ киген Ілекең суретімен бірге менің жастанып оқитын, әлсін-әлсін қайта оралып отыратын қимас кітабыма айналып үйімнің әлі де төрінде тұр.


Онан кейін де Жансүгіров жырлары бірнеше рет басылып шықты. Соңғы рет «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген 10 томдығы есімде. Енді биыл 20 томдық шығармалар жинағы жарық көріп отыр екен.  Қазақ әдебиетінің алтын  қорына қосылған бұл шығармаларға құтты болсын айтамыз.

Поэзия – халқымыздың жан-күйінің жарқылы, сезімінің сырлы шектерінің пернесі, оның эстетикалық көзқарасының сәулелері, оның этикалық арманының айнасы. Әрбір шығарма – ақын жанының қайрат-күші, ой-пікірі, тіршілік тынысы, рухани қуаныштары мен күйзелістері, бүгінгі мақсаты, алдағы үміті. Поэзия – ақынның жаны, тамырын қуалай аққан қанның ары, ақынның Отан алдындағы ожданы. Үлкен идея үлкен поэзияны тудырады. Үлкен ақындардың тәжірибесі, бай палитрасы, үлкен полотнолары, үлкен адам образдары, үлкен жан құбылыстары, үлкен драматизмі, асау иірімі, шапшаң ағысы, от шашып бұрқанған динамизмі – барлығы да ауыр азаптың ащы нөсеріне шомылғаннан кейін барып туады. Поэзияны адам жанының аласапыран толқындары, психологиялык ішкі иірімдері, гуманистік үлкен жүрегі, уақыт желінің серіппесі, патриоттық пафос, азаматтық әуен, сергек сезім, өзі арқылы қоғамның қуатты қимылын білдіретін ішкі ыстықтық пен сыртқы жинақтылық қана тудыра алады.

Поэзия әр уақытта үлкен мінбеден бар дауыспен айтылып келеді. Бірақ, поэзияның құпия құбылыстарын, сан алуан сырларын, иненің жасуындай шыңырау түбінен шымырлап қана елес беретін кезін, оның көктен жерге кұйылған күн сәулесіндей жанарға шалынбайтын жасырын жұмбақтарын, оның алда тұрған қат-қабат проблемаларын әлі түгел айқындап ешкім айтып бере алған емес.

Тіпті, поэзияның қатып қалған догмасы да жоқ. Оның теориясы да өмірдің даму диалектикасы секілді өзгеріп отырады. Ежелгі Элладаның құдайлары жерге түсті. Сахнадағы мифтік ертегілердің орнына, ақылға сыймайтын асқан күшті батырлардың орнына қарапайым адамдар бой көрсетті. Қалыптасқан ертедегі классицизм үлгісі де көп өзгерістерге ұшырағаны белгілі.

Жердің тартылыс күші болатыны сияқты, ұлы ақындардың да ұлы планеталар сияқты тартылыс күші бар. Өлеңге жаңа келген көптеген жас ақындарды Ілияс өзіне тартып алды, тіпті жұтып қойды деуге саяды.

Ілиясқа еліктегендер көп, бірақ олар  Ілиястың өзі емес. Біздің поэзияға келген толқынның ішінде де Ілиястың тартылыс күшінен шыға алмай қалып, өз қолтаңбасын қалыптастыра алмағандар болды. Олар көп.

Жүрекжарды көзқарас – біреу ғана. Ілиястай ақынға қандай баға берсек те лайық.  Небәрі 44-ақ жас ғұмырында 40 кітап шығарып, қаншама асыл қазына  қалдырғанына қайран қаласың. Негізінен Ілиястың есімі қазақ әдебиетінің тарихында эпик ақын ретінде алтын әріптермен жазылды деп ойлаймын. 

