САҒЫНЫШҚА ТОЛЫ 40 ЖЫЛ: АНАМДАЙ ЕДІ АСЫЛ ЖЕҢГЕМ

Уақыты: 19.10.2019
Оқылды: 2632
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қабылиса ауылында ғұмыр кешкен, бойына асыл қасиеттерді жинаған, пендеге тек жақсылықтан өзге ойламаған, жүрегі мейірім-шапағатқа тұнған анамдай асыл жан Макира жеңгемді үнемі мақтан тұтамын. Өмірден өткеніне 40 жыл өтсе де, оның шуақ шашқан шырайлы жүзі әлі күнге көз алдымда тұр. Міне, бүгін жүрек түкпірінде жатқан сыралғы сырды баян етуге бел будым.

1955 жылы әскери борышын өтеп жатқан Қабимолда (Қабыкен) ағайым ауылға бір айлық демалысқа келді. Мұқа әкесі мен Сәтбала анасының қуаныштан жүректері жарыларға шақ қалды. Мойнына бұршақ салып жүріп Құдайдан тілеп алған жалғызын бір жарым жылдай көрмепті. Содан ба, екеуі көз жасына ие бола алмай, бір егіліп алды. Ал ұлының әскери баскиім кигеніне біз мәзбіз.

Сол күні түстен кейін бөлем Қабыкен ағаға ілесіп, орталыққа келдік. Ағаның әр қадамын жіті бақылап жүрмін. Себебі, анасы Сәтбала мен туған анам Жамал (екеуі апалы-сіңлілі) мені оңаша шақырып, кімнің қызымен кездеседі, соны біліп келуді қатаң тапсырған.

Ұжымшар кеңсесіне кірдік. Ол кезде мен үшін басқарма кеңсесі Кремль қабырғасына пара-пар еді. Жүрегім аузыма сыймай дүрсіл қағады. Түпкі кабинетте отырған талдырмаш қыз қарсы алды. Бала болсам да менің ішкі сезімім араларында бір байланыстың барын сезіп қойды. Жайлап сыртқа шыға бергенімде: «Әкежан, қайда барасың?» – деген қыздың жұмсақ дауысы жүрегімді елжіретіп жіберді. Бұл менің Макира жеңгеммен алғашқы кездесуім еді. Содан бері 64 жыл өтсе де, жеңгемнің сол дауысы құлағымда жаңғырады.

Келесі жылы Қабыкен аға әскерден оралып, желтоқсан айында кеңседегі сұлу Макира Ойшықызына құда түсуге нағашымыз Оразалы, әкесі Мұқа, Мұқа ағаның бажасы, менің әкем Бәзіл, Мұқа ағаның жеңгесі Маштақ бірлесіп, Қадыр ағасы мен анасы Қайныш апайдың алдынан өтіп, құдалыққа қол алысып, ақпан айына ұзату тойын белгіледі. Содан той-тойға ұласып, ақ көбік қарды аспанға атқан шанаға қостап ат жеккен Құрмантай, Быжыбек, Қасым ағалар Қабыкен ағаның табалдырығын аттады. Осы сәтті Қабыкен аға өз естелігінде:

Макира, бір ауылдың түлегіміз,
Бір екен ниетіміз, тілегіміз,
Мәңгілік мен өзіңе ризамын,

Қосылған бір арнаға жүрегіміз, – деп жырға қосыпты.

Макира жеңге (мен ол кісіні жеңге деп атамай, анамдай көретінмін) келін болып түскен бойда ата-енесінің, ағайын-туыстың бабын тауып, салт-дәстүрді жетік білетін енелерінің сырласына айналды. Қабыкен аға он шақты үйге ортақ бала болғандықтан Макира жеңгем де он шақты үйдің шаруасына етене араласып, қамқор келін атанды. Дастарқаны мол, пейілі кең жомарт болды.

Келіннің қайындарына ат қою дәстүріне сай, ертеңін ойлаған ойлы жеңгем кеңседегі мен естіген «әкежан» деген атты маған арнаған екенін сонда ұқтым. Қабыкен ағаның шаңырағында кешкен ғұмырында тіршіліктің талай қуанышы мен қиыншылығын тартса да табандылығы мен тегеурінділігінен танбай, жүрегінің жылуы мен әйелдік әдебін жоғалтпай, айналасындағыларға ізгілік пен ілтипатымен мейірімін төге білді. Сонымен қатар, «Куйбышев» ұжымшары бухгалтериясында есепші болып еңбек етті. Жұмысқа бірге барып, бірге қайтатын Күлғайша замандасы екеуінің еңбекқорлығы, ауызбіршілігі, кішіпейілдігі келіндерге үлгі-өнеге еді.