«Ақындық – әулиелер мекені, періштелер жолдасы» – деген Ғафу ақынның сөзін еске алсақ, ақындық қасиет кез келген адамға қо-на бермейді. Ақындық – менің ұғымымда, Алланың берген ерекше табиғи дарыны.  Ақын – кейде екі дүниенің елшісі сияқты көрінетіні де бар. Ақынның аузына сөзді Алла салады. Шығармашылықта – шабыт, қиял, ақыл, сезім, өзгеше көре білу сияқты бірнеше философиялық категориялар бар. Солардың бәрі ақын жүрегіне, ақын санасына тоғысқан кезде ғана қалың оқырман зердесіне ұя салатын Өлең жарықтық туады. Арғы-бергі қазақ әдебиетінің тарихында «Нағыз ақын» деген атқа лайық кімдер бар еді? Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Қазақ қазақ болғалы ұрпақ жадында өзіне-өзі сөзден ескерткіш сомдаған біртуар ұлы ақындар бар. Олар – кешегі жыраулық поэзияның асыл жауһарларын қалдырған Бұқар, Үмбетей, Марқасқа, Шалкиіз, Асан  Қайғы, Ақтамберді, Дулат, т.б. кесек тұлғалар. Данышпан Абай, абыз Жамбыл, отты Махамбет, жұлдыз Сұлтанмахмұт, тұңғиық Мағжан, құлагер Ілияс, дауыл Қасым сияқты ақындарымыздың асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта түсті. Ақындық жаратылыс – ұлы Жаратушы Иенің ғана қолынан келетін ғажайып. Ал кім өз халқының даусын жеткізе білді, кім өз ұлтының жоғын жоқтады, мұңын мұңдады – сол нағыз ақын деген ойдамын. Бұл тұрғыдан келгенде ақын өз халқының сөзін сөйлейді, елдің атынан жыр төгеді, бірте-бірте ақын мен халық бірігіп біртұтас категорияға айналып кетеді. Өз халқымен тұтасып кеткен ақын ғана «нағыз ақын» биігіне көтеріле алады.

Ілияс шығармашылығын әр жылдары көптеген ғалымдарымыз зерттеді. 1969 жылы профессор Мырзабек Дүйсенов Ілиястың өмірі мен шығармашылығы туралы диссертация қорғады.  Ақын, ғалым Тұрсынхан Әбдірахманова Ілияс поэзиясын зерттеп, тұтас монография жазып қалдырды. Академик Зәки Ахметов Ілиястың Абайға қатысы туралы зерттеулер жүргізді. Профессор Т. Қожакеев  Ілиястың  сатира,  юмор саласындағы  еңбектерін,  фельетондарын  жан-жақты зерттеді. Б. Сахариев, Т. Бейісқұлов, Т. Сыдықов, т.б. ғалымдар Ілияс шығармашылығы туралы еңбектер жазды.

Жансүгіров  шығармаларының бастау алар арнасы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Абай поэзиясы, орыс және дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілері. Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы. Ол әдебиеттің күллі жанрында қалам сілтеген қаламгер. Алғашқыда ол лирика жанрымен катар қоғамдық талапқа сай сол заманның өзекті мәселелерін көтерген шағын жанр-әңгіме, фельетон түріндегі сатира жанрын дамытты. Жансүгіровтің прозалық шығармалары еңбек адамдарының өміріндегі жаңа сипатты бейнелейді. Қаламгер қазақ халқының өмірінде бұрын болмаған жаңару процесін, адамдардың еңбекке деген көзқарасының өзгеруін типтік образдар арқылы суреттеді. Мұның өзі зор тәрбиелік рөл атқарды. 

Прозасының елеулісі – оның «Жолдастар» романы. Жансүгіров драматургия жанрында да жемісті еңбек етіп, «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет», т.б. пьесалар жазды. «Кек» қазақ ауылындағы тарихи тартыс такырыбын қозғаса, «Түрксіб» Түркістан-Сібір теміржолын салу жұмысындағы шытырман тартыс оқиғаларын бейнелейді. Жазылып, сахнада қойылып үлгермеген «Исатай-Махамбет» пьесасы тарихи тақырыпты қозғаған жазушының елеулі шығармасы. 1931-36 жылдары ол ақын ретінде толысып, кемелдене өсті. Бұл тұстағы оның ерекше еңбегі, әсіресе, үлкен эпикалық поэмаларынан байқалады. Әрбір үлкен шығармаларының алдында  сол тақырыпқа шағын өлеңдер жазып, экскурстар жасап отырды. Мысалы, әйгілі «Дала» поэмасының алдында «Бүгінгі дала», «Гималай», т.б. туындылары дүниеге келді. Ілияс барлығы 15 поэма жазған. Бұлардың ішінде «Рүстем кырғыны», «Байқал», т.б. кезінде жарық көре алмаған. Ал «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан» тәрізді поэмалары аяқталмай қалса да ақынның мол дарынын, ерен суреткерлігін танытатын дүниелер. Сондай-ақ, «Мәйек», «Жаңа туған», «Жарық» поэмалары – заман бейнесін, өмір шындығын көркем бейнелеген үздік эпикалық туындылар.

Жансүгіровтің алғашқы шығармашылығына «Бұлбұлға», «Әншіге» өлеңдерінен бастап ерекше бір сарын тән болатын. Сол сарын 30-жылдары үлкен бір арнаға ұласты. Ол 1929 жылы «Күй», 1934 жылы «Күйші», 1936 жылы «Құлагер» поэмаларын жазды. Бұл шығармалар Жансүгіровтің эпикалық жанрдағы ізденістерінің сәтті жемісі. «Күй» поэмасында ол өнер тегін, тетігін терең бойлап, тани білетін нәзік эстетик екенін танытса, «Күйші» поэмасында ол өнердің адам өміріндегі рөлін, азаттық пен азаматтыққа әсерін, махаббат парасатының биіктігін бейнелей тұрып, әлеуметтік қайшылықтар төркінін де аңғартады. 

«Құлагер» – ақынның алуан сырлы ақыл-ой сезімдерінің ағындап, тасқындап келіп кұйған терең арналы туындысы. Шығармаға халық композиторы Ақан серінің өміріндегі трагедия өзек болған. Сюжет желісі – халықтық аңызға айналған тарихи шындық. Поэмада заман сипаты, адамдар арасындағы әлеуметтік тартыс, Құлагердің өліміне байланысты жанды көріністер шынайы суреттеліп, сол дәуірдегі халық өмірінің тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат берілген. Шығармадағы оқиғаның шымыр дамуы, кейіпкерлердің мінез даралығы, портреттік бейнелер – ақын шеберлігінің айғағы. Поэмада халық өмірі, тұрмысы, әдет-ғұрыпы, дала табиғаты әсерлі суреттелген. 

Ілияс алдымен Абайды үлгі тұтты. Ол Абайдың суреткерлік шеберлігін, шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін бағалауға, өлең текстерін анықтауға елеулі үлес қосты. Оның «Абай кітабы» мақаласында («Тілші» газеті, 1923, 8 мамыр) Абайдың Ташкентте шыққан таңдамалы өлеңдері (құрастырған   Х. Досмұхамедов) жайлы пікір толғайды. Бұл мақаланың құнды жері – Абай өлеңдерінен жиырма шақты сөз тіркестерін келтіріп, солардағы баспагерлер тарапынан кеткен жаңсақтықтарды, қате басылған сөздерді тап басып, олардың дұрыс нұсқасының  қандай болу керек екенін  көрсетеді. Мысалы «шалғыннан жүні қылдылдап емес, «шалғыннан  жоны қылтылдап» дұрыс екенін алғаш көрсеткен Жансүгіров  болатын.

Бұл мақаладағы тағы бір бағалы пікір – Абай шығармаларын толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу міндеті қойылған. «Абайды жете білетін Шәкәрім, Мұхтар, Әлихан,  Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп осы бастан қам қылып, асықпай, бірнеше жылды мойынға алу керек», – дейді.  Сол кездің өзінде-ақ Ілиястың  Абай шығармаларының толық жинағын тыңғылықты дайындап бастыру мәселесін көтеріп, Абайдың өмірі мен шығармаларына  ең жетік, білгір адамдар деп Ш. Құдайбердиев,  М. Әуезов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсыновты атауы айрықша назар аударарлық жай.

Ол Абайдың 1933 жылғы жинағына алғысөз жазды және «Абайдың сөз өнері» мақаласы жарияланды. (Әдебиет майданы, 1934 №11-12). Абай шығармашылығының қоғамдық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін қамтып, дұрыс бағалай отырып, жеке шығармалары жайында да өткір,  қызықты пікірлер айтады. Мысалы, «Жаздыгүні шілде болғанда...» – өлеңі  туралы Абайдың жыры  ырғақ,  музыка құрылысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бұл өлеңіндегі  ақындық бір  өзгешелігі –  ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі қимылды жанды қозғалысты көрсету жандылығы» деген Жансүгіровтің шығармашылығы оңайшылықпен көзге түсе қоймайтын сипат-белгілерді байқағыш, айрықша алғырлығын танытады. Жансүгіров бұлардан басқа «Абай жинағы» («Социалистік Қазақстан»  1937, 6 ақпан), Пушкин шығармаларының Абайға тигізген әсері хақында «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді» («Қазақ әдебиеті, 1934, 10 ақпан), Ғ. Тоғжановпен бірге  Абай әндері жайлы «Қазақстан  ән-күй» («Еңбекші қазақ», 1931, 2 қараша), «Абайдың әйел теңдігіне атсалысуы» («Әйел теңдігі», 1927. №2) деген мақала жазды.