Жұмыста алымды, бекзат болмысты, байыпты да байсалды Макираның ұжымда мерейі үстем болды. Бұл қасиеттер оған анасының сүтімен сіңген. Макира жеңгеміздің үлкен атасы Аязбай, кемпірі Рәзия, бауыры Қадыр, анасы Қайныш, сіңлі-інілері Манура, Күләш, Гүлзира, Асқарлар білімді де білікті жандар. Аязбай, Рәзия, Қадыр, Қайныш, Жаңылған құдалармен Мұқа, Сәтбала, Бәзіл, Жамал ата-аналарымыз бірліктің, татулықтың, сыйласымдықтың үлгісін көрсетіп, бірін-бірі құдайындай құрметтеп өмірден өтті. Бұл игілікті істе де Макира жеңгемнің еңбегі зор. Жеңгеміздің көзі болған құдалар ұрпақтарымен байланыс жібі үзілген емес. Құда «мыңжылдық» деген осы болар.

Әйел затын аялау – халқымыздың ұлттық болмысына тән қасиеттердің бірі. Макираның Бәзіл, Жылқайдар, Көкен, Ахмет, Есімбай секілді ауыл ақсақалдары кісілігін, ізеттілігін, салт-дәстүрді қадірлей білуін бағалады. Абыз ағалар қысқы соғым басы берілгенде немесе мерекелік бас қосуларда үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге ілтипаттары, келіннің енеге, ененің келінге мейірімі ерекше болатынын айтып отыратын. Бұл отырыстар біздер үшін үлкен өмір мектебі болды. Алқалы жиындарда көптеген аталы сөзді, баталы ниетті, адамгершілік сырын ойға тоқыдық, санамызға сіңірдік.

Тағы бар ақыл қос қанат,
Көтерер зіл мен батпанды.
Ақылың болса аспен ат,

Өзіңді таспен атқанды, – деген нақылды үйрендік. Сол үрдісті жалғастырып ұрпақ бойына біз еге алсақ үлкендер аруағы разы болар.

Әйел-ананың өмірдегі орны әрдайым биік. Жарық дүниеге бала әкелуден асқан ұлылық бар ма? Жалғыз бала Қабыкенді көбейтті, көгертті, ауыл келіндеріне үлгі-өнеге үйретті. Өмірге сондай құштар еді-ау асыл жеңгем. Әттең, өмір жолы тегіс емес.

Макира жеңгеміз өмірге екі қыз, алты ұл әкеліп, 1979 жылы 6-шы ақпанда өмірден өтті. Ардақты анамен қимай қоштастық. Осы бір қаралы сәтте:

Болашақтан күткен едік көп үміт,
Кім ойлаған, алдан тосар қиындық.
Аруағың риза болсын, Макира,

Есімізде сақталасың мәңгілік, – деп Қабыкен аға мәңгілік ұлағатты естелік қалдырыпты.

«Орнында бар оңалар» дегендей, Сәтбала анамыз балаларды ерекше мейірімге бөлеп өсірді. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Кейінгі Қадиша жеңгем де ерекше балажан, мейірімді де есті болды. Балалар таршылық көрмей өсті.

Макираның кең пейіліне бөленіп өскен балалары Гүлшаруан, Наушаруан, Мұрат, Мәлік, Мәулен, Дәулен, Қабдыл, Әділ өздері отау құрып, құдандалы болып, немере көріп, бақытқа бөленіп отырған бір-бір шаңырақ иелері. Ардақты әке, елдің атпал азаматы Қабыкен ағаның мол байлығы – ұрпағын өсіріп, жеткізіп, немере-шөбере көріп, мәңгілік сапарға аттанғанына да біраз жылдың жүзі болды.

Тәңірім кешіре гөр кесірімді,
Аспанға жазам сенің есіміңді, – деп Мұқағали ақын анасын жырласа, адами қасиеті мол ардақты азамат Қабыкен аға:

Мағынасын жоймаған ескі сөзді,
Қадірле, балам, есті сөзді.
Бата арқылы ұрпақтың өркені өссін,

Бастайын бісмілләмен жақсы сөзді, – деп басталатын «Бейне естелік» атты кітапта Макира рухын әспеттеп, ұрпаққа өнегелі істерді мұра етіп аманаттапты.

Тал бесіктен басталған өмір жер бесікке тірелер. «Мәңгі өмір жоқ, мәнді ғұмыр бар» демекші, өнегелі ғұмыр кешкен, айрандай ұйыған кешегі бір шаңырақ иелері Мұқа, Сәтбала, Қабыкен, Макиралардың жандары жаннатта, жатқан жерлері жұмсақ болғай! Ұрпағы тектілігін жоймасын деп дұға етемін.

Сайлаубай БӘЗІЛҰЛЫ,

Көксу ауданының Құрметті азаматы

Алматы облысы