«Бұлбұлға» (1915), «Әншіге»(1916) өлеңдерін жазған тұстан-ақ Ілияс өзіне тән ерекше мәнерді, өзгеше сарынды, кең эпикалық тынысын тапқан еді.
Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып.
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық.

Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп,
Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып;
Қанды қозғап, тамырды солқылдатып,
Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп.

Шырқатып, шыңғырасың шымырлатып,
Төмендеп түсіресің сыбырлатып;
«Мұңдым-ау! Мынау сенің мұңың ғой», – деп,
Маған да әкелесің қыңырлатып,   (Бұлбұлға)
немесе:
Тамырды солқылдатып, ойды қозғар,
Жүректі тебірентіп, ішті жылытар.
Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.

Еліртер, екілентер, елжіретер,
Толғантар, толғақ салар, толықсытар;
Аспанға ащы даусың шырқап, қалқып,
Қоңырлап, көмей қайта аңыратар.  (Әншіге)

Бейне біткен қайыңдай, 
Білегі мінсіз балғынның.
Ақша төсі айдындай, 
Шашы сенің, шалғының.

Қасы сенің қабағың, 
Лебі сенің лебіңдей. 
Саусағы сенің шабағың, 
Шынтағы шыбық өрімдей. (Көлге) – не деген тәтті теңеулер! Мұндай теңеулер, эпитеттер, метафоралар, метонимиялар, синекдохалар Ілияс жырларында  көптеп кездеседі.
Жайлауым желді қарағай,
Жайлауында елі жарасқан.
Жанымда жайлау жағалай,
Жанса, қалай жақ ашпан.
Қарағайың сыңысып,
Қалың малың қаптаған.
Қара бұлт боран, бұлықсып,
Қара інген тауды қап саған.
Туырлықтай тұманда
Тұмшаланды тұғыл сай,
Тобылғы торы құнандай,
Томсарды қасы қапсағай.
Шоқшиған шұбар шоқының
Шоғырланса ұшпа ұшынан.
Шолақтың лоңқа шоқтығын
Шолады көкте күшіген,
Ол күнде біз бала едік,
Оздыра құнан шауып ек.
Орғыта ойнақ сап едік,
Ойнай қозы бағып ек.
Жалбағай тымақ, жауқияқ
Жауырынымызға жабысқан;
Жая шыққан қозы-лақ
Жамырауға жарасқан. (Желді қарағай)

Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың.
Ақиланған ашумен
Ақтарды асқар сабасын.  (Ағынды менің Ақсуым) – неткен сурет, неткен пейзаж. Жансызды жандыға айналдырып, жандыға тіл бітірер ерекше дарын иесінің қаламынан туған шедевр десең болғандай. Жоғарыдағы шумақтарда аллитерация мен ассонанстың озық үлгілері мысалға келтірілді.
«Жетісу суреттері» Ілекеңнің эпикалық кең тынысын алғаш көрсеткен шығарма. Қазір оқысаңыз, тура бүгін жазылғандай әсер береді. Туған жерді  сүйген жанның тебіренісі. Ол таудың, судың, аң мен құстың барлығын ағылып-төгіліп жырға қосады. Кезінде бұл шығарманы  Мұхтар Әуезов ерекше бағалаған.
 Аршалы, Амантекше, Қарасырық,
 Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық,
 Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек,
 Суығы соғып тұрад аласұрып.
 Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
 «Бәйгеге» қосад өзін таң асырып.
 Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
 Қойыпты сәуекендей жарастырып.
 Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
  Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей,
 Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
 Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
 Талақтай талаураған Баян – жүрек,
 Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
 Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей. Мұнда Ілиястың тіл байлығы да, Жетісу табиғатын ерекше танитындығы да, аса кең эпикалық тынысы да байқалады.
Күлдірлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап,
Бота күй маймаң қақты үн былқылдап.
Қоғадай салбырасып хан, қарасы,
Намазға ұйығандай отыр тыңдап.

Қаққанда деген күйді «Терісқақпай»
Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай.
Домбыра айналаға дүбір салды,
Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай.

Тартқанда батыр күйін «Қорамсақтай»,
Ақ түтек тұра ала ма боран соқпай.
Ару боп ат артында қалмақ қызы,
Безектеп перне басты шынашақтай.

Күй алды Бақанастың қара өзегін,
Дауылдай бұрқыратып ебелегін.
Қара жер қалқып барып қата қалды,
Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».

Үн қылып домбыраның өндіршегін,
Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін,
Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды,
Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін» (Күйші). Ілияс күй табиғатын терең түсінген. Әйтпесе  әр күйді түсініп, ол туралы  жыр тілінде осындай мағлұматтар бере алар ма еді?! «Мұндай мазмұн шындығы, характер байлығы, терең мәнділік кез келген монументальдық романға жүк болар еді», – деп жазды Әбіш Кекілбаев 1967 жылы. Шынында мұнда оқиға да, тәуелсіздікке, азат күнге ұмтылған қазақ жанының айнасы да көрініс тапқан. 
Ілекеңнің «Құлагер» поэмасы – ерекше шоқтығы биік шығарма. Мұнда қазақ өмірінің  тұтас полотносы жасалған. Әсіресе осындағы ұлттық бояу, ұлттық колорит ерекше көзге ұрып тұр.
«Көр, әлеумет, жарандар!
Көмбедегі адамдар,
Маған құлақ тігіңдер,
Келген атты біліңдер,
Айтайын қайсы біріңді,
Жиылды жүйрік, жиылды!
Ойың менен қырыңды
Жиған асқа бүгінгі
Кімдер келмей қалысқан,
Аяқ жетпес алыстан,
Құлақ жетпес дабыстан
Жиылды осы көмбеге,
Шапқалы тұр бәйгеге
Бөкен санды бурылдар,
Шапса мыңнан суырылар
Жылқы малдың жүйрігі,
Серке санды Құла бар,
Қозыбайдың дүлдүлі
Келген атты біліңдер!
Серпінді Көк бұ да бар,
Қайсы бірін айтайын;
Шапса желдей зулатқан,
Шудың бойын шулатқан,
Меруерт жолдас Ақсұр бар.
Сырдың бойын сілтідей
Тыйып жүрген Қызқара,
Осы жолы бақ сынар.
Қайсы бірін айтайын:
Бәйге бермес ұдайы
Ұлытаудың Құбайы.
Қашағанның құдайы
Қаратаудың Құмайы,
Қыпшақтың Ақбақайы,
Қырғыздың Көктопайы,
Ақшатаудың Аласы,
Көкшетаудың Құласы,
Ертістен Елік-құбақан,
Есілдің Қасқабұласы,
Айтайын қайсы біріңді;
Жиылды жұрт, жиылды.

Аралдың Ала үйрегі,
Жарылқаптың Жирені,
Балқаштың бейпіл Бөртесі,
Семейдің Сұр серкесі,
Төстен түлкі қоймаған
Тобықтының тұйғыны –
Жамбылторы осында,
Жауғашардың жүйрігі,
Қайсы бірін айтайын;
Алатаудың басынан
Ақ қанат Кер келіп тұр
Аузымен құс тістеген;
Жалғыз озбайтын құспенен.
Шапса екпіні дауылдай,
Ала көйлек арудай
Сыпыра басып, сылаңдап,
Көкала жүр бұлаңдап.
Қайсы бірін айтайын;
Алуан-алуан күліктің,
Асқан-асқан жүйріктің.
Қосылып тұр отыз боз,
Жиырма жирен, қырық қара,
Кердің өзі екі жүз.
Тағы, тағы, тағы да,
Таласып тұр бағына:
Тоқсан торы, жетпіс көк,
Ала, құла саны жоқ...» (Көмбе) Осындағы делебені қоздыратын, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын  әрбір қазақтың жан дүниесі кереметтей ашылған. Мәселен «Күрес» деген бөлімдегі мына жолдарды еске түсірейік:
Ду етіп Арғын жағы күліп алды,
Аңырап Найман жағы тұрып қалды.
Аруақтап, әулекілер айғай салып,
Қорқақтар қояндайын бұғып қалды.

Күрс етіп жүнді қара жерге түсті,
Үстіне балуан сары міне түсті.
Бастырмай тізесімен қақты қара,
Алып қой, бөрі басар ол да күшті.

Екі айғыр бір-біріне салды тісті,
Қараның көрінеді алды күшті.
Таласты тамашаға қос құтырған,
Мәз қылып қырдағы үлкен мәжілісті.

Аударып және Жақып, және басты,
Допша атып бірін-бірі домаласты.
Лақтырып бірін-бірі бөрікше атып,
Екеуі жығыса алмай, қайта ұстасты.

Ұсатты аяқтары басқан тасты,
Көк қырқа жұлмаланып, шаңдақ басты
Қонақтап отыра алмай қойдай шулап,
Екі жақ «А, құдайлап», аруақтасты. 

Сарыны қара көкпар лақ қылды,
Ұршықтай үйіргенде ылақтырды.
Екеуі өлерменге жеткен кезде,
«Айыр!» деп, халыққа ояз жұбап қылды.

Арғын жақ «Жығылды!» деп, шулап тұрды,
Найман жақ «Жыққан жоқ!» деп,
            жанжал қылды.
Сірескен шайнасумен екі арланды,
Кереші кісілер кеп екі айырды. (Күрес) – осындағы адам характерлері, қаншама жанның бейнесі ғажайып ашылады емес пе?! Тіпті бүкіл қазақ бейнесі Ілияс тіліне сыйып кеткендей әсерде қаласың. Ілиястың шұрайлы тілі, өр екпіні, көркемдік кестесі шығандап биігіне шыққан.
Сонау 1929 жылы: «Гималай – көктің кіндігі, Гималай – жердің түндігі», – деп жазып кеткен Ілияс ақынның өзі де қазақ эпикалық поэзиясының қол жетпес Гималайына айналғалы қашан! Осы уақытқа дейін жазба поэзиядағы  бірде-бір ақын қазақ поэмасын Ілияс көтерген биікке көтере алған жоқ деп берік сеніммен айта аламыз. Бұл бүгінгі  125 жылдық мерейтойдағы тоқетер сөз. Оған куә – қайталанбайтын  «Күй», «Күйші», «Құлагер» дастандары.
Сонау бала кезімде «Құлагер»  атты кітап қимасыма айналған еді. Менің ғана емес, 41000 қазақтың. Соның  алғашқы бетіндегі түлкі тымақ киген  Ілекең бүгін төрімізде отырғандай сезімде тұрмын. 
Ендеше, Ілекеңді,  бүкіл қазақты  мерейлі тоймен құттықтап, жырдан шашу шашайық:
Отыздың ойранында қапы кеткен,
Аталып келе жатқан аты көптен.
Құйғытып, құйылдырып, құйындатып,
Қазақта Ілиястай ақын өткен.

Жырларын себезгілеп, сіркіретіп,
Біресе Рағиттай күн күркіретіп
Қазақта Ілиястай ақын өткен
Дулатып, дуылдатып, дүркіретіп.

Өлеңнің ақ самалын аңқылдатып,
Шабытын шон қыранның шаңқылдатып.
Боз айғыр – боз аспанның сауырында,
Көк қамшы – найзағайын жарқылдатып.

Ақ таңын Алатаудың сібірлетіп,
Даланың мөлдір шығын дірілдетіп.
Жырлары Ілекеңнің көшкен қырда,
Гулетіп, гуілдетіп, гүрілдетіп.

Біресе әуелетіп, биіктетіп.
Ұшырған жыр – қаршыға сүйікті етіп.
Өлеңін Ілекеңнің оқығанда,
Дүркіреп баратқандай киік кетіп.

Сезімнің құлындарын шұрқыратып,
Ауылдың будақ-будақ бұлтын атып.
Соғады кей кездері Ілияс-жыр,
Борандай алай-түлей бұрқыратып.

Жүрегін талай жанның лүпілдетіп,
Сәулесін асыл сөздің шүпілдетіп.
Изенің бас изелтіп иір жардың,
Аңыздың ақ селеуін үлпілдетіп.

Көріктей кеудесінде от гулетіп,
Жаныған жігеріңді өткір де етіп.
Ағады таудан төмен кейде өлеңі,
Арындап, Ақсудайын екпіндетіп.

Мұрасы сарқылмайтын қалды көпке,
Жанады жұлдызы оның мәңгі көкте.
Қазақтың тамырында қан ойнатып,
Соғады Ілияс-жыр әр жүректе.


                         Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқарма төрағасының орынбасары, ақын, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